Әр күні өзгеріске толы бүгінгі заманның көшінен қалмай, жас ұрпақты өмірге бейімді етіп тәрбиелеу ұстаздарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан мұғалім үздіксіз ізденіп, өз білімін, кәсіби шеберлігін жетілдіріп, заман талабына сай көш бастап, оқытып тәрбиелеуде өте шебер болуы қажет.
Осы орайда “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалында бастауыш сынып мұғалімдері үшін ұйымдастырылған арнайы курстың көмегі тиді. Онда оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұлттық жоспарды жүзеге асыру жолдарын зерделеп, бастауыш сыныпта шәкірттердің математикалық, ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын арттырудың әдіс-тәсілдерін оқыту үдерісінде кеңінен пайдалануға мүмкіндік алдық. Облыс орталығындағы бірқатар мектептердің функционалдық сауаттылықты дамыту тәсілдері туралы жаңа үлгідегі сабақтарына қатыстық. Курс соңында алған білімімізді жинақтау мақсатында ғылыми жоба қорғап, соның негізінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыратын әдістемелік жинақ құрастырдық.
Баланың жеке тұлға ретінде адамгершілік қасиеттерін, оқуға оң ынтасы мен іскерлігін қалыптастыру, таным әрекеті мен қабілеттерін, шеберліктерін дамыту, мектепте алған білімін өмірде тиімді пайдалануға үйретудің негізі бастауыш сыныптарда қаланады. Математиканың базистік негізін игеру арқылы бастауыш сынып оқушыларының ойлау, есептеу, өлшеу, график құру дағдысы, сонымен қоса, жауапкершілік, белсенділік, мақсатқа талпынушылық сияқты тұлғалық қасиеттері мен нақты әрекет ету білігі артады. Мәселен, Ардақ қоян өсіреді. Ол ең үлкен қоянының салмағы қанша екенін қалай біледі деген сауалға оқушылар: “Ол үшін Ардақ алдымен өзі өлшенеді. Оның салмағы – 59 кг. Енді ол қоянын қолына алып, таразыға қайта тұрады. Таразы 66 кг. көрсетті. Демек, қоянның салмағы – 7 кг (Жауабы: 66-59 = 7).
“Ел болам десең, бесігіңді түзе” дегендей, бастауыш сынып оқушыларын бірінші күннен бастап оқығанының мазмұнын түсіне білуге, алған білімдерін өмірде, әлеуметтік ортада, кез келген жағдайда пайдалануға және проблемалардың шешімін табуға үйрету мұғалімнің әр сабақтағы нақты мақсатына айналуы тиіс демекпін.
Ботагөз ИБРАЕВА,
Озерный орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Жамбыл ауданы.