«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өмір ЕСҚАЛИ: «ШЫНЫМ ДА ОСЫ, СЫРЫМ ДА ОСЫ»

Өмір Есқали ҚазМУ журна­листика факультетін 1980 жылы үздік бітіріп, қызыл диплом алып, еңбек жолын Алматы облысы “Балқаш еңбеккері” аудандық газетінде бастаған. 1989 жылы Алматы жоғары партия мектебін аяқтағаннан кейін Солтүстік Қазақстан облыстық “Ленин туы” газетіне бөлім меңгеру­шісі қызметіне орналасты. 2003 жылдан бері республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің Қызылжар өңіріндегі меншікті тілшісі болып қызмет етеді. Очерк­тері мен публицистикалық шығармалары бірнеше жинаққа енген. Көпжылғы еңбегі “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл”, “Желтоқсан ардагері” медальдарымен, “Мәде­ниет қайраткері” төсбелгісімен атап өтілген. Төменде оның қиындығы да, қызығы да мол журналистика мамандығы туралы ой-пікірлерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

 

“Егеменнің” ел ішіндегі елшісіміз”

“2003 жылдан “Егемен Қазақстан” басы­лы­мында еңбек еткеннен бері талап күшейіп, жауапкершілік артып, міндет жүгі де салмақ­тана түсті. Бас редактор Шерхан Мұртаза ұжымнан саяқ жүрген біз сияқтыларды ел ішіндегі елшілерге теңеп айтқан ғой. Қолға қалам ұстап, ел ішін ара­лағанда қарымды қаламгерлік, биік болмыс, азаматтық тұлға небір проблемалармен, ше­тін мәселелермен, оқыс оқиғалармен бетпе-бет келгенде, сан қилы тағдырларға жолық­қанда айқын танылады. Мысалға жүгініп көрейін. Петропавл қаласының әкімі Владимир Никандровтың тұсы. Моңғолиядан келген бір отбасының пәтерге қолы жетпей, тілшілер қосынына шағым айта келді. Сөйтсе, шенеуніктер тіл, заң білмеу­шілігін пайдаланып, әбден әуре-сарсаңға салғанға ұқсайды. Шетін мәселенің ізіне індете түсіп, үш бөлмелі пәтер алуына қол жеткізілді. Бұл – тілшінің емес, “Еге­меннің” беделі арқасында сырттан атаме­кенге сағы­ныш­пен жеткен қандастарымызға көрсетіл­ген құрметтің бір белгісі десек, әбден қи­сынды”.

“Алғашқы ұстазым – әкем”

“Күлтай Қазиева, Сәркен Құлмағамбетов секілді қа­зақ тілі мен әдебиеті пәндерінің білікті ұс­таздары еркін тақырыпқа жазған шығарма­ларымды жоғары бағалап, “қайтсең де, жур­налист бол” деген ақыл-кеңестерінен кейін таңдау жолын біржола айқындадым.

Десек те, жазу-сызуға деген қабілет-қа­ры­мымды ерте байқап, бала қыранша баулы­ған алғашқы ұстазым – әкем Шалабай. Мар­құмның артына жазып қалдырған дүниелері көп. Мектепте ұйымдастырылған бір кеште “Насыбай, жүрген жерің сенің былық, Адам сүйер бір түйір жоқ қой қылық” деген сықағын оқып, шақшаларын жанынан бір елі тастамайтын ақсақалдардан таяқ жемесем де, біраз сөз естігенім бар. Ауыл “Ләй” атай­тын нағашым Төлебай жүйрік ат, тазы ұстап, қыран бүркіт баулыған саятшы еді. Ақан сері “пысық бала” атаған, алып күш иесі Қажымұқан бата берген сері, балуан, әңгі­мешіл атам мені оң тізесіне отырғызып алып, қиссалар, батырлар жырларын ертеден кешке дейін оқыттыратын. Бұл да сөз сиқырын ұғуға талаптанған мен секілді шикіөкпеге жақсы тәлім мектебі болса керек. Кейін облыстағы жалғыз қазақ басылымы “Ленин туы” газе­тінде жұмыс істейтін Бақыт Мұстафин, Абай Қазиев, Ермек Құсайынов, Мәлік Мұ­қанов, Амандық Жантеміров, Болат Қожах­метов, Амандық Әбжанов, Жарасбай Сү­лейменов секілді мүйізі қарағайдай жур­­налистер қызығы мен қиындығы мол мамандықты еркін игеруіме жан-жақты жәрдемдесті”.

“Тұңғыш қаламақым ауылдасыма бұйырды…”

“Кеңшар орталығы – Бұ­лақ ауылындағы интернаттың ботқасы мен қара нанын жеп жүрген кезіміз. 6-сыныпта оқимын. Бір бөлмеде жас шамасы әрқилы 9-10 бала тұрамыз. Бірде менен үш-төрт жас үлкендігі бар Уәлден қолыма қалам мен дәптер ұста­тып, ауылымыз Ақтастағы “сақалды құры­лыс” жайлы мақала жазуды тапсырды. “Әйт­песе, тамақтан қағыласың” деп бұйыра сөй­ле­генде, онсыз да ашқұрсақ мен байғұс ішегім шұрылдап, асхана жаққа жалтақ-жұлтақ қарап отырғанда мына сөзі төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей селк ете қалдым. Бастапқыда ойыны шығар деп ұмтыла қоймадым. Есікке қара құлып салып, түскі асқа кеткенде ғана қара бас­қанын бір-ақ білдім. Қаламды ақ қағаз бетіне қанша жорғалатсам да, ештеңе өнер емес. Бір кезде ойыма “Төрт қабырғасы қалқиып тұр” деген тіркес сап ете қалды. Ірі әріптермен айдақтата жаздым. Тақырып дегеннің белгісі. Одан әрі қоғамдық моншаның жетім бала­ның тұрқындай кейпін көз алдыма елестете отырып, ешкілердің мекеніне айналғанын қал-қадерімше суреттеп, не керек, торкөз дәптердің 5-6 бетін толтырып шықтым. Ма­қаланың авторына келгенде қатты қиналдым. Өз аты-жөнімді қояйын десем, аюдай ақыр­ған кеңшар директорының түрін елестетсем болды, зәрем ұшады. Көп ойланбастан, төсегіміз көршілес, ауылдасым Болат Ау­ға­нов­­тың аты-жөнін жаза салдым. Өзі сабаққа зерек, бірақ тым момын болатын. “Жуас түйе жүндеуге жақсы” демекші, қанша қажасақ та күліп отыра беретін. Бір жағынан, “шалдыр-шатпағымды” газет қайтсін, Уәлденнің ке­зек­ті қалжыңы шығар деген ой үстінде оты­рып, төсекке қисайған күйі ұйықтап кетіппін.

Есіктің ашылғанынан оянсам, Уәлден күліп кіріп келеді. Қолында түстік тамақ. Өз үлесін қоса ала келіпті. Жазғанымды оқып, ризашылығын білдіргендей арқамнан қағып қойды. “Қалғаны – менің міндетім”, – деді. Сөйтіп, мақаланы редакцияға салып жібер­генін кейін білдім. Бір күні Болатымыз: “Ма­қа­лаңды алдық. Жақын нөмірлердің бірінде жарияланады. Болашағыңнан үлкен үміт күтеміз. Жазып тұр”, – деген хат алып, аң-таң. “Қызықтың көкесі” сын мақала шыққаннан кейін басталды. Директордың кеңсесіне “тілші баламен” қоса облыстың маңдайалды шопан ағасы Советті шақырып, ыстық табадағы майша біраз шыжғырса керек. Тұңғыш қаламақы маған емес, оған бұйырды. Сол жылы күзде монша пайдалануға беріліп, жұртшылық оның игілігін 30 жылдай көрді”.

“Әлі күнге таңғаламын…”

“90-жылдары қазағы селдір Қызылжар өңірінде тіл үшін күрестің нағыз қызған шағы. Бір жағынан, облыстық “Қазақ тілі” ұйымы төра­ғасының қоғамдық негіздегі бірінші орынбасары міндетін атқара жүріп, елдік мәселелерге тікелей араласуға тура келді.

Бірде жұмысқа Асқар Байбатшанов деген термеші жігіт келіп тұр. Бойында ұлттық на­мысы атойлап тұрған оның сөзінен ұққаным мынау: қазақтың арыстай екі жігітін ұлты басқа біреулер жазықсыз пышақтап, бірі тіл тартпай кетсе, екіншісі ауыр халде ауруханаға түсіпті. Онсыз да тұрмыстың ауыр қамыты мойындарына ілінгендіктен, адамның ар-ұятына дейін ақшаға сатып аламыз деп есірік атқандарға зығырданы қайнап жүрген қазақтың албырт жастары орталық базардың ойранын шығаруға жиналып жатқан көрінеді. Стихиялы түрде басталған жорықты тоқтатпаса, оның арты тағы да қан төгілуге соқтыруы мүмкін. Шынында да, елуге жуық жастармен кездескенімде бәрінің де жүздері ызғарлы, қимылдары шалт көрінді. Ештеңе­ден тайынатын түрлері жоқ. “Облыс, қала бас­шыларына біздің талабымызды жеткізіңіз, әйтпесе…” – деп, айтқандарынан қайтпайтын мінез көрсетті. Мұның алдында да қазақ­тардың ұлттық намысына тиетін жағдай орын алып, нақты баға берілмегенінен ха­бар­дар екен. Ұзын сөздің қысқасы, облыстық “Ленин туы” газетінің бетінде 1992 жылдың 1 шілдесінде “Суыт хабар” айдарымен “Тал-түстегі өлім” деген мақалам жарияланды. Айтпағым, онда: қонақүйлерде тұрақсыз, тіркеусіз тұрып жатқан, еш жерде жұмыс істемейтін, тек алыпсатарлықпен айналысып, солтүстікқазақстандықтардың қанын сүліктей соруды әдетке айналдырған келімсектерді 72 сағаттың ішінде қаладан кетіру” сынды талаптарды 10 күннің ішінде орындау, өйтпеген жағдайда “Азат” қозға­лысы, “Аттан, Қызылжарға!” штабы басқа да шараларды қарастыратыны мәлімделген еді. Жергілікті билік қоғамдық ортаны алатайдай дүрліктірген бірқатар талаптармен санасуға мәжбүр болды.

Әлі күнге дейін осындай отқа май құя түсетін мақаламның қалай жарияланып кеткеніне таң­ғаламын…”

“Шын жүйрік тай кезінен білінеді”

“Біздің кезімізде журналистика факульте­тіне қабылдау темірдей тәртіптен де қатаң болатын. Белгілі шекте тасқа басылған дү­ниелерің болмаса, құжаттарды қабылдамақ түгіл, есігінен де сығалатпайтын. “Шын жүйрік тай кезінен білінеді” демекші, жазу-сызуға бейімі бар болашақ журналистер корпусын қалыптастыру үшін осы үрдісті қайта жаңғыртқан жөн секілді. Кей өңірлерде журналистика бөлімдері ашылып, жергілікті кадрлар даярлауға өз үлестерін қосып келеді. Мәселен, Манаш Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік университе­тінің аталмыш бөлімін бітірген түлектердің алды Алматы, Астана, Мәскеу қалаларында да жемісті еңбек етуде. Десе де, респуб­ликалық салалық ведомстволар тарапынан ойланатын тұстар аз емес. Ол алдымен материалдық-техникалық базаның жұтаң­дығына, оқу құралдарының жетімсіздігіне, білікті оқытушы-профессорлар тапшылы­ғына тірелсе, екіншіден, гранттардың мүлдем мардымсыз бөлінетіні. Бұдан кейін қандай сапалы білім, кәсіби біліктілік күтуге бо­ла­ды?

Біз Тауман Амандосов, Темірбек Қожа­кеев секілді ұлағатты ұстаздардан дәріс алып, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Кә­кімжан Қазыбаев, Камал Смайылов, Сейдах­мет Бердіқұлов, Нүри Муфтах, Оралхан Бөкеев, тағы басқа журналистиканың жілік майын шағып ішкен корифей қаламгерлердің шығармаларын жата-жастана оқыған буын­быз. Қазіргі қазақ журналистикасында да бүгінгі жас толқын үлгі тұтатын талантты шоғыр бар.

Маған жазғанымнан жазарым көп сияқты көрінеді. Ең бастысы – елдік, ұлттық мәселелер. Алдағы үлкен міндеттердің бірі – жер-су аттарын қазақыландыра түсу. Бұл жағынан әлі де ұялыс табатын тұстарымыз жетерлік. Өңірде отар­шылдық кезді еріксіз еске түсіретін атаулар әлі самсап тұр.

Үкіметтің Қазақстанның тұрғындар саны жеткіліксіз 7 облысына сырттан келген қандастарымызды орналас­тыру туралы шешімінен көп үміт күтеміз. Алайда, баспана, жұмыс жайы қалай болмақ деген сауал көлденеңдей береді. Бүгінде қазақ журналистері қамтымайтын тақырып, көтермейтін мәселе кемде-кем”.

Жазып алған

Ұлбосын АЙТӨЛЕН,

журналист.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp