Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ.
“Өзіне-өзі қол жұмсапты” деген жүректі мұздатып, жаныңды үрейлендіретін суық хабар андасанда естіліп тұрады. Өзіне-өзі қол жұмсау – әр кісінің қолынан келе бермейтін іс. Иә, ауру меңдеп, енді беті бері қарамайтынын білген науқас өзінің бұдан әрі қиналмай өлгенін тілеуі мүмкін. “Өлімнен ұят күшті” деп те, жау қолына тірі түспеуді көздеген мақсаты немесе лажсыздық та адамды өзіне қол жұмсауға итермелеуі мүмкін. Өзіне-өзі қол жұмсаудың себеп-салдары ретінде ауру, біреу қорқытқан, тұрмыс жағдайына байланысты, тәрбиенің нашарлығы, осалдық пен әлсіздік, т.б. келтіріледі. Өзіне-өзі қол жұмсау өжеттік, жаужүрек, батыл шешім бе, жаңсақтық па? Әлде бұл заманның зауалы ма? Нәубет пе, індет пе?
Өзіне-өзі қол жұмсағандарға талдау жасап көрейік. Ішімдікке тойып алып, жұбайымен араздасқан лауазымды адам асылып өлді. Бекітіліп берілген мал басының жетіспеуіне байланысты қойшы, оған жауапты мал маманы өзіне қол жұмсаған. Жоғары білімді әйел мұғалім күйеуінің не мамандығы, не қолайлы істеген жұмысы жоқтығын қайта-қайта бетіне басып, жұрттың, балаларының алдында кемсіте бергендіктен, өзіне қол жұмсауы, үйленбей ерлі-зайыптыдай араласып, көңілдері жарасып жүрген жұптың біреуінің тастап кетуі, әлеуметтік теңсіздіктен, өзінен білім дәрежесі төмен, тәжірибесі жоқ адамның лауазымды қызметке заңсыз жолдармен тұрып, өмір бойы адал қызмет жасап келе жатқан адамды ұжым алдында кемсітуі, отбасы жағдайына байланысты қатарындағы оқушылармен бірдей сынып өміріне араласа алмауы, өзін төмен санауы, оған оқытушының оқушылар алдында байқамай ескерту жасауының салдарынан да өзіне қол жұмсаған жағдайлар болды. Теледидардан 13 жастағы екі қыздың әкелеріне сыйлық даярлап, өздерінің шешімдеріне ешкімді кінәлаудың қажеті жоқ екенін хатқа түсіріп, көп-қабатты үйдің шатырынан секіріп, есіктің алдына құлап өлгендерін көрсетті. Екі қыз да құлап келе жатқандарында мүлде дауыс шығармағандарын көзбен көргендер айтты. Суицидтің анықтамасын көптеген ғалымдар ауруға апарып тірейді. Аурумен қатар, біздіңше, өзіне-өзі қол жұмсаушылардың көбі ең бірінші орынға жарық дүние, отбасын қоюдың орнына, басына түскен проблеманы, соны шешудегі қиыншылықтарды, жауапкершілікті жоғары қоюында болып тұр.
Адам баласы жарық дүниеге келген соң оның өмірінде қиыншылықтар алдынан шығатыны – абсолютті шындық. Сол қиындықтарды жеңе білу, талпыну, еңбектену, шыдамдылық, сабырлылық, ең болмаған күнде болашаққа сенім болу керек. Өзіне-өзі қол жұмсаумен жарық дүниеден өтуге болады, бірақ туған-туысқандарына қайғы-қасірет әкелетінін, оларды замандастары алдында ұятқа қалдыратынын, өзінің Алла тағала алдында үлкен күнәға бататынын білмейді деуге де болмайды. Басқа түскен қиындықтан құтылудың жолдарын бірігіп, ақылдасып шешуге жол іздеу маңызды.
Алла тағаланың ең үлкен сыйы – ол адам баласының жарық дүниеге келуі. Өзіне-өзі қол жұмсау – Аллаға қарсы тұрғандық, үлкен күнә делінеді.
Көрші мемлекеттің бір облысында өзіне қол жұмсағандардың жаназасын шығармай, бейіттен аулақ жерге жерлейді екен. Әрбір ауылда өзіне-өзі қол жұмсағанға дәл осындай көзқарас ұстанылса, ең алдымен қиналатын марқұмның туған-туысқандары болады. Қалың бұқара арасында осы мәселеге үлкен маңыз берілсе, “өзіне-өзі қол жұмсаған адам жұрт қатарлы жерленбей, намазы шығарылмайды” дегенді естудің өзі тежеу болары хақ.
Құран Кәрімнің Ниса сүресі 29-ая-тында “Өздеріңді-өздерің өлтіруші болмаңдар” делінген. Бұл жерде ата-ананың рөлін жоғары көтеру мәселесі тұр. “Сені жарық дүниеге әкелген ата-анаңды сыйлауың керек, оларды ренжітіп, көңілдеріне дақ түсіргенің – Алла тағаланы ренжіткенің болып табылады”, – деген ұғымды бала санасына дарытуымыз қажет.
Ханафи мазһабы бойынша “Діннен шыққан адамға, кәмелетке толып, өзін-өзі өлтірген есі дұрыс жанға, әке-шешесін өлтірген жанға, тонаушыға, адамдарды жазықсыз өлтірушіге жаназа намазы оқылмайды” деген шариғат талабын жастар, оқушылар алдында басында сәлдесі, үстінде шапаны, аузында иманы бар адам бір рет мысал келтіріп айтса, ол ата-ана, мұғалімнің жүз айтқанына татиды. Бұл ретте дін қызметкерлерінің алатын орны жоғары болып келеді. Көтеріліп отырған мәселе бойынша діни уағызда бүгінгі күннің, жарық дүниенің маңызын жоғары қойып айтудың мәні зор. Бұл мәселеде қоғамдық ұйымдар, ата-ана қай дәрежеде уағыз, түсінік жұмысын атқарады, нәтижесі соған да байланысты. Ата-баба, халқымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне жете мән берсек, ертеңгі жемісіміз де, жеңісіміз де сол болмақ.