«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘҢГІМЕ АРҚАУЫ – КӨКТЕМГІ ЕГІСКЕ ӘЗІРЛІК

Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында 2015 жылғы көктемгі-дала жұмыстарын ұйымшылдықпен жүргізуге арналған семинар-кеңес болып өтті. Оған аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері, ведомстволар мен ұйымдардың, агроқұрылымдардың басшылары, ғалымдар мен өнім жеткізуші фирмалардың өкілдері қатысты.

Семинар-кеңесті ашқан Ерік Хамзаұлы:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аграрлық секторды ел экономикасын дамытудың басты бағдары ретінде айқындап берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген “Агробизнес – 2020” бағдарламасы ауыл шаруашылығын реформалау міндеттерін шешуге, отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдаудың жаңа тетіктерін енгізуге және дамытуға жағдай жасайды. Аграрлық сала – облыс экономикасының негізі, оның үлесі жалпы өңірлік өнімнің 24 пайызын құрайды. Қол жеткен табыстарды одан әрі арттыру үшін алдымыздағы маңызды жұмысты абыроймен атқарып шығуымыз керек. Көктемгі егіс – сол шаралардың бастауы. Осынау жауапты науқанға кірісер алдында жылдағы дәстүр бойынша бүгінгі семинар-кеңесте ғалымдардың ұсыныстарын, басшылар мен мамандардың пікірлерін тыңдауымыз қажет, – деді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров көктемгі-дала жұмыстарына байланысты алда тұрған міндеттерді баяндады. Үстіміздегі жылғы қаңтар айында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2015 жылға арналған жоспары бекітілді, онда аудандар үшін биыл қол жеткізуі тиіс көрсеткіштер белгіленген. Бағдарламаның бір бөлімі өсімдік шаруашылығын дамытуға, оның ішінде егіс науқанына қатысты мәселелерге арналған. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша биыл 4350,0 мың гектар жер көктемгі-дала жұмыстарына пайдаланылғалы отыр, оның 3300,0 мың гектарына дәнді және дәнді-бұршақты, 568,0 мың гектарға майлы, 448,0 мың гектарға жемазықтық дақылдар себу көзделген. Картоп пен көкөніс алқаптары тиісінше 28,5 мың және 5,3 мың гектарды құрайды.

Көктемгі-дала жұмыстарын ылғал жабудан бастап 45 күнтізбелік күнде аяқтау жоспарланып отыр.

Биыл минералдық тыңайтқыштар құнын арзандату үшін мемлекеттен 2 млрд. 158 млн. теңге, гербицидке 2 млрд. 365 млн. теңге көлемінде демеуқаржы бөлініп отыр. Өсімдік шаруашылығын қолдауға арналған демеуқаржының жалпы көлемі 11,4 млрд. теңге, ол 2014 жылғы деңгейде сақталып отыр. Облыстың агроқұрылымдары 93 пайыз тұқыммен қамтамасыз етілген. 109 шаруашылыққа 37 мың тонна тұқым жетпейді, олардың 40-ы 23 мың тонна тұқымды форвардтық сатып алу бағдарламасына қатысу арқылы, ал 69 шаруашылық 14 мың тонна тұқымды өз қаражатына сатып алады.

Биылғы көктемгі науқанға 15,3 мың трактор, 16,2 мың сеялка, 1100-дей себу кешені, 5,8 мың жүк автомобилі, 50 мыңнан астам топырақ өңдеу техникасы қатысады. Бүгінгі күні техникалардың әзірлігі 72 пайызды құрайды.

Облыста “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ-ның еншілес кәсіпорнының 5 филиалы жұмыс істейді. Көктемгі-дала және күзгі орақ жұмыстарын қаржыландыру үшін 6,0 млрд. теңге көлемінде кредит лимиті берілген. “ӘКК кепілдігі бойынша бидай мен арпаны форвардтық сатып алу” бағдарламасы бойынша “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ арқылы 4,0 млрд. теңге бөлінген. Алайда, 92 шаруашылық қана 1,8 млрд. теңгеге келісім жасады.

Мемлекет басшысының аграрлық секторда жаңа ұқсату кәсіпорындары желісін құру жөніндегі тапсырмасына орай биыл сомасы 40,0 млрд. теңгенің 19 жобасы жүзеге асырылмақ. Жобалардың негізгі бөлігі майлы дақылдарды ұқсатуға арналған. Оған Петропавл және Тайынша қалаларында қолға алынған жұмыстарды мысалға келтіруге болады. Тимирязев, Аққайың, Қызылжар, Тайынша аудандарында астық өңдеуге арналған жобалар қолға алынып жатыр.

Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Жексенбай Қасқарбаев көктемгі-дала жұмыстарының стратегиясы, Сібір ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі Леонид Юшкевич Сібірдің оңтүстігіндегі көктемгі науқанды өткізудің ерекшеліктері, Сібір тәжірибе станциясы директорының орынбасары Александр Пузиков Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстан облысының майлы дақылдары жайлы пікірлерін алға тартты.

“Әліби-Агро” ЖШС-нің бақылау кеңесінің төрағасы Нұрлан Тілеубаев, “Астық-Стем” ЖШС-нің директоры Сергей Звольский көктемгі-дала жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізуге байланысты өз ойларын ортаға салды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp