Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы кезекті брифинг ұйымдастырды. Бұл жолы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Антон Федяев 2015 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, биылғы жылдың жоспарын алға тартты.
Басқарма басшысы сөзін былтырғы жылдың жұмысын қорытындылаудан бастады. Өңірдің энергетика кешенін дамыту бойынша монополиялық кәсіпорындар бірқатар шараларды жүзеге асырыпты. 2015 жылы “СевКазЭнерго” АҚ Петропавл қаласындағы №2 жылу-электр орталығында қайта жаңғырту бағдарламасы бойынша біраз іс тындырған. 2020 жылға дейін атқарылатын бағдарламада №2 ЖЭО-дағы 7 турбо-агрегат пен 6 қазандық жаңартылуы тиіс. Былтыр кәсіпорын ең маңызды саналатын №1 қазандықты күрделі жөндеуден өткізген. Осы мақсатқа 5,6 миллиард теңге жұмсалған. Нәтижесінде кәсіпорынның энергия өндіру қуаттылығы 63 МВт-ға артып, 35 мың тонна көмір үнемделді. Биыл №12 қазандық пен №5 турбоагрегатты жаңарту жоспарланған. Осы жұмыстан кейін жыл соңында орталықтың электр өндіру қуаттылығы 541 МВт-ға жетеді. Облыс орталығындағы жылу тарататын құбырдың 17 километрі, үлкен диаметрлі тораптың 5 километрі жөнделген. 2016 жылы инвестициялық бағдарлама бойынша бөлінетін 2,5 миллиард теңгеге 8,2 километр құбырды жаңартып, 1,1 километр құбырды оқшаулау көзделуде.
Облыста “жасыл” технологияға да көңіл бөліне бастады. Бұл бағытта “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі бастамашылдық танытып отыр. Осыған дейін желден энергия өндіру тәсілін қолға алған шаруашылық былтыр тағы екі генераторды іске қосты. Биыл Қызылжар ауданының Якорь ауылында биогазбен электр энергиясын өндіру жобасының құрылысы қолға алынды. Ол нысан осы жылдың қыркүйегінде іске қосылады деп күтілуде.
Облыста “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында 157 көпқабатты үй жөндеуден өтті. Бағдарлама шеңберінде республикалық қордан түскен 2,4 миллиард теңге қаржы игеріліп, сол несиелердің қайтарымынан түскен қаражатқа 14 үй жөнделді. Биыл Петропавл қаласында 4 үйді қайтарылған несие қаржысына жөндеу жоспарланса, тағы 17 үй республикалық бюджеттен бөлінген 505 миллион теңгеге жаңғыртылады. Елді мекендерді абаттандыру жұмысына да үлкен мән беріледі. Бұл бағытта тұрғындармен бірге атқарылатын шаралар да бар. Сондай-ақ, 2015 жылы сала қызметкерлері – 45 мың түп ағаш, 47 мың шаршы метрге гүл отырғызған. Облыста былтыр 54 балалар ойнайтын алаң орнатылды.
Антон Федяев су мәселесі бойынша да біраз жұмыстардың атқарылғандығын алға тартты. 2015 жылы 35,8 мың адам тұратын 41 елді мекеннің ауызсумен жабдықталуы жақсартылды. Бүгінде ауылдық жерлердегі орталықтандырылған таза суға қолжетімділік 55,8 пайызды құрайды. 2015 жылы Ақжар, Аққайың, Қызылжар, Тайынша және Есіл аудандарындағы бірнеше ауылды сумен жабдықтау үшін құрылыс және жөндеу жұмыстарына 3,4 миллиард теңге жұмсалған. Өткен жылы “Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша бюджеттен облыс орталығындағы жылу тарату және су бұру жүйесінің 4 жобасына 1994,5 миллион теңге бөлінді. Биыл сумен жабдықтау және су бұру тораптарын қайта жаңарту үшін 3,5 миллиард теңге игерілмек. Сондай-ақ, биыл кәсіпорын банктен 3850,0 миллион теңге несие алып, үш жылға жоспарланған кешенді жаңғырту жұмыстарын бастады.
Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша да сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табады. Биылғы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарында Тайынша қаласы, Уәлиханов ауданының Чехов және Кішкенекөл ауылдары, Мағжан Жұмабаев ауданының 3 ауылы және Қызылжар ауданының 13 ауылы бар. Таза ауызсуға қат болып отырған ауылдар жоқ емес. Солардың бірі – Қызылжар ауданындағы Шаховское ауылы. Бұл ауылды сумен жабдықтау үшін 400 миллион теңге қаржы керек. Оның жобалық-сметалық құжаты жасалып, республикалық бюджет есебінен қаржыландыруға өтініш білдірілген. Жергілікті бюджет есебінен былтыр 2,2 мың адам тұратын үш елді мекенге таза су берілді. Биыл су мәселесі өзекті Уәлиханов ауданындағы Қаратерек пен Жасқайрат ауылдары назарда болмақ.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.