«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛГЕ ҚАРСЫ ӘРЕКЕТ

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының маңызды стратегиялық басым бағытының бірі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне айрықша назар аударды. Аталған Жолдауда Елбасы: “Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс. Жемқорлық жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады. Біз түпкі мақсатымыз – жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек”, – деп атап көрсетті.

Президенттің бұл тапсырмасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қозғаушы күшіне айналды.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес дәйекті де мақсаткерлікпен жүзеге асырылып келеді. Бұл орайда Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып “Сыбайлас жемқорлық туралы”, “Мемлекеттік қызмет туралы” заңдарды қабылдады. Сондай-ақ, Президент жанында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша комиссия құрылды.

Елбасы өзінің “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында Үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасындағы қажетті қаржылардың тиімді және оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

“Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. “Нұр Отан” осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң бақылау орнатуы тиіс”, – деп нақты тапсырма берді.

2008 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының жанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы Конвенция бекітіліп, ол халықаралық деңгейде осынау әлеуметтік кеселмен күрестің мақсаттарын, негізгі ұстанымдары мен шараларын белгіледі. Соған орай елімізде ауқымды нормативтік-құқықтық негіз қаланды. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалары дәйекті және ойластырылып қабылданғанын атап көрсетуде.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлықпен күресте халықаралық келісімшарттарды жүзеге асыру және тәжірибе алмасу мақсаттарында ТМД-ның және Еуропа елдерінің өкілетті органдарымен тығыз байланыс орнатқан.

Біздің еліміз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қауымдастығының (Пекин қаласы), Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (Париж қаласы) сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі іс-қимылының Стамбул бөлімшесінің және ТМД-ның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің мүшесі болып табылады.

Сонымен бірге Қазақстан 2014 жылдың 3 ақпанынан бастап 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының жанынан құрылып, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуде озық тәжірибені тарататын орталықтың қызметін атқаратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы Халықаралық академияның толыққанды мүшелігіне алынды.

Бұл кеселмен күресте бұрындары жүзеге асырылған бағдарламалық құжаттардың нәтижелері сыбайлас жемқорлықтың одан әрі өршуіне тосқауыл қоятын тетіктерді қалыптастыруда дәйекті жұмыстар жүргізудің орынды екендігін көрсетті. Сыбайлас жемқорлық бизнесті жүргізудің экономикалық және қаржылық негіздерін құртады, мемлекеттік басқарудың тиімділігін кемітеді, инвестицияларды ынталандырмайды, экономикалық дамуды тұсайды, әлеуметтік теңсіздікті тудырады.

Осы орайда мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын одан әрі айқындау мақсатында Елбасының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы Жарлығымен 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия бекітілді.

Бұл құжатта таяудағы онжылдықта сыбайлас жемқорлықтың деңгейін кеміте, мемлекет пен қоғам өмірінің түрлі салаларында оны тудыратын себеп-салдарларды жоя алатын кешенді алдын алу шаралары басшылыққа алынады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуден гөрі, оның алғы шарттарын жоюға күш салынады.

Осылайша бүгінгі таңда жаңа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру мемлекеттік аппарат пен жұртшылықтың аса маңызды міндеті болып табылады.

Стратегияның өзекті бағыттары, негізгі қағидалары мен басым шаралары – мемлекеттік қызмет жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қоғамдық бақылау институтын енгізу, қоғамдық емес және жеке секторларда оған қарсы әрекет, сот және құқық қорғау органдарында алдын алу, осы кеселмен күрес мәдениетін қалыптастыру, бұл істегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту, стратегияны жүзеге асырудың мониторингін жасау.

Бұдан былай мемлекеттік қызметшілерге кірістерін ғана емес, шығындарын да жариялау міндеті жүктелетін болады.

Мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік органдардың да, сондай-ақ қоғамдық емес және жеке секторлар субъектілерінің тұрғындарға көрсеткен қызметтерінде барынша ашықтықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасын табады.

Қамтамасыз ету және құқық тәртібі жүйесінде әділ сотқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету, сот және құқық қорғау органдарының кадр саясатында конкурстық іріктеу тетіктері мен ең лайықтыларға жол беру ұстанымдарын енгізу бойынша шаралар шоғыры көзделген.

Бұл ыңғайда аталған органдардың жұмысында, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда қылмыстардың және құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық беріледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру оқу орындарында, мемлекеттік органдарда, тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес курстарын ашып, жан-жақты оқыту, осы кеселге қарсы мемлекет қабылдап отырған шараларды жариялауға бұқаралық ақпарат құралдарын тарту арқылы жүзеге асырылатын болады.

Стратегияда қарастырылған шаралар міндетті мониторингпен оның екі түрі арқылы жүзеге асырылады. Біріншісі – ішкі мониторинг, оны шараны тікелей орындаушы жүргізеді, екіншісі – сыртқы мониторинг, оны арнайы құрылған топ орындайды. Бұл топқа тиісті мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.

Шаралардың орындалуының барысы туралы есептер жұртшылыққа жарияланып отырады.

Оңтүстік-шығыс елдерінің, соның ішінде Сингапурдың таңдаулы озық тәжірибесі бойынша Мемлекеттік қызмет істері бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды.

Жаңадан құрылған мемлекеттік орган үшін ескерту-алдын алу қызметі басым бағыт болып табылатынын атам айтқым келеді. Мемлекеттік қызмет істері бойынша және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті мақсаткерлікпен жүргізе отырып, оған нағыз теріс көзқарасты қалыптастырады.

Департамент қызметінің басым бағыттарына сәйкес мемлекеттік қызметшілер тарапынан бизнеске заңсыз килігудің жолын кесу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторийдің аяқталуына байланысты облыстың бақылау-қадағалау органдарының басшыларына заңсыз тексерістерге жол берілмейтіні туралы хаттар жіберілді.

Облыстық деңгейде тұңғыш рет “СҚО бизнесін қорғау” (www. zashita-msb.kz), “СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум алаңы” (www. stop-korrupciya.kz) сайттары іске қосылып, әлеуметтік желілерде және бейнепорталдарда тұрақты негізде жұмыстар жүргізілуде. Аталған сайттар өңір кәсіпкерлерінің департамент басшысына тікелей хабарласуына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша тұрғындармен кері байланыс жасауға және облыста сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтауға арналған.

Департаменттің атап көрсетуі бойынша әкімгершілік кедергілерді жоюда бір кәсіпкердің құқығы қорғалды және Петропавл қаласы әкімінің өкімімен сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Біздің жұмысымыздың маңызды бір бағыты – жұртшылықты сыбайлас жемқорлықпен күреске тарту. Атап айтқанда, Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне арналып “Жастар форумы” өткізілді. Оған студенттер, жастар ұйымдары, “Жас Отан” жастар қанаты, әкімдіктердің, құқық қорғау және сот жүйесінің, “Нұр Отан” партиясының өкілдері қатысты.

Аталған стратегияны жүзеге асыру мақсатында департамент жастар ұйымдарымен меморандумға қол қойды. Бұл құжат тұрғындардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру бойынша бірлескен шараларды өткізуді көздейді.

Сондай-ақ, департамент жанында қоғамдық кеңес құрылып, оның құрамы мен ережесі бекітілді. Кеңеске қоғам қайраткерлері, депутаттар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді.

Департамент рейдтер жүргізіп, мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттарда қызмет көліктерін пайдалануының фактілерін анықтады. Мұндай шаралар тұрақты жүргізіліп тұратын болады.

Департаменттің тәртіп бұзушылықты тексеру қызметіне келер болсақ, бұл қолға алынған кезден бастап Тәртіптік кеңестің екі отырысы өткізіліп, оларда 10 іс қаралды. Отырыстың қорытындылары бойынша 7 адамды қызметінен босатуға ұсыныс жасалды, 2 адамға қызметіне толық сай еместігі ескертілді, 1 адамға қатаң сөгіс жарияланды.

2014 жылда барлығы 12 отырыс өтті. 42 адамға жаза қолдануға, соның ішінде 16 адамды сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша қызметінен шығаруға және 17 адамға қызметіне толық сай еместігі үшін ескерту жасауға, 6 адамға Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін сөгіс беруге және 1 адамға ескерту жариялауға ұсыныс жасалды.

Көп ретте мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзуы мемлекеттік сатып алуларда, қаржы тәртібін сақтауда өздерінің материалдық мүдделерін көздеп, лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, нормативтерді сақтамауына байланысты болады.

Департамент мемлекеттік сатып алу жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қолдану мақсатында үстіміздегі жылдың 28 қаңтарында облыстық әкімдіктің, прокуратураның, қаржы бақылаудың лауазымды тұлғаларының, мемлекеттік сатып алу жүйесі, кәсіпкерлер палатасының және басқа шаруашылық субъектілерінің басшыларының қатысуымен семинар-кеңес өткізді. Проблемаларды зерттеу, сондай-ақ, ұсыныстарды жасап, шешімдер қабылдау мақсатында тұрақты үнқатысуды ұйымдастыру көзделуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент жүргізіп отырған шаралар кешені жұртшылықтың кеңінен қатысуымен өткізілуге тиіс. Өйткені, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді болуы үшін онымен күреске мемлекеттік аппарат қана емес, сонымен бірге барша жұртшылық тартылуы керек.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия көздеп отырған қоғамдық бақылауды енгізу бұл кеселдің алдын алуда ықпалды тетік болып табылады.

Тұрғындар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға келтіретін зиянын, оған жол бергендердің қандай жауапкершілікке тартылатынын біліп отыруы керек.

Әділбек МҰҚАШЕВ,

 Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp