«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРКЕНДЕУДІҢ БЕЛГІСІ

Саналы ғұмырымды денсаулық сақтау саласына арнаған адамның бірі – өзіммін. Мамандығым бойынша хирургиялық бағыттағы анестезиолог-реаниматолог дәрігермін. Бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана медициналық университетін тамамдаған соң еңбек жолымды Аққайың аудандық орталық ауруханасынан бастадым. Онда 25 жыл бойы хирург әрі анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып қызмет еттім. Кейін жұмысымды Петропавл қаласындағы №4 емханада жалғастырдым. Зейнетке шығар алдында облыстық туберкулезге қарсы диспансердің анестезиолог-реаниматолог дәрігері болдым.

Бала күнімде ауылдың ақсақалдары отыра қалса: “Қартайған шақта бейнет көрсетпе”, – деп Аллаға жалбарынушы еді. Оның мағынасы тереңде жатыр екен. Зейнет демалысына шығып, немере-жиендерді мәпелеп отырудың өзі – бір бақыт.

Дерт айтпай келетіндігін дәрігер ретінде жақсы білемін. Өткен жылы жүрегім сыр беріп, науқастанып қалдым. Облыстық кардиологиялық орталықтың мамандары жүрегімде ақау барын байқап, диагнозды растау үшін квотамен Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми-кардиохирургиялық орталыққа жіберді. Онда диагнозым нақтыланды. Созылмалы жүрек ауруына шалдығып, дертім әбден асқынғандықтан, күрделі ота жасау ұйғарылды. Мені ажал аузынан бірінші – Алла, екінші – елімізде ғана емес, есімі одан тысқары жерлерде де жақсы танымал Қазақстанның Еңбек Ері, кардиохирург Юрий Пя басқарған орталықтың ұжымы аман алып қалды.

Маған жасалған ота күрделі еді. Ашық жүрекке жасалды. Кардиохирург алдымен аортокоронарлық шунттеу отасын істеді. Одан кейін төрт бөліктен тұратын жүрекке жасанды сол жақ жүрекше орнатты. Жүрекке қанды айналдырып, қан қысымын бірқалыпта ұстап тұратын құрылғы қойды. Сұрастырып білсем, оның құны – 350 мың еуро. Науқастар үшін барлығы тегін. Ота үшін де, дәрі-дәрмекке де, құрылғыға да бір тиын ақша шығарған жоқпын. Бұл – мемлекеттің халқына жасап отырған ең үлкен игілігі. Әр науқастың кеудесіне үміт отын тұтатқан кардиохирургтер бастаған орталықтың медициналық қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Қазіргі таңда облысымыздың дәрігерлерінің үнемі бақылауындамын. Ота жасалғалы бір жылдай уақыт өтті. Міне, тағы да квота арқылы Ұлттық ғылыми-кардиохирургиялық орталық дәрігерлерінің қарауына келдім. Мұндағы медициналық қызметкерлердің жайсаңдығы, басқарма төрағасы Юрий Пяның кәсібилігі мен шеберлігі бір бөлек, жанарынан төгілген шуақтың өзі науқастың емделуіне үлкен сеп болатындай.

Аманжол ҚҰСБЕК,

ардагер дәрігер.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp