
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында облыстық инвесторлар кеңесінің алғашқы отырысы өтті.
Алқалы жиынды инвесторлар кеңесінің төрағасы, облыс әкімі Ерік Сұлтанов ашты. Шараға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, Инвестициялар және даму вице-министрлері Ермек Көшербаев пен Рахым Ошақбаев, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, “ҚТЖ” ҰК” АҚ вице-президенті Бауыржан Орынбасаров, Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің жетекші банкирі Антон Дан-Чин Ю, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерден келген инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
– Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында жаңа инвестициялық саясатты жүзеге асыру ең басты міндеттердің бірі екенін айта келіп, инвестициялық жағдайды жақсартуға арналған жергілікті кеңестер құрылуы тиіс екенін атап көрсеткен болатын.
Елбасының сындарлы саясатының арқасында біздің елде инвестициялық дамуға ерекше назар аударылуда. Бүгінде инвесторларды қолдау мақсатында оларға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Біздің облыс Ресей елімен шекаралас. Ал ең басты атап өтетін жайт – біздің өңір аграрлы аймақ болып саналады. Қазіргі таңда өңірде өнеркәсіп пен сауда жақсы дамуда. Сондай-ақ, инвестиция тартуда да жақсы нәтиже бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 128,4 пайыздық өсіммен 154,5 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды, – дей келе Ерік Хамзаұлы инвесторлар кеңесінің жұмысына сәттілік тіледі.
Облыстың инвестициялық әлеуеті жөніндегі баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев жасады.
– Біздің өңірде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік кешен мен сауда, туризм жетекші салалардың қатарына жатады. Әсіресе, туризм саласына инвестиция тартудың маңызы зор. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымыз инвестиция өсімі қарқыны жөнінен республика өңірлері арасында бірінші орынға ие болды. Былтыр біздің өңірге жұмыс сапарымен 25 елден делегациялар келді. Бүгінде облыс экономикасы оң қарқынмен дамуда. Ал өнеркәсіп кешенінің жетекші саласы машина жасау болып табылады. Құрылыс материалдары, жеңіл және тамақ өнеркәсібі мен туристік сала да жақсы дамуда. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруде 70 пайыздан астамы өсімдік шаруашылығына тиесілі, – деген Мұхтар Манкеев мал шаруашылығының әлеуетіне де кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, мал шаруашылығын дамытуда шетелдік инвесторлар үшін тиімді тұстар бар. Жыл сайын ірі қара басын көбейтуде кәсіпкерлер үшін демеуқаржы бөлу мәселесі оң жолға қойылды.
Жиында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев пен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев та сөз алып, өңірдің инвестициялық әлеуетіне кеңінен тоқталды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруде солтүстік өңірдің әлеуеті жоғары екенін тілге тиек еткен вице-министрлер Үкімет тарапынан бизнестің дамуы мен шетелдік инвесторлардың кедергісіз жұмыс істеуіне зор мүмкіндіктер қарастырылғанын ерекше атап өтті.
Кеңесте “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, “ҚТЖ” ҰК” АҚ вице-президенті Бауыржан Орынбасаров, Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің жетекші банкирі Антон Дан-Чин Ю сөз алып, атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Сонымен қатар, Қытай елінен келген “Ухань Ши Линь Фу Синь” компаниясының бас директоры Чжан Ши Гань, Флоренция кәсіпкерлер палатасының директоры Армандо Ризалити, Финляндиядан Калвер Каппер, Австралия мен Ресей елдерінен келген “Iluka Exploration Kazakhstan”, “ҚАЗАҚ ИНВЕСТ” Қаржы тобы” ЖШС-нің бас директорлары Элисон Морли және Владимир Кан өз алғыстарын жеткізді. Осы орайда “Жаннұр-Астана” ЖШС компания тобы мен қытайлық инвесторлар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда инновациялық жоба аясында бидайды терең өңдейтін зауыт салатынын баса айтып өткен жөн. Жоба құны 250 миллион АҚШ доллары, жылына 250 мың тонна өнім өндіріледі деп күтілуде. Биылғы жылдың тамыз айында зауыттың қазығы қағылмақ, ол 1200 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасайды.
Отырыс соңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов инвестициялық декларацияға қол қойып, алдағы уақытта әріптестік байланыстар нығая түсетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, бұл күні облыс, Петропавл қаласы және Қызылжар ауданының әкімдіктері шетелдік компаниялармен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумдарға қол қойды. Облыс әкімдігі және “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ, “Сырымбет” АҚ мен “Самұрық-Қазына Инвест” ЖШС арасында меморандум жасалды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.