Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған бір топ жас мамандар салтанатты жағдайда ант қабылдады.
Жиынды құттықтау сөзбен ашқан Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Қадырбек жиналғандарды егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді айқындайтын басты нышандарымызды аялау құрметіне ие болған жастардың жұмысына сәттілік тіледі.
Ал департамент басшысының орынбасары Светлана Зайцева мемлекеттік рәміздердің тарихына тоқталып, заң талаптарына сай рәміздерді пайдалану және орналастыру тәртібімен таныстырды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған қызметшілерге жүктелген міндет пен жауапкершілікті жоғары деңгейде атқару керектігін тілге тиек етті.
Бұдан кейін жергілікті атқарушы органдарға жұмысқа орналасқан бірқатар мемлекеттік қызметшілер ел игілігі жолында аянбай еңбектеніп, халқына адал қызмет етуге ант берді. Департамент басшысы Мұрат Қадырбек қатарға қосылған қызметкерлерді құттықтап, олардың әрқайсысына ескерткіш сыйлық табыстады.
Мемлекеттік қызмет саласында көптен бері қызмет етіп келе жатқан аға буын өкілдері жас мамандардың мемлекеттік қызметшіге сай абырой мен бедел биігінен көрінулеріне тілектестік білдірді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.