«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ӨРІСІ

Астанада бір немересінің үйінде қазақы дәстүрмен арақ-шарапсыз өткен салтанатты шараға Тимирязев ауданындағы Сулы станциясынан тоқсанға келген кейуананың арнайы ат сабылтып барғанын естігенде, “Пойызға мінген шығар, оңайырақ қой”, – деп ойлаған едік. Олай емес, әзіз әже “қубас домалайтын” тойға автокөлікке отырып барған болып шықты…

Бір кездері комсомол, партия жұмыстарында болып, мол тәжірибе жинақтаған, нарықтық экономикаға құлаш ұрған кезден, қазір елордасы – Астанада тұрып жатса да, туған жерінде ауыл шаруашылығының егіншілік пен мал өсіру салаларымен қатар айналысып жүрген Ерболат Сахатов осы сапардан оралғаннан бері облыс орталығындағы ортаншы қызының үйінде қонақтап жатқан әжесімен мені арнайы таныстырды. Көлік прокуратурасында қызмет ететін үлкен қызы Самалдың кезекті шен алуына және академияға түсуіне байланысты Астанада туған-туысқандарының басын қосқан осы Ерболат болатын.

– Атам Қайнет бес ағайынды екен. Үшіншісі – Қабылқайыр атай. Менің әже деп отырғаным – сол ағайдың бәйбішесі Мағапия Досатайқызы. Біздің бүгінгі күні ең үлкеніміз де, бүкіл Сахатовтар әулетінің сыйлысы да, құрметтісі де – осы әжеміз. Адамның ардақты болуы әркімнің өзіне, оның ішінде мінез-құлқына, туған-туысқандармен қарым-қатынасына байланысты ғой. “Адам – сыйлағанының құлы”, дейтініміз де сондықтан. Алла тағаланың берген күш-қуатының арқасында бүтін бір әулеттің қуанышы мен ренішін бірге бөліскен, ескінің көзін көріп, естінің сөзін сыйлап өскен, тағылымға толы тірлік кешіп жүрген кейуананы кейінгілер “мама” деп атаймыз. Әйтеуір, жарқын жүзінен шуақ шашатын, ақ жүрегімен айналасын нұрландырып, әлі күнге дейін көңілі жас екендігін көрсетіп тұратын қариямыз біздің әулетіміздің алтын қазығы, түп-тамыры іспетті. Дана ақылгөйіміз де, жөн сілтер білгіріміз де, бойтүзер темірқазығымыз да – өзі, – дейді кісілік пен кішілікті бойына дарытқан, сөз құдіреттілігін таныта сөйлейтін Ерболат Ержанұлы.

Ерболаттың айтуынша, әжесінің ортаншы қызы Алма орталық “Қызылжар” мешітінің жанында тұрады. Бес мезгіл намазын қаза қылмайтын абзал ана бұл жерден сәл қашықтау тұратын жалғыз ұлының үйіне қарағанда, қызының пәтерін құп көрген сыңайлы. Өйткені, Құдайға құлшылық ететін құтты мекенге барып, қайыр-садақасын беруге де, аруақтарға арнап Құран оқытуға да осы қызының үйі қолайлы. Біз сол үйді бетке алып келеміз.

Қара торы жүзін әжім басқанымен, көзінің нұры тая қоймаған, тұла бойынан аса бір жинақылық байқалатын Мағапия әжей қарияларға тән әдетпен ерте тұрғанға ұқсайды. Тып-тың, кескін-келбеті соны аңғартады. Үстіне қонымды көйлек киіп, қырау шалған шашын көрсетпестей, орамал тартып алыпты.

– Қазіргі Шал ақын ауданындағы Социал ауылында осыдан 90 жыл бұрын дүниеге келіппін. Балалық шақтың қызығын көруге кенеттен басталған қанқұйлы соғыс мүмкіндік бермеді. Жасымызға қарамай, ерте есейдік. Сол кездің бар шындығын көзбен көруімізге, бүкіл ауыртпалықты елде қалған үлкендермен бірге бөлісуімізге тура келді. “Ішсек – асқа, кисек киімге жарымадық” дегендей күй кеше жүріп, колхоздың жұмысына жегілдік. Масақ та тердік, егін де жинадық, сиыр да саудық. Қолымыздан келген көмегімізді аяған жоқпыз. Сол кездегі заманның талабы сондай болатын. “Бәрі де – майдан үшін!” еді ғой, – дейді Мағапия Досатайқызы өткен күндері жайлы сыр суыртпақтап.

Қатардан қалмай, соғыс жылдарының ащы-тұщысын елмен бірге татқан, ауылдағы баскөтерерлермен таңды бірге атырып, күнді бірге батырған, сөйте жүріп, қиын күндерде шыңдалған қария бұл күндері тыл еңбеккері атанып отыр. Өңіріндегі медальдар – соның айғағы.

Әжейдің айтуы бойынша, көптен күткен Жеңіс күні келіп, ел еңсесін көтере бастаған 1948 жылы қазан айында Қабылқайыр Сахатұлымен отау құрыпты.

– Екі жақтың ұйғарымы солай болды. “Барасың!” – деді, бардым. Қалыптасқан тәртіп бойынша ата-ананың шешіміне қарсы келген жоқпын. Үйдегілердің өзіме жамандық ойламайтынын түсінемін. “Бір білгендері бар шығар”, – дедім де, Қабекеңнің етегінен ұстап жүре бердім. Оған күні бүгінге дейін өкінбеймін. Сөйтіп, 70 жылдан бері Сахатовтар әулетінің келіні, бір отбасының анасы, немере-жиендердің әжесі, шөбере-шөпшектердің ұлы әжесі болып келемін. Қосылған қосағым соғысқа қатысып, жаралы болып елге оралған жауынгер екен. Екеуіміз 36 жыл бірге тату-тәтті ғұмыр кештік. Соғыста алған жарақаты сыр берді ме, әйтеуір, 1984 жылы келмес сапарға аттанып жүре берді, – дейді көпті көрген көнекөз қария.

Отбасында сақталып қалған әскери билетіндегі жазба бойынша, Қабылқайыр Сахатұлы 1939 жылы Марьевка аудандық әскери комиссариатының шақыруымен азаматтық борышын өтеуге аттанған. Алайда, әскери қызметтің мерзімі біткенмен, елге оралуына кенеттен басталған алапат соғыс бөгет жасаған. 1941 жылдан 1944 жылға дейін 316-атқыштар дивизиясының (кейін И. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның) 1075-полкі құрамында Мәскеуді жаудан қорғауға қатысып, солдаттың керзі етігімен Еуропаның біраз жерін шарлаған, тек жарақат алып, ұрыс қимылына жарамсыз болғаннан кейін ғана туған жеріне оралған. Майданда “Ерлігі үшін” медалімен марапатталыпты.

– Жаралы майдангер болғанымен, үйде қол қусырып отыруға болмайды. Отағасы көрші Ленин (қазіргі – Ысқақ Ыбыраев), Заря ауылдарында, сол кездегі аудан орталығы Марьевкада байланыс қызметінде еңбек етті. 1964 жылы Тимирязев ауданындағы Сулы станциясына көшіп келдік. Отағасым сондағы ауданаралық сауда базасына қойма меңгерушісі болып орналасты. Мен сол кісінің қарамағында зейнеткерлікке шыққанша істедім, – дейді өткен қиын-қыстау кездерді есіне алған Мағапия әжей.

Үш ауданның жұмысшы кооперативтерін, оның қарамағындағы дүкендерді азық-түлікпен, киім-кешекпен, жиһазбен, күнделікті қажетті бұйымдармен қамтамасыз етіп отырған сауда базасының мәртебесі ол кезде өте жоғары болатын. Облыс орталығынан жеткізілген тауарлар осында жинақталып, қоймалардан бөлінетін. Сондықтан онда қызмет ететіндер “аудандағы ең керек адам” саналатын. Осындай жерде жұмыс істеу зор жауапкершілікті, адамгершілікті қажет ететін. Ерлі-зайыпты Сахатовтар сол міндет биігінен көріне білген. Зейнеткерлікке шыққанша осы сауда базасында еңбек еткендері соны айғақтайды.

Мағапия Досатайқызы – жұмыс істей жүріп, тоғыз құрсақ көтерген ана. Олардың үшеуі ерте шетінеген көрінеді. Үш ұл мен үш қыздың алаңсыз өсуіне ата-ана ерекше көңіл бөліп, рухани жағынан тәрбиелі, көргенді, қатарынан қалмайтын көшелі азамат болып қалыптасуларына қолдан келген жағдайларын жасаған. Әке мен шешенің зор үміті ақталғандай. Бұл күні о дүниелік болған ұлы Мереке еңбек жолын қатардағы жүргізушіліктен бастап, автобаза директорына дейін көтерілген, ал Рәшиті өмірінің соңына дейін денсаулығына байланысты облыс орталығында зағиптар қоғамында еңбек еткен. Бұл күні қатарда жүрген ұлы Нұрлан жүргізуші болып, зейнеткерлікке шыққан. Қазіргі уақытты ерлі-зайыпты Нұрлан мен Мәриям облыс орталығында тұрады. Бір ұлдан екі немере сүйіп отыр.

– Үш қызым да құтты орнын тапты. Үлкен қызым Майра мектепте зертханашы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Қызылжар ауданының Соколовка ауылында тұрады. Алма қалада, балабақшада қойма меңгерушісі болып істейді. Ең кенже қызым Қарлығаш пен күйеу балам Марат С.Мұқанов атындағы Тимирязев мектеп-гимназиясында ұстаздық етеді. Бастауыш сыныптарға сабақ беретін Қарлығашым “Жыл мұғалімі – 2003” республикалық байқауында үшінші орынды иеленді, Қазақстан Республикасы білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезіне делегат болып қатысты. Алла тағалаға мыңда бір рахмет! Бұл күні 14 немереге, 18 шөбереге, 2 шөпшекке әже болып отырмын, – дейді Мағапия Досатайқызы. Кейуананың айтуына қарағанда, немере-жиендерінің алды үйлі-баранды болып, таңдаған мамандықтары бойынша Тимирязев элеваторының бастығы, “Еуразия” банкінің облыстық филиалының бас маманы, “Қазпошта” АҚ-ның операторы, “Қазмұнайгаз” жанармай станциясының бас бухгалтері, жеке кәсіпкер, эколог сияқты қызметтерде еңбек етіп жатқан көрінеді.

– Мағапия әжеміз өзінің тұла бойына біткен талапшылдығының, қонақжайлылығының, кісі алаламайтындығының, көпшілдігінің арқасында ағайынның арасында да, түтін түтетіп жатқан жерінде де құрметке бөленіп отыр. Қолына түскен біздің әулеттің келіндерін “өз шекпенінен” шығарды десе де болады. Олардың өзі немере сүйіп отыр. Қыздары да тәрбиелі. Не десек те, “тоқсандағы тарлан” атанған әжеміз жарты ғасырдан астам ғұмырын өткізген Сулы станциясын қиып кете алмауда. Онда екі пәтерлік үйде өзімен көрші тұрып, бақилық болған ұлы Мерекенің отбасы бар. Шаңырақтың үлкені үйленгенмен, екінші немересі Есен әлі өз отауын құра қойған жоқ. Соған қарайлайды. Әйтеуір Сахатовтар әулетінен тараған ұрпақтардың амандық-саулығын тілеген, олардың қатардан қалмауына ақылымен де, жеке өмір үлгісімен де үлес қосып жүрген “мамамыз” өз жолынан жығылып көрген емес. Күш-қуаты барда шақырған жерден қалмайды. Жақсылыққа сүйсінеді, жамандыққа көппен бірге күйінеді. Мағапия әжеміз сонысымен құрметті де ардақты, – дейді Ерболат Ержанұлы.

Нұрсайын ШӘРІП,

журналист.

СУРЕТТЕ: М.Сахатова отбасының ортасында.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp