Уақыт деген ұшқыр-ау, ұшқыр! Оны уысыңда ұстап тұру мүлде мүмкін емес. Өйткені, оның күнді күнмен ауыстырып, айды аймен алмастырып, жылды жылмен жалғастырып, қалай тез өтіп кеткенін білмей де қаласың. Өзім қалам ұстаған саналы ғұмырымның көп уақытын өткізген өңіріміздегі қарашаңырақ атанған облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің 90 жылдық торқалы тойын атап өткеніміз күні кеше ғана сияқты еді. Әне-міне дегенше, содан бері бес жыл уақыт бес күндей болып өте шығыпты-ау.
Енді бүгін Қой жылы той жылына айналып, сүйікті газетімізге тағы да бес жыл қосылып, ол 95 жасқа толып отыр. Сондықтан оның оқырмандарын, редакция ұжымын, журналистер қауымын осы айтулы күнмен қызу құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін!
Бүгінде зейнетке шықсам да, әлі тұғырдан таймай, журналистік жолымды одан әрі жалғастырып келемін. Қазір облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында баспасөз хатшысы болып қызмет атқарамын.
Сүйікті газетіміздің 95 жылдығымен ұжым мүшелерін, қалың оқырманды құттықтай отырып, қазіргі ақпарат айдынында өресі биік, өрісі кең таңдаулы басылымдардың бірі бола беруіне тілектестігімді білдіремін. Ол үшін бүгінгі ұжым журналистері қауымында барлық мүмкіндік пен шеберлік жетерлік.
Әскер ӘБІЛҚАЙЫР,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы, Қазақстанның құрметті журналисі.