«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘҢГІМЕ АРҚАУЫ – ҰЛЫ ҒИБАДАТ

“Қызылжар” орталық мешітінде Құрбан айт мерекесіне арналған баспасөз конференциясы болып өтті. Аталмыш мешіттің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай шараға қатысушылардың бірқатар сауалдарына жауап беріп, Құрбан айт мерекесінің маңызына, құрбан шалудың шариғат бекіткен басты міндеттеріне тоқталды.

Жергілікті БАҚ өкілдері қатысқан жиынның негізгі мақсаты – азаматтарды имандылыққа баулып, түрлі дін өкілдерінің арасындағы татулық пен ынтымақты нығайтып, сондай-ақ, ұлттық дәстүріміз бен ислам діні сабақтастығын жалғастыру. “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы құрбан шалудың мұсылман баласы үшін сауабының мол екендігін, шалған малдың үштен бір бөлігінің жетім-жесірлерге, көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға үлестірілуі қажеттігін айтты.

– Біз жыл сайын мұқтаж жандарға қолымыздан келгенше көмек көрсетіп келеміз. Бұл жолы да шалынған малдың біразын бас бостандығынан айрылған адамдар мен балалар үйіне бермекпіз. 700-800 орынға лайықталған мешітіміз Айт намазында 3000 адамға қызмет көрсете алады. Бұл жағын толық ұйымдастырдық, – деді.  

Сондай-ақ, Құрбан айт мерекесі күні мешіттің ауласында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылып, 5 қазан күні сағат 11-де С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында рухани кеш өтетінін тілге тиек етті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp