«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ ЖОҚ…”

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай сотталғандарға рақымшылық жасалады. Кешегі қылмыскер бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қауіп төндірмей ме, Сіз қалай ойлайсыз?

Берік БІЛӘЛОВ,

облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры:

– Ұлы мерекелер қарсаңында жаза басып, опық жегендерге кешірім жасалып жатады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерей-тойына орай Мемлекет басшысы “Рақымшылық туралы”, Заңға қол қоятын болса, онда еліміз бойынша 1800-дей жазасын өтеуші мерзімінен бұрын бостандыққа шығады. Ал кімдерге кешірім жасалатыны жөнінде айтар болсақ, алдымен азаматтар­дың әлеу­меттік әлжуаз санаттары – кәмелет­ке тол­мағандар, жүкті әйел­дер, кәме­летке толмаған бала­лары немесе мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ, кәмелет­ке толмаған бала­лар­дың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адам­дар, I, II және III топтағы мүгедектер, елу жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс жас­тағы және ол жастан асқан ер адам­дар, Ұлы Отан соғысының қаты­сушы­лары мен мүгедектері және оларға теңес­тірілген адамдар тізімге енеді. Бірақ аса ауыр қылмыс жасағандарға, лаңкестік бабы бойынша сотталғандарға кешірім жасалмайды. Сондықтан кешегі қылмыскер бүгінгі күні қоғамға қауіп төндіреді деп қорқудың қажеті жоқ. Тағы бір айта кететін жайт, рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шыққандар арнайы құқық қорғау органдарының тізімінде болады.

Қазақта “Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапса” деген ұлағат бар. Өмірде сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ қой, сондықтан жаза басқандар үшін жаңа өмірге мүмкіндік берілуі өте орынды.

Дайындаған

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp