«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫЗ БАСЫЛЫМ

Әкем саналы ғұмырын ұстаздыққа арнағандықтан ба, газет-журналды көп оқитын. Ел жаңалықтарына жіті құлақ түрумен қатар қолына қалам алып, түрлі мәселелерге үн қосып отыру қанына сіңген қасиет еді. Шежіреге жетіктін, жазу-сызуға да қаражаяу емес-тұғын. Баспасөзге жазылу науқанынан шет қалып көрген кезі жоқ. Ұйымдастырушылық жұмыстың үнемі белортасында жүретін, кәдуілгі міндетіндей санайтын. Кей әріптестері күйбің тірлік жетегімен жазылуды кешіктіріп алса, естеріне салып отыратын.

“Дөңгеленген дүние жаңалықтарын, елдің күнделікті тыныс-тіршілігін, жердің, атамекеннің тарихын білгің келсе, ұлттық газетке жазылуды ұмытпаңдар. Ой-өрістерің, білімдерің толысады, рухани жаңарасыңдар”, – деп айтудан жалықпайтын. Осындай қимас сәттерді сағынышпен еске аламын.
Шыны керек, қазір осы үрдіс үзіліп қалды. Кітап, газет, журналға деген қызығушылық бәсеңдеп кетті. Оның себептері әрқилы. Жедел, жылдам дамыған ұшқыр уақыт, көз ілеспейтін жаhандану үрдісі адамдарды дегеніне мәжбүрлеп, әсіресе, жастар жағы ғаламторға, ұялы телефондарға, смартфондарға телмірді. Ақпаратқа қолжетімділік анағұрлым жеңілдегені рас. Бірақ, қалай десек те, техника газет-журналдың орнын ауыстыра да, алмастыра да алмасы анық. Оның маңызды құндылық екенін бағаламай жүрген – өзіміз. Еліктеушілік тұтынушылық, тоғышарлық пиғылға жалғасып, таңсық пен қаңсықты ажыратудан қалып барамыз. Өркениетті елдерде газетті жаңалықтың жаршысындай, мәдениеттіліктің белгісіндей, ақпараттың көзіндей санайды. Оған шетелдерде болғанда көзім анық жетті.
Жаңалықтарға қанығу үшін ғаламторға үңілу шарт емес. Оның үстіне дұрысы қайсы, бұрысы қайсы – ажырату қиын болып барады. Әкем марқұм айтқандай, кешкі шай үстінде газетті қолға ұстап, әр бетін асықпай парақтап оқығанға не жетсін! Сондай сүйікті басылымдарымыздың бірі, бірегейі – облыстық “Soltústik Qazaqstan” газеті десем, артық айтқандық емес. Үнжария беттерінде оқырманға ой тастайтын салмақты дүниелер, құнды материалдар, ауылдан бастап төрткүл дүниеге дейінгі жаңалықтар, талдамалы мақалалар жүйелі түрде жарияланып тұрады. Алаш арыстары іргесін қалап, қолтаңбасын қалдырған, оқырманның көңілінен шығып, шынайы сұранысқа ие қарашаңырағымыз қазір қолдауға өте зәру. Өйткені, әлемді жайлаған коронавирус індеті баспасөзге де өз салқынын тигізбей қойған жоқ. Бірақ солай екен деп кәсіпкерлер, қалталы азаматтар, тіл, ұлт жанашырлары қол қусырып отырсақ, елдігіміз, намысымыз қайда? Тұрақты оқырмандардың арасында зейнеткерлер, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар аз емес. Олар үшін сүйікті басылымын алдыртып оқудың жөні басқа, орны бөлек. Ал қол үзіп қалудан асқан азап жоқ шығар. Жан-жақтан аш мысықтай анталаған қымбатшылық қысқан уақытта жазылуға мүмкіндіктері келе бермейтіні анық. Сондықтан да мен өзім тұрақты оқырман болып қана қоймай тұрмысы төмен 10 отбасыға “Soltústik Qazaqstan” газетін жаздыртып беруді жөн көрдім. Менің бұл ұсынысымды жеке кәсіпкер, әйелдер күштері “Альянс” қауымдастығының белсенді мүшесі Елена Семидоцких та жалғастыратын болып отыр.
Қатар жүрген дос-жарандарыма, қызылжарлық оқырман қауымға айтарым, жүзжылдық тарихы бар басылым таралымын көбеюіне бәріміз бір кісідей атсалысайық!

 

Бақытжан СӘМИЕВА,
“Виктория” сақтандыру қоры” АҚ-ы Петропавл филиалының директоры. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp