«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР — ӨҢІР БАСШЫСЫНЫҢ НАЗАРЫНДА

Кеше өңір басшысы Ерік Сұлтанов Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында тұрғындар алдында есеп берді. Облыстың 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын тілге тиек еткен облыс әкімі Елбасының “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауын жүзеге асыруға байланысты алда тұрған міндеттерге де тоқталды. Есепті кездесуге Инвестиция және даму жөніндегі вице-министр Жеңіс Қасымбек, Парламент Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев, Парламент Сенатының депутаты Ольга Перепечина, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ғауез Нұрмұхамбетов, “ҚазАгро” Ұлттық басқару холдингі” акционерлік қоғамы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Дәурен Мақажанов, мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың және агроқұрылымдардың басшылары, бизнес және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауы еліміз үшін аса маңызды тарихи құжат болып табылады. Онда Қазақстанның Жаңа Экономикалық Саясаты айқындалды. Елбасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне байланысты нақты тапсырмалар берді, – дей келе өңір басшысы өткен жылы атқарылған ауқымды істерге тоқталып, алда тұрған міндеттерді саралады. Ерік Хамзаұлының айтуынша, өткен жылы облыс экономикасында оң серпін байқалып, барлық макроэкономикалық көрсеткіштер өсімі қамтамасыз етілген. Жалпы өңірлік өнім – 3 пайызға, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,5 пайызға артып, бұл көрсеткіш бойынша облысымыз республикада 6-орынға ие болып отыр.  

Мемлекет қолдауының арқасында ауыл шаруашылығын, тұрғын үй құрылысын дамыту, индустриялық-инновациялық жобаларды іске қосу жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келеді. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша атқарылған жұмыс айтарлықтай.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде барлық сауда орындарында отандық тауарларды сату бөлімдерін ашу міндеттеліп отыр. Ерік Хамзаұлы жоғары сапалы, экологиялық таза жергілікті тауар өнімдерін сату ісі қолға алынатынын айтып, сәуір айынан бастап облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру ісі жаңғыртылатынын жеткізді.

Облыстың тауар айналымының 70 пайызы басты сауда-экономикалық серіктесіміз – Ресейдің үлесіне тиеді.

“Жақында солтүстікқазақстандық делегация Ресей Федерациясының Омбы және Түмен облыстарына барып қайтты. Онда Қызылту-Граничная темір жолы учаскесін қалпына келтіру мәселесі талқыланды. Бұл біздегі құрылыс материалдарын Омбы нарығына шығаруға жағдай жасамақ”, – деді облыс әкімі.

Өткен жылы барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулері кезінде 1909 ұсыныс-тілек бақылауға алынып, олардың көпшілігі шешімін тапқан. Мәселен, Тимирязев ауданының емханасын, Шал ақын ауданынан Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға дейінгі аралықтағы жолды, Айыртау ауданындағы “Колосок” балабақшасын жөндеу сияқты мәселелер оңтайлы шешілген.

Бұл жолғы есепті кездесуде де толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын жолдап, өтініштерін білдіргендер аз болмады. Баяндамасын аяқтаған соң өңір басшысы Ерік Сұлтанов олардың әрқайсысына жауап берді.

Сұрақ: Тыл еңбеккерлерін мерекелік медальдармен марапаттау жоспарланған ба?

Жауап: Біздің облыстан 15 мың адам мұндай марапатқа ие болады.

Сұрақ: Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Сарыбұлақ ауылында ауызсумен қамтамасыз ету нысандарын салу жоспарда бар ма?

Жауап: Облыста ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы биыл да жалғасын табады. Бұл бағыттағы жұмысқа 5,1 миллиард теңге бөлінді. Бірінші кезекте ауызсуға мұқтаж ауылдар қамтамасыз етілмек. Менің білуімше, сіздің ауылыңыз да сол тізімде бар.

Сұрақ: 2016 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық форумын өткізу жоспарланып отыр. Аталған шара аясында облыс орталығында қандай шаралар жүзеге асырылатын болады?

Жауап: Мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының форумын өткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл міндетті жоғары ұйымдастырушылық деңгейде атқаруымыз керек. Кемінде 20 миллиард теңгенің қаржысы қажет. Тиісті қаражат табылады. Қалада 21 орталық көше қайта салынып, іргелес аумақтар абаттандырылып, қасбеттер жаңартылады. Сонымен қатар, Спорт сарайы биылғы жылы пайдалануға берілетін болады. Ең бастысы, әуежайды қайта жаңарту қажет. Барлық жұмыстарды ойдағыдай атқарып, форумды тиісті деңгейде өткіземіз деген сенімдемін.

Сұрақ: Тайынша ауданындағы Чкалов емдеу амбулаториясының санитарлық автокөлігінің тозығы жетті. Биыл медициналық автопарк жаңартыла ма?

Жауап: Мемлекет басшысының қолдауының арқасында денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Биыл облыста бұл салаға 21,2 миллиард теңгенің қаржысы бөлінсе, оның 700 миллионнан астамы көлік паркінің жаңартылуына бағытталып отыр. Чкаловтағы амбулатория да жаңа көлікке ие болады.

Сұрақ: Петропавл қаласындағы №23 мектептің шатыры жөндеуді қажет етеді. Мектеп шатырын күрделі жөндеуге қаржы бөлуге жағдай бар ма?

Жауап: Жыл сайын “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен білім беру, денсаулық сақтау салалары объектілері жөнделіп келді. Биыл бұл мақсатқа бөлінген қаржы қысқартылып отыр. Әйтсе де, біз әлеуметтік маңызға ие, балаларға қатысты мәселелерді назардан тыс қалдыраймыз. Сол себепті №23 мектептің шатырына биыл жөндеу жасалатын болады.

Сұрақ: Есіл ауданындағы Горное ауылын ауызсумен қамтамасыз ету және ауылдың электр желілерін жөндеу жұмыстары жүргізіле ме?

Жауап: Кеше Ішкі істер министрлігінің комиссиясымен кездесіп, Горное ауылындағы мекемені жабу мәселесін талқыладық. Мұндай жағдай орын алса, ауылдан мамандар кетіп, мектептің жабылып қалу қаупі туындайтыны анық. Ұзақ талқылаудан соң мекемені жаппау туралы ортақ шешімге келдік. Бір мыңнан астам тұрғыны бар елді мекеннің іргесі сөгілуіне жол берілмейді.

Ауыл ауызсумен сәуір айында қамтамасыз етіледі. Бұл елді мекеннің электр желілерін жөндеу мақсатында аудан бюджетінен 1,6 миллион теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжат бір айдың ішінде аяқталатын болады.

Кездесу барысында “Жастар” газетіне қолдау көрсету, Есіл ауданындағы Волошинка ауылдық округінің телефон байланысын және интернет жылдамдығын жақсарту, Мамлют ауданындағы Покровка ауылының көшелерін жарықтандыру, Аққайың ауданындағы мектеп-интернатқа “ГАЗель” көлігінің қажеттігі сияқты өтініш-тілектер айтылып, балабақша кезегі, жол сапасы, мүгедектерге жағдай жасауға қатысты сауалдар жолданды.

Өңір басшысы жазбаша түскен сұрақтарға да жеке тоқталып, оларға нақтылы жауап берді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

 Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp