Наурызда жұртшылықты қуанышқа бөлеген республикалық командалық айтыс арада ай өтпей екінші мәрте Қызылжар төрінде салтанат құрды. Өткен айналымда Шығыс Қазақстан облысының командасынан озған жергілікті өнерпаздар бұл жолы астаналық майталмандармен бақ сынасты. Жердің бауыры жібіп, егіс алқаптары бусанып жатқан шақта өткен айтыстың тақырыбы еңбек адамдарына арналды. Шараны жүргізген ақын Аманжол Әлтай теріскейдегі диқандардың еңбегі құрметке лайық екенін атап өтті.
Кешегі Қожаберген жырау көш бастаған, Шал ақын шалқытып жырын төккен, Сегіз сері, сал Біржан, Ақан сері сал-серіліктің керуенін өрге тартқан, ұлы Мағжан қазақ поэзиясына жаңалық әкелген елде сайысқа түскелі тұрған қос команданың қадамы құтты болсын. Ұлттық өнеріміздің көші салтанатты болғай, – деді Аманжол Әлтай.
Сайыстың шымылдығы түріліп, айтыстың аламаны қызды. Бұл жолы сүре айтыста өңір намысын Қабдолла Бейісхан қорғап, елордалық Еркебұлан Қайназармен үзеңгі қағыстырды. Сүре айтыстың ережесіне сай екі ақын да қолтығын жаза ұзақ көсіліп, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Ә дегеннен Еркебұлан Қайназарға жезде деп қалжыңдаған Қабдолла ұтымды ойларымен, тапқыр жауаптарымен көптің көңілінен шықты. Тап бермеде бір-біріне есе жібермей, сөз жарыстырған ақындар еңбек адамының да мерейін асырды. Қызылжардың жүйрігі:
Төлебай Мұстафиндей еңбек ері,
Түлеп ұшқан киелі осы жерден.
Еңбекшіл халық едің егін егіп,
Қайғысыз қара жердің төсін емген, – деп шаруаларды тілге тиек етсе, Еркебұлан Қайназар да тақырыпты жырмен мүсіндеді:
Тұңғыш газет осында шыққан екен,
Арыстар арпалысып соңғы адамша.
Қолөнер де болыпты осы жерде,
Шіркін-ай кейінгі ұрпақ қолдана алса.
Еңбек, еңбек, еңбек деп келесіздер,
Энеолит дәуірінен бермен алса.
Айтыс ақындарына төрелік еткен ақын Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай, академик Дихан Қамзабекұлы екі жүйрікті де жоғары бағалап, ең жоғары баға берді.
Сүре айтыстан кейін жырға да кезек келіп, Қызылжарлық Тоймырза Абашев пен астаналық Елмұра Жаңаберген сахнаға шықты. Тоймырза Абашев Қожаберген жыраудың «Күлдірмамай» дастанын орындаса, қарсылас команданың өнерпазы Әсеттің әйгілі «Салиха-Сәмен» дастанын ала келіпті. Бұл өнерге белгілі жыршы Берік Жүсіпов баға берді.
Бұдан кейін қысқа-нұсқа жауаптасып сөз қағыстыратын түре айтысқа кезек келіп, Жұмабек Рахимов пен Иранғайып Күзембаев өнерлерін паш етті. Алайда екі ақын да ондыққа дәл тигізе алмай, тоғыз ұпайды місе тұтты.
Келесі кезекте күй тартысқа елдің назары ерекше ауып, Асхат Ғалеев пен Бақытжан Дүйсенғазиев халықтың қошеметіне бөленді. Ұстаз бен шәкірттің, аға мен інінің арасындағы күй тартысқа белгілі өнер майталманы Жанғали Жүзбай жоғары баға берді.
– Елдің намысын арқалап, тұтқасын ұстау оңай емес. Асхат сол міндетті абыроймен атқарып шықты және өз ұстазымен тең өнер көрсетті. Ұстаз бен шәкірт арасындағы күй тартыс тарихта бұрын да болған. Бүгін де сондай деңгейдегі өнерді тамашаладық, – деді Жанғали Жүзбай.
Командалық айтыста арқаланып, делебесі қозған көрермен қызылжарлықтарға қолдау білдіріп, қошеметін аямады. Қатысушылар да шын тілекші болған халықтың үмітін ақтауға барын салды. Алайда қыз бен жігіт айтысына шыққан Берденбек Мырзат қарсыласы Фариза Жетпісбайға есе жіберіп алды. Көп өтпей Жарқын Жұпархан таразы басын қайта теңестіріп, қайым айтыста астаналық Нартай Тілеуқұлдан басым түсті.
Өнер кешінде дәстүрлі ән бойынша Біржан Есжан мен Гүлмира Сарина ән салды. Бұл жолы Біржан Есжан Зілқара шешеннің ұмыт болып бара жатқан «Сексен сегіз» әнін орындады.
Командалық жарыс термемен түйінделіп, қызылжарлық Мейрамгүл Здуалива мен елордалық Ерболат Шалдыбеков текті өнердің қасиетін танытты. Қазылар алқасының шешімімен олар да тең түсті. Соңында қазылар екі аймақтың сегіз ақынын сахнаға шығарып, Құлмамбет айтыс жасады. Алқа-қотан топта тауып айтуға тырысқан команда мүшелері бірінің сөзін бірі іліп әкетіп, есе жібермеуге тырысты. Алайда Құлмамбет айтыста төрешілердің басым бөлігінің ұпайы Астана командасына беріліп, жеңіс Арқадан келген командаға бұйырды. Осылайша республикалық айтыстың екінші айналымына өткен бес команда анықталды.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.