«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРІ ӨНЕГЕЛІ АЗАМАТ

 

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жаңа жәдігерлермен толықты. Көзі тірісінде өңіріміздің дамуына зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері марқұм Мәркен Ахметбековтің зайыбы Күләш Ахметбекова, ұлдары Бауыржан және Серік Ахметбековтер, туған-туысқандары мұражай қорына оның жеке заттарын, құжаттарын, ордендері мен медальдарын тапсырды.

Мәркен Ахметбеков Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылында дүниеге келген. Мектепті күміс медальмен аяқтаған ол Алматыдағы ветеринарлық институтқа оқуға түседі. Өзінің еңбек жолын туған өңірінде мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында бастаған Мәркен Ахметбекұлы көп ұзамай “Ступинский” кеңшарының директоры болып тағайындалған. Кейінгі жылдары Шал ақын және Жамбыл аудандарында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болды.

Мәркен Ахметбеков 1991 жылы Кеңес одағы Коммунистік партиясы орталық комитетінің жанындағы қоғамдық-ғылыми академияға оқуға жіберіліп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге білім алған. Мұражайға тапсырылған заттардың арасында олардың академияны тамамдаған жылы түскен суреті де бар.

– Ата-анамыз бізге бақытты отбасының үлгісін көрсете білді. Әкеміз үнемі халқы, Отаны үшін адал қызмет атқарып, еңбек етуден еш уақыт аянған емес. 1990 жылы ҚазКСР-дің 12-ші шақырылымдағы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Геннадий Зенченко, Шалбай Құлмаханов, Сайлау Өтеев сияқты депутаттармен бірге 1991-1993 жылдары алғашқы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдауға қатысты, – деген Серік Мәркенұлы әкесін еске алуға жиналған қауымға алғысын білдірді.

Шараға Мәркен Ахметбековпен бірге еңбек еткен азаматтар да қатысып, естеліктерімен бөлісті.

– Мәркен Ахметбеков әрқашан көмегін аямай, қолдап, ақыл-кеңесін беруге дайын адам болатын. Мен оны өмір сүру емес, еңбек ету үшін өмір сүрді деп айтатын едім, – деген Евгений Викторов оның өмірден ерте өткеніне өкінішін білдірді.

Шара барысында сөз алған еңбек ардагері Жақсылық Ысқақов Мәркен Ахметбековтің отбасының бұл шешімін қолдайтынын айтты. Өйткені, оның өңіріміздің дамуына қосқан сүбелі үлесімен қатар, адамгершілік қасиеттері – өскелең ұрпаққа үлгі. Сондықтан мұражай қорында сақталатын бұл заттар арқылы өңір жұртшылығы оның еңбегі жайлы хабардар болады.

Бар өмірін адал қызмет етуге жұмсаған Мәркен Ахметбеков 53 жасында жол апатынан көз жұмды. Бүгінде Шал ақын ауданындағы Сергеевка қаласындағы бір көшеге және осы Ыбыраев ауылындағы мектепке оның есімі берілген. Іс-шараға мектептің директоры Есен Баржақсин қатысып, білім ордасының бүгінгі ахуалы жайлы айтып берді.

Шара барысында Мәркен Ахметбековті көзімен көрген басқа да зиялы қауым өкілдері, туған-туысқандары сөз алып, оның өңіріміз, еліміз үшін атқарған елеулі еңбектерін келешек ұрпақ ешқашан ұмытпайтынын тілге тиек етті.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp