«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР КҮНІ — НАР ТӘУЕКЕЛ

Редакциямыздың демалыс бөлмесіндегі терезелерді көзімен бір шолып өткен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің өрт сөндiру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі кәсіби дайындық мектебінің бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Серік Битанов гүлді тек бөлмеде ғана емес, жұмыс, демалыс орындарында да өсіру керектігін айтты. Ойдың жүйрігін-ай. Сол сәтте-ақ “Гүл өсіргенді жақсы көреді екен ғой”, – деген ой жылт ете түсті. “Гүл әдемілік сыйлап, адам денсаулығына жақсы әсер етсе, оның топырағы тұтанған отты сөндіруде, өрттің алдын алуда таптырмас құрал болып табылады”, – деп сөзін жалғады. Тұтанған отты ауыздықтаудың қарапайым ережелерін білмейді екенбіз. Бір жылдары дәмхана күйгенде оның иесі газдың үстінде қайнап тұрған сорпаны құюдың орнына су іздеп кетіп, кәсібінен бір-ақ сәтте айырылған екен.

Иә, қою түтінді аңғарғанда бір демде лаулап, дес бермей кететін қызыл жалынның қауіптілігін ғана емес, өмірі өрт өтінде жүретін жандардың жұмысы қаншалықты қиын екендігін түсінеді екенбіз. Осы салада 24 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Серік Битанұлының көргені мен түйгені мол. Талай жалынның лебін сезген оның өртсөндіруші болғысы келетін жастарға айтар ақылы біреу: “Бұл жерде көп еңбекақы аламын деп үміттенбеңдер. Алайда, жұмыстың ыстығы мен суығына шыдауға міндеттісіңдер”. Бұл ақылды кезінде өзі де қатардағы өртсөндіруші ретінде жұмысқа қабылданған кезде аға буын әріптестерінен естіген екен. Әрі егемендігіміздің алғашқы елең-алаң жылдары жұмысқа орналасқан Серік Битанов көптеген әріптестерінің: “Басқа жұмысқа ауыссам ба?” – деп сергелдеңге түскенін жасырмады.

– Экономикалық дағдарыс кезінде де өрт сөндіру қызметінің жұмысы тоқырауға ұшыраған жоқ. Біз сол кезде де оқиға орнына жедел жетуге міндетті едік. Осындай талап қойылғандықтан болар, мемлекет азын-аулақ қаржы бөліп, құрылымның құлдырамауын қадағалады. Тіпті, бұрынғы аудан орталықтарында да өрт сөндіру бекеттері сақталып қалды. Осының арқасында тұтастай құрылымның материалдық-техникалық базасы сақталып, жағдай түзелген кезде олар нығайтылды, – дейді ол.

Бүгінгі таңда өртсөндірушілердің өз міндетін жоғары деңгейде орындауына барлық жағдай жасалған. Алда тек кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды даярлап, олардың біліктілігін арттыру мақсаты тұр. Кейде өртсөндірушілер күні бойы дабыл қоңырауын тосып, қолы бос отырады деп ойлайтынымыз рас. Бұл – жаңсақ пікір. Тілсіз жауды ауыздықтаушылар күні бойы арнайы сабақтарға қатысып, жаттығу жасап, қабілеттерін шыңдайды екен. Себебі, олардың әрқайсысы қауіпті жағдайға психологиялық және физикалық тұрғыдан дайын болуы тиіс.

Өртсөндірушілердің бойында осындай қабілетті қалыптастыруға жауапты подполковник өзі де ізденгенді жақсы көреді. Осы ынтасының арқасында өрт сөндіру қызметінің жұмысын жетілдіру үшін бірқатар жаңашылдықтар да енгізген. Соның бірі – өртсөндірушілерге қажетті суды жердің астындағы құбырдан емес, ғимараттан алу тәсілі.

– Қыс мезгілінде өрт болған жерге уақытында жеткенімізбен, жердің астында үш метр тереңдікте жатқан суды алудың машақаты көп. Қарды тазалап, мұзды ойып, гидрантқа қол жеткен кезде маңдайымыз тасқа соғылғандай күй кешеміз. Көп жағдайда 40-50 жыл бұрын орнатылған гидрант істемейді, не болмаса мұз болып қатып қалады. Осындай қиындықтар жиі орын алғасын, су алудың басқа амалдарын қарастыра бастадық. Ақыры жердің астындағы суға иек артпай, жылы ғимаратқа келіп тұрғанды неге қолданбасқа деген ой туды. “Қызылжар су” ЖШС-мен келіссөз жүргізіп, жобамыздың тиімділігін дәлелдеп, ақыры ойымызды жүзеге асырдық. Ғимаратқа келіп тұрған суды алу үшін арнайы кран қойып, оның аузын далаға шығардық. Жай күндері оның беті жабулы тұрады. Өрт болған кезде жүргізуші кранға жанай тоқтап, үш минутта керек суды құйып алады, – дейді Серік Битанұлы.

Осының арқасында қыс мезгілінде су алу жеңілдеді. 2015 жылдан бері жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстың арқасында он қосын ашылыпты. Алдағы уақытта олардың санын көбейтіп, енді тұрғын үйлерге  кран орнату көзделіп отыр. Өртсөндірушінің ізденімпаздығын, шығармашылық ойлау қабілетін әріптестері ғана емес, басшылық та жоғары бағалайды. Сол себепті 2013 жылы “Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің үздік өртсөндіру бөлімі” республикалық байқауына жібереді. Еліміздің түкпір-түкпірінен 400-дей өрт сөндіру бөлімдері қатысып, материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен біліктіліктерін сарапқа салады. Табиғатынан жауапкершілігі зор Серік Битанұлы байқауға тиянақты дайындалады. Шығармашылық қиялына ерік беріп, өзі еңбек еткен №3 өрт сөндіру бөлімі жайында альбом, бейнесюжет әзірлеп, түрлі сынақтарда білімін дәлелдеп, жеңімпаз атанды.

– Қызметтік жолдың барлық сатысынан өткендіктен, бұл жұмыстың бүге-шігесіне дейін жақсы білемін. Сол себепті, әріптестеріме арналған әдістемелік құрал да жазып, 24 жыл қызметімде көрген-түйгенімді, жинақтаған тәжірибемді қағаз бетіне түсірдім, – деген ол жас әріптестерінің кәсіби даярлығына аса мән береді. Себебі, оқиға орнына жеткен өртсөндірушілер алдымен күшті қайда жұмылдыру керектігін білуі тиіс. Оның өзінің бес қағидасы бар екен. Егер өртке оранған ғимаратта адам болса, алдымен олар құтқарылады. Ал ғимаратта адамдар жоқ, газ баллоны болса, онда өртсөндірушілер жарылыстың алдын алады. Яғни, газ баллонын тауып алып, қауіпсіз жерге шығарады. Егер ғимаратта адам да, газ баллоны да болмаса, онда өрт ошағын сөндіруге басымдық беріледі. Өртті сөндіруге жеткен әр маман осы қағиданы басшылыққа алуы тиіс және дұрыс әрекет етуі қажет.

Бір сөзбен айтқанда, тілсіз жау терезеңнен телмірген кезде ғана еске алатын өртсөндірушілерге артылған міндет те, жауапкершілік те зор. Біреудің салғырттығы үшін басын өлімге тігіп жүрген олардың әр күні – қауіп-қатерге толы.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp