
Қызылжардың ежелден қазақтың қаласы болғанын айта беруден жалықпаймыз және оның тарихи дәлелдерін де келтіруден шаршамаймыз. Жуырда қолымызға “Бір әулеттің тарихы” деген жинақ түсті. Оның авторлары облысқа белгілі өлкетанушы ағаларымыз Қайролла Мұқанов пен Социал Жұмабаев. Кітап Барлыбай әулетінің бұрынғы және бүгінгі ұрпағының тарихына арналған. 10 ұл мен 5 қыз өсіріп, бәрін де оқытқан Сабыр ақсақал осы кісінің ұрпағы. Жұрт бір баласын оқыта алмай немесе зорға оқытып жүрген заманда осынша баланы өсіріп, оқытқанның өзі бір ерлік. Осы отбасынан кезінде бес кеңшар директоры шыққан.
Міне, осы жинақта мынадай жолдар бар: “Есеней Естемесұлы көзінің тірісінде өзінің Қызылжар, Омбы қалаларындағы сауда дүкендерін, шеберханаларын, қонақүйлерін қағаздатып, жақсы көретін құдасы, досы Алжыған Барлыбайұлының атына аударған екен”. (37 бет). Осындай дерекке көп адам сенбейді. Есенейдің қалада қонақүй ашып, дүкен салдырғаны миф сияқты көрінеді. Олар 1798 жылы туып, 1871 жылы өлген Есенейдің Қызылжарға қандай қатысы бар, қыстауында тұрды, жайлауы мен күзеуінде көшіп жүрді, қала маңын көрген жоқ деп ойлайды. Аға сұлтан болды ғой десең, Аманқарағай (кейін Құсмұрын болған) дуанының орталығы Қызылжар болған жоқ қой, дейді ондайлар. Ауылдағы болыскей (“польский” дегеннің қазақша интерпретациясы) кереуеттер, борансыздың (“француз”) айна-тарақтары, әмірқан (“американ”) етіктер және тағы басқа жүздеген түрлі шетелдік тұрмыстық бұйымдар қайдан келді ендеше десең, е, мал айдап қалаға барған, сонда әкелген немесе орыс, татар саудагерлері әкеліп сатқан дейді.
Әйтеуір, кеңестік идеология “көшпенді халық” деп бізді қалаға жолатқысы келмеді. Шындығында ХІХ ғасырда Қызылжар негізінен қазақ және басқа да татар, қоқандықтар, бұқарлықтар, тәшкендіктер деген сияқты мұсылман халықтарының қаласы болған. 1785 жылы Орынбор экспедициясын бастап қазақ даласын зерттеуге шыққан академик Фальк Қызылжар туралы былай деп жазған: “…все местное население, кроме немногочисленных казаков и солдат-инвалидов, составляют азиаты. Здесь 172 дома и 914 жителей”. Ал саяхатшы ғалым А.Носилов ХІХ ғасырдың аяғында Қызылжар тұрғындарын былай суреттейді: “Пестрый халат киргиза смешался с халатом татарина, его поддевкой: высокие белые, серые, черные, меховые шапки смешались с тюбетейками, которые блестят золотом и серебром… и русский среди них кажется совершенно чужим, гостем, а не хозяином. Татаро-киргизский город дает себя знать всеми своими оригинальными чертами своих жителей, странным для нас говором толпы”.
Жуырда біздің қолымызға “Из истории и культуры народов Среднего Поволжья” деген Қазан қаласында 2011 жылы шыққан жинақ түсті. Бұл татар оқымыстыларының өз халқының ХІХ ғасырдағы тарихын, соның ішінде діни харекеттерін зерттеген еңбектерінен құралған жинақ. Барлық деректер Ресей архивтеріндегі материалдарға негізделген. Міне, сол жинақта былай делінеді: “В 1897 году в Петропавловске насчитывалось 19688 жителей, среди которых мусульмане составляли 43,6%. В этническом плане большинство принадлежало татарам – 6087 душ обоего пола (2999 мужчин и 3088 женщин). Вторая группа мусульман была представлена казахами – 2184 человек (1247 мужчин и 934 женщин)”. Бұл – таза қазақтардың өзі сол кезде 11 пайыз болғанын көрсетеді (1989 жылғы санақта қалаға үйреніп, оқуға көптеп келіп, қызметке жаппай тұрған кезінде қазақ 8 пайыз ғана болған еді).
Ол кезде шаһарда қазақтан басқа оның ықпалын көбейтетін шалақазақ деген субэтностың, бұхарлықтар, қоқандықтар, тәшкендіктер деген халықтардың болғанын қосыңыз. Олардың бәрі қазақ тілінде жақсы сөйлеген. Тіпті казактардың да көбі ежелден қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтінін ғалым Г.Потанин жазған. Сөзіміз жалаң болмас үшін оны да келтіре кетелік: “Казаки, живя с киргизами, совершенно окиргизились и говорят не только с киргизами, что было бы вполне понятно, но и между собою по-киргизски, считая этот язык более легким для себя, носят они также и киргизскую одежду. Маленькие дети казаков – и те говорят по-киргизски”. Тағы бір мақаласында ол: “Киргизский язык не только не пренебрегается, но считается разговорным; киргизские обычаи также многие усвоены: так, например, казаки охотно пьют кумыс и едят конину…”.
Татарлар болса болмасын қазақша сөйлей біледі. Тіпті олардың біздің жерде туған көптеген ақын-жазушылары өз шығармаларын қазақтың “кең де кен тілінде” жазған. Мысалы, аталмыш жинақта Ахмет Уразаев (Қурмаши) деген татар ақыны өзінің “Бозжігіт”, “Тахир мен Зухра” деген поэмаларын қазақ тілінде жазғаны айтылады.
Демек, сол кездегі Қызылжар халқының 70-80 пайызы қазақша сөйлей білген десек қателеспейміз. Ал орыс тұрғындардың көбі әскери отряд болған, олар негізінен казармаларда тұрған. Саптан босаған кәрі-құртаң мен мүгедектердің (көбінің араққа салынып кететіні де белгілі) тұрақты тұрғындар секілді ықпалы болмағаны анық. Ал орыс көпестері өзінің қазақ арасындағы саудасының жанды жүруі үшін қазақ тілін білуге тырысқан. Қазақтан піркәзшік (приказщик) алғанымен саудада алданып қалмау жағын қарастырып, қазақ тілін біліп алған.
Қай күнде қалаға қолы ұзын, іске бейімді адамдар келеді. Ал ондайлар негізінен байлар мен олардың балалары арасынан шыққандар. Деректің өзі сол кезде қалада қазақтың саны 2 мыңнан артық десе солардың арасынан дүкен, кәсіпорын, қонақүйлер ашқандар болмады дегенге кім сенеді? Тарихи деректерде Қызылжардағы барлық тері илейтін, сабын қайнататын, мал соятын цехтардың иелері кілең мұсылман фамилиялы адамдар болып келеді. Біздің арамыздан арнаулы зерттеушілер болмағандықтан олардың бәрін татар халқының пысықай зерттеушілері өздеріне теліп алғаны да жасырын емес. Патшалықтың кеңселерінде де, дәрігерлердің анықтамалығында да кейде мұсылмандардың бәрін «татар» деп жаза салғанына қазақ көңіл аудармаған. Мысалы, Қызылжардың ұзақ жылдар бойы дәрігері болған Ц.Белиловский өзінің анықтамалығында жақсы тұратын мұсылмандардың бәрін “татарлар” деп жазған және олардың көбі күніне 1,5-2 шелек қымыз ішетіндерін айтады. Ал қымызды жақсы көретін татарлар емес, қазақтар ғой… Көшпенді халықтардың сүйікті сусынын отырықшы булгарлардың ұрпағы қолданғанымен қазақтардай көп ішпейді. Демек, жақсы тұратын мұсылмандардың бәрі татарлар емес, арасында қазақтар да көп және бәрінің де айналысатын кәсібі болған. Сондықтан жоғарыда айтылған Есенейдің де кәсіпорындары болғанына еш қайран қалуға болмайды.
Кейін, естерін жия бастаған патшалықтың жергілікті шенеуніктері Петропавл қорғанының жанындағы шаһарда қазақтар үлесінің артып келе жатқанынан қауіптенген. Бір күні шағын қорғанды басып алулары да мүмкін екенінен қауіп еткен. Патшалықтың қырағы барлаушылары да осыны ескертіп отырған. Мәселен, патшаға қызмет еткен этнограф, барлаушы (саяхатшы деген атты жамылады), ұлты эстондық, генерал-лейтенант А.К.Гейнс (1834-1892) қазақ даласын аралаған сапарынан орталық өкіметке былай деп жазған: “Касимовские и казанские татары ежегодно приезжают в Петропавловск, чтоб поселяться здесь. Таким образом, магометанский элемент постепенно берет вверх над православным. К тому же они обращают серьезное внимание на образование своих детей. На магометанское население Петропавловска существует семь школ, тогда как в городе существует только две православные школы: одна для мальчиков, другая для девочек. В магометанских училищах воспитываются даром, на счет мусульманского городского общества, до 150 киргизских мальчиков”.
Осындай дабылдардан кейін патшалық Қызылжарда орыс тұрғындардың көбеюіне ықпал етіп, орталықтан оған көшушілерге көмек беріп, салықтардан да босатады. Соның нәтижесінде айналасы 15 жылдан кейін, 1912 жылы болған санақта қаладағы мұсылмандардың үлесі 29,9 пайызға дейін төмендеген. Бұл жолы қазақтардың саны да азайып, 1460-қа, татарлардың саны 1143-ке дейін түскен. Орыс санының көбеюімен православие шіркеуінің ықпалы да арта түскендіктен көптеген мұсылмандар, соның ішінде қазақтар Қызылжардан кете бастаған.
Қызылжар қазақ және басқа да мұсылман тұрғындарының ежелгі мекені болғандығының тағы бір бұлтартпас дәлелі – қаланың қақ ортасындағы демалыс паркінің ішіндегі зират. Бұл алдымен қазақтардан басталып, кейін барлық мұсылман тұрғындар жерленген жер. Бертін мұнда Мағжанның әкесі де жерленгені белгілі. Қызылжарда басқа халықтардың бұдан ескі зираты жоқ. Ал көне зираттың болғаны – бұл жерді алдымен кімнің қоныстанғандығының бұлтартпас дәлелі. Кейін шаһар өсіп, оның аумағы қаланың ішінде қалғанда, паркке айналдыру үшін оны жою туралы шешім шыққанда мұсылмандар қарсы болады. Аталмыш жинақта бұл туралы былай жазылған: “Мусульмане, страхуясь от возможной передачи городу территории старого мусульманского кладбища, предназначенного под парк, возвели на его территории деревянную мечеть, закрепив этот район за собой. Об этом свидетельствует документ, отложившийся среди делопроизводственных материалов ОМДС (организация магометанского духовенства Сибири Ж.С.). Проживающие в Петропавловске мусульмане 16 марта 1872 г. составили общественный приговор о том, что киргиз Курбанбай Джалтыров решил построить за свой счет на месте существующей деревянной мечети на старом мусульманском кладбище каменное богослужебное здание. Духовное собрание, рассмотрев 21 июня 1872 г. докладную записку Петропавловского полицмейстера и приговор мусульман, дало “добро” инициативе купца”.
Жердің ежелгі иесі кім екендігінің белгісі – ежелден ағаш, тас белгілер, артефактар, зираттар, жер атаулары. Колониалдық өкімет бұларды біртіндеп жойғанымен кейбір зираттар қалған. Соның ішіндегі белгілісінің бірі – осы зират.
2015 жылғы қыркүйек айында қазіргі Петропавлдың Солнечный кентінің аумағынан орыс зираты табылды. Оны жергілікті тарихшы А.Плешаков Петропавлдағы ең көне орыс зираты деп бағалады. Оған негіз болған Омбы архивінде 1787 жылдан басталған “метрическая книганың” деректері. Кітап осы жылдан жүргізіле бастаған болса тұрғындар одан беріде шоқындырылып, тіркеле бастаған, демек, бұл орыс зиратына мәйіттер ең әрі дегенде ХІХ ғасырдың басынан қойыла бастаған… Ал Қызылжар паркінің аумағындағы көне зиратқа мәйіттер, халық аузындағы деректерге қарағанда, Абылай (1713-1781) заманынан қойыла бастаған. Демек, қазақ зираты ХVІІІ ғасырда-ақ бар болған.
Міне, осы деректердің өзі Петропавлдың ежелгі аты Қызылжар екендігін, оның тұрғындары негізінен қазақтар болғанын білдіреді. Біздің ендігі міндетіміз – оның көне атауын қайтару. Біз біреудікін тартып алғалы тұрған жоқпыз, тек өзіміздің тарихымызды қайтаруды ғана талап етеміз.
Жақсыбай САМРАТ.