
Кеше облыс әкімі Самат Ескендіров бірқатар қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен танысып, өндіріс қуаттылығын арттыру мәселесіне назар аударды.
Алдымен облыс әкімі “Молпродукт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сүт өңдеу барысымен танысты. Кәсіпорын директоры Роза Сүлейменованың айтуынша, тәулігіне 232 тонна сүт шығаратын серіктестік Германияда жасалған жаңа технологияның арқасында соны серпінмен жұмыс істеуде. Өткен жылы 5066,5 миллион теңгенің өнімі өндіріліпті. Кәсіпорын өнімі көршілес Ресей елінің тұтынушылары арасында да үлкен сұранысқа ие. Осылайша, серіктестік көршілес мемлекеттің шекаралас қалаларының нарығында да өз орнын тауып отыр.
Сыйымдылығы 120 мың тонналық жаңа элеватордың құрылысын жүргізіп жатқан “ТНС-Экспорт” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де әлеуеті зор. Жобаның құны 8 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін жұмыстың дені атқарылып, қаражаттың 90 пайызы игеріліпті. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында аяқталмақ. Бұл мақсатқа мемлекеттен “Бизнестің Жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 161 миллион теңгенің қаражаты бөлінген екен. Десек те шешімді қажет ететін мәселелер де бар көрінеді. Серіктестік директоры Төлеубай Әубәкіров электрмен және сумен жабдықтау желілерін тартуға, ұзындығы 1200 метр болатын темір жол құрылысына қаражат қажет екендігін жеткізді.
Самат Ескендіровтің айтуынша, автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталып, 8 адамның күшімен басқарылатын нысан Қазақстан бойынша ең ірі элеваторға айналмақ. Сондай-ақ, облыс әкімі алдағы уақытта 8 миллион тоннаға дейін астық сақтау үшін облыс аумағында тағы да бірқатар элеваторлар салу қажеттігін атап өтті.
Жұмыс сапары барысында Самат Сапарбекұлы 100-ден астам өнім түрін шығаратын “Казмясопродукт” кәсіпорнының өндірістік-технологиялық мүмкіндіктерімен де танысты. Өткен жылы мұндағы өндіріс көлемі 1096 миллион теңгені құрап, 520 тонна шұжық және 691 тонна ет өнімдері шығарылған. Серіктестік директоры Аркадий Вазнюктің мәлімдеуінше, бірінші кезекте өңірдегі нарықты толық қамтамасыз ету басты назарда. Кәсіпорын шығаратын өнімдер бүгінде облыс сауда орындарында зор сұранысқа ие болып отыр. Ет өнімдерін өндірумен айналысатын осы саладағы өңірдің мықты өндіріс орындарымен бәсекеге түскен кәсіпорын сегіз жылдың ішінде нарықтағы өз орнын ойып тұрып алды.
Бескөл ауылындағы “Молсервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де ат басын тіреген облыс әкімі мұндағы өнім шығару үдерісіне қанық болды.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.