«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘН ДЕСЕ, КӨҢІЛІ ЕЛЕҢДЕП …

Адамның кейде күнделікті тірліктің күйбеңімен жүріп, кейбір жақсы дегеннің өзіне көңіл бөле бермейтін кездері болады. Оған көңіл бөлуге кенеттен бір оқиғаның әсер етуі мүмкін.

Менің осы мақалама арқау етіп отырған азамат, өңірімізге әйгілі ұстаз, әнші, бүгінде зейнеткер Қарақат Шалабаев ағамыз жайында толғанысқа берілуіме де осындай жағдайдың түрткі болғаны рас. Бірде шабыт айдынына күмп беріп, жүрегіме жыр шумақтары ұялап отырып, республикалық радионың «Шалқар» бағдарламасынан беріліп жатқан концертке құлақ түрдім.

Ұшына орамалдың түйдім сусар,

Көп жылқы көкалалы көлде жусар.

Кешегі ел қыдырған есер шақта

Ән еді Біржан салған «Жамбас сипар»…

Мөлдір әуен, шырқауы биікке өрлеп, бойды баурап барады. Біржанның бұдан басқа да бірнеше әндері орындалды. Содан соң Ақан серінің «Сырымбеті» әуеледі. Сегіз серіден екі-үш ән шырқалды.

Япыр-ау, мынау тамаша тенор дауыстың иесі кім екен, деп ойланып отырғанмын. Радиодан көптен бері естімеген әнші. Мәдениет Ешекеев пе, әлде Әскербек Еңкебаев па?

Сөйткенімше болмады, диктор «Қазақ радиосының алтын қорынан сіздер, құрметті радиотыңдаушылар, Солтүстік Қазақстан облысында тұратын әнші Қарақат Шалабаевтың орындауында Біржан салдың, Ақан серінің, Сегіз серінің әндерін тыңдадыңыздар», – деп түйіндеді.

Қуанғаным сондай, «Жарайсыз, Қарақат-аға!» деп орнымнан тұрып кетіппін. Лезде осынау кескінді, Абай атамыз айтатын: «Ақырын жүріп, анық басатын» ұстаз ағайдың биязы, күлім қаққан дидары көз алдыма келе қалды. Қуанғаным шындық. Сонымен бірге, баритон дауысты жақсы әнші Рақым Бисариннің де тұлғасы елес беріп өтті.

Бірі Жамбыл ауданындағы өзім туған Амангелді, екіншісі сол маңдағы Есперлі ауылында мектеп басқарып жүрген тел қозыдай екі ағам, түйдей құрдас, бір ағаштың қатар өскен қос бұтағындай екі әнші – мақтанышымыз. Екеуі де – сахнаның сәні, әнді таңдап, талғап салатын, құр айғайға баспайтын, сонысымен нағыз саңлақ өнер иелерінен, небір күміс көмей әншілерден ақ бата алған. Осы жерде айтарым, бұлар музыка, дәстүрлі ән орындау бойынша арнайы мамандық иеленбесе де, өңірімізден асып, республикалық радиодан бірнеше мәрте үндерін қазақ даласына естіртіп жүрді. Демек, әншілік өнерде олқылығы жоқ, сыннан өткендер деуге лайық.

Қақаң бүгінде Бескөл ауылында зайыбы Ермек Ырыскелдіқызымен бақытты тұрмыс кешуде. Қарақат ағай туған ауылдағы мектеп басшылығын жас ізбасарларының біріне тапсырып, Қызылжарға көшіп келгенді. Сол жылы ерлі-зайыпты ұстаздар қалалық классикалық гимназияға қызметке алынған.

Қарақат ағай сөйлесе сөздің майын тамызатын тілге шебер, әдебиеттің білгірі, қаламы жүйрік, оқығаны мол, білімдар ұстаз. Оның бұл дәрежеге жетпеуі де қисынсыз еді. Өйткені, алдында тамаша әдебиетші, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» немере ағасы Мағел Басыбаев өнеге көрсетіп, Қарақат Ысқақұлы да ұстаздықты өмірлік таңдауы етіп алған. Сол жолынан таймастан, осы біліктілігін классикалық гимназияға бар жан-тәнімен арнап, әрбір сабағын өзге жас әріптестеріне ғибрат етіп өткізе білді. Ол жоғары сыныптарға дәріс бере жүріп, осында қосымша «Абайтану» курсын оқытты.

Зайыбы Ермек тәтеміздің жетістігі де олқы емес. Ол «Жамбыл» кеңшарындағы орта мектепті орысша тамамдаған. Кейін қазақ тілінің мынау деген маманы болып шықты. Бастауышта сабақ берді. Қарақат ағаймен шаңырақ құрғаннан кейін кеңшардың бөлімшесі Амангелді ауылында тұрғанда жұбайының ықпалымен туған тілді қайта оқып шыққандай болды. Бірнеше арнайы курстарда білімін жетілдірді. Оның үстіне, нағыз ұстазы өзінің шаңырағындағы жұбайы – Қарақат ағай болған соң Ермек Ырыскелдіқызы әбден ысылып, ақыры туған тілде бастауыш сыныптарға арнап көмекші құрал ретінде кітап шығарды. Ал ағайдың іс-тәжірибесі мен оқыту әдістері республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінде және білім, оқу саласының арнайы басылымдарында жарияланып жүрді. Соның әсері болар, 2002 жылы оның ұстаздық өмірін арқау етіп, Қаракөз Смәділова деген журналист арнайы келіп, «Білім» баспасынан «Қалдырған ізі мәңгілік» деген кітап шығарды.

Мақаламның мақсаты Қарақат ағайдың әншілік өнері жайында болса да, алдымен ұстаздық жолының арнасына түсіп кеттім. Бірақ екеуі егіздей етене өнер емес пе?!

Қазақ «Тегінде бар ғой» деп тегін айтпайды. Мен осы оймен Қарақат ағай тұратын Бескөл ауылына арнайы ат басын тіредім.

– Марқұм анам әнші еді, – деп бастады ағай әңгімесін. – Бір ауылда тусаң да, сен жассың ғой, әрі қалаға ерте көшіп кеттің. Көп жағдайды біле бермейсің. Ол кездері ауыл тірлігі сүттей ұйыған ырысты, берекелі. Біз бір үйде екі отбасы тұрдық. Ағайын арасында ірге бөлу деген жоқ. Әй-шай деспей тұрмыс құрды ғой шешелеріміз. Сонда үлкен үйде от жағып отырып, шешем пеш алдында беті жанған жалынмен алаулап тұрғандай нұрланып ән салушы еді. Дауысын аса көтермейді, бірақ өнері барын іштей, бала да болсам, сеземін.

Кейде той-думандарда абысындары, көпшілік қолқалап ән салдырады. Ер-азаматтардың, әсіресе, қарттардың көзінше бар дауысын шығарып шырқауға қымсынады. Сонда қарттардың бірі:

– Қысылма, қарағым, лайықты өнеріңді әйгіле. Жасқа ғибрат, үлкенге тарту болсын! – деп ақ батасын беріпті.

Бір мезет әңгіме үстінде ағай жымиып алды.

– Әншілік әкем жағынан да дарыпты. Өйткені, Қайрөш ағам да тәп-тәуір әнші болды. Халық әндерін шырқағанда, сүйсініп отырушы едік.

Осы сәтте көз алдыма сұлу кескінді, бір қолының саусақтарының кемдігі бар, үнемі күлімсіреп жүретін, балалар жақсы көретін орта бойлы ағайды елестеттім. Саусақтарының кемдігі соғыс кезінде Қарағандының фабрика-завод оқуына елден еріксіз жиып әкеткен бозбаланың бірі болып, кеніште ауыр жұмыс істеп жүргенде көмір басып қалғандықтан кемтарлау болып қалған, кейін ауылда хат тасушы еді. Бақсам, әнші екен ғой.

Қарақат ағай Баян мектебінде оқығанда ән салып, көзге түсіп жүрсе де, түбінде осы өнер өмірлік бір серігім болар деп ойламағанын айтады.

Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, бірде жатақхананың бөлмесінде ән салып отырады. Шешесінен үйренген әндерді орындайды. Осыны естіген бір курстасы:

– Қарақат, сенің мына өнерің маған ұнап тұр. Жүр, мен сені бір жақсы сазгермен таныстырайын, – деп жатақхананың бір бөлек мүйісіне бастап ала жөнеледі.

– Сонда ол мені Ілия Жақановқа алып барды, – деді ағай.

Өзінен ересек курстасы Қарақаттан алты жастай үлкен, Ілия Жақановпен құрдас, Жамбыл облысының Ақтоғай ауылынан екен. Екеуі бір ауылдан болған соң еркін араласады. Ал Ілия бірнеше әндерімен танылып қалған сазгер. Алматыда баспана жағдайы қиын кезде студенттердің жатақханасынан бұйырған бір бөлмеде тұрады.

Бірнеше ән орындатады. Ол шақта Сегіз серінің «Ақбақайы», «Қарғашы» иесін таппай, халық әндері саналып жүрген кез. Біржанның, Сегіздің, Ақанның, Нияз серінің бірнеше әндерін орындайды. Әуелі, әрине, қысылады. Бірақ Ілияның зейін қоя, тіпті, сүйсіне тыңдап отырғанын байқаған соң еркіндей түседі.

– Інішегім, талантыңның барына көзім жетті. Сен әдебиетші болмақсың ғой. Мейлі, таңдауың білсін. Бірақ Тәңір бұйыртқан мына әншілік өнеріңді өлтіріп алма. Дауысың ашық, тенор екен. Тынысың кең. Үйрене түсуің керек. Жүсіпбек Елебековтің, Мәдениет Ешекеевтің орындаушылық мәнерін үйрен. Концерттеріне бар. Опера және балет театрында да тамаша тенор әншілер жүр. Соларды тыңда, – деп ақыл береді.

– Содан бері Жүсіпбек Елебековтің бірде-бір концертін бос жібермеуге тырыстым. Ән салу мәнеріне ден қоятын болдым. Опера-балет театрында Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегін», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сарасын» неше мәрте көре жүріп, Байғали Досымжановтың ән салу машығын үйрендім. Неше мәрте жападан-жалғыз отырып, күйтабақтағы Біржан, Ақан әндерін орындаушылардың мәнеріне көңіл бөліп, жаттап, бойға ұялаттым, – дейді ағай.

Осыны ести отыра үйрену, машықтану ұстаздың тап қасында отырмай-ақ, бар зейінін, ыждағатын арнаған адамға да қонады екен-ау, деп ойға берілдім.

Әңгіме бүгінгі дәстүрлі әншілердің орындаушылық шеберлігіне таман ойысты. Ол қазіргі әншілерден алдымен Бекболат Тілеухановтың өнерін аса жоғары бағалайтынын айтты. Марқұм Жәнібек Кәрменовты сүйсіне еске алды. Қайрат Байбосынов қазақтың дәстүрлі ән өнерінің шоқжұлдызы екенін атап өтті. Солардың ізін басып Ерлан Рысқалидың шыққанын, осы әнші көңілін баурап жүргенін білдірді. Сондай-ақ, айтулы әнші Ардақ Исатаеваның орындаушылық шеберлігін атап өтті.

Өзі әндерін ықыласпен орындайтын Біржан, Ақан, Сегізге қоса, Нияз серіні еске алды. Оның өмірі мен шығармашылығын мамандар әлі де жеріне жеткізе зерттемей жүргеніне қынжылыс білдірді.

– Сегіздің жан аяспас досы әрі құрдасы ғой. Әттең, соның көлеңкесінде қалып қойғандай сезінемін. Әйтпесе, Нияздың «Балқурай», «Гүлдерайым», «Жариям айдай», «Жеңеше-ай», «Ой, көк» әндері ғажап қой, – деп бір серпіліп алды да:

– Әсет Найманбаев та бір төбе ғой, шіркін! Ерлан оның әндерін жақсы орындайды ғой, – деді.

Ғазиз Файзоллаұлының:

Атандым Ғазиз ақын бала жастан,

Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан.

Жүйрікті жорғаменен жетеледім,

Көңілім қалмап еді қиғаш қастан, – делінетін әнінің шынайы иесі Нияз ғой, – дей келіп:

Атандым Нияз сері бала жастан,

Әнші жоқ Қызылжарда менен асқан.

Кешегі Сегіз сері заманында

Көңілім қалмап еді қиғаш қастан, – дегендей орындалушы еді, – деп ақиқаттың бір пердесін ашып қойды.

– Ағай, өзіңіз қазір бір ән шырқап жібермейсіз бе? – дей бастап едім.

Ол:

– Бір ақын:

Бүгінде бой ақаулы, дене мінді,

Сүймейді кәрі көңіл ереуілді, – деген екен. Жетпіс үш жастағы әнім баяғы, бері салғанда, елуімдегідей бола қояр ма екен?.. – деген соң, қыстамадым.

Қабырғада ілулі тұрған домбыра шертілмей қалды.

Ол үстел үстінде жатқан газеттерді парақтай бастады. «Солтүстік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Айқын», ана тіліміздегі басылымдар – оның назарында… Осы биыл, қол қусырып отыра алмайтын Қарақат Ысқақұлы ағайындас інісі Жапар Төлегеновпен бірігіп, туған ауылы, оның асыл азаматтары туралы көркем естеліктер кітабын шығарды. «Ауылым Лияның жағасында» атты бұл еңбегін оқығандар қаламы ұшқыр, тілі шұрайлы қос авторға ризалық білдірді.

Қарақат ағайдың өзі осы Бескөлден салып алған кең де сәулетті үйінен алыстай түсіп, оның сүйікті сазгерінің бірі Біржан салдың «Сырғақты» әніндегі:

Жанып тұрған жас өмір, алқызыл гүл,

Сипаттауға қызығын жетпейді тіл.

Жауқазын – желбіреген жастық шағым,

Өмірдің мағынасына түсіне біл! – деген шумағы ойыма оралып, «Жанып тұрған жас өмір, алқызыл гүл шағынан» алыстаса да, ән десе, көңілі елеңдеп тұратын өнерпаз азаматтың өмір жолына сүйсіндім.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

  «Солтүстік Қазақстан».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp