Жергілікті полиция қызметі және әкімшілік полиция қызметкерлері жолаушылар көлігін жүргізушілерді толғандырған мәселелер туралы өз ауыздарынан естігенді жөн көрді. Полицейлер мен жүргізушілердің кездесуі автобус парктарында өтті.
Петропавл жүргізушілері құлақтарына құлаққап таққан немесе телефонмен сөйлесіп бара жатып жаяу жүргінші өтпесінен өтетін адамдардың көптігін айтып шағымдануда. “Жаман айтпай, жақсы жоқ” дегендей, жүргіншілердің мұндай жауапсыздығының соңы апатқа апарып соғуы мүмкін. Сонымен қатар кездесуге қатысушыларды ақ қар, көк мұзда аялдамалардың маңайы сын көтермейтіні алаңдатады. Жүргізушілер қыстыгүні аялдама алдындағы жолға үнемі құм немесе тұз себуді сұрады. Қоғамдық көлік жүргізушілері «Тайга» сауда үйі, «От и до», «Квант» дүкендерінің қасында тоқтайтын автокөліктердің көптігіне наразылық білдірді. Жүргізушілермен кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынды.
«Автобус» жедел-алдын алу шарасының 8 күні ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан 956 заң бұзушылық анықталды.