Қазақтың ұлттық тағамдарын сөз еткенде қымызға назар аудармау мүмкін емес. Себебі, ғылыми дәйектерге сүйенсек, қымыз талай дертке дауа болар қасиетке ие.
Жиырма жылға жуық кеңшар басқарған Нағашыбай Барлыбаев – емдік қасиеті мол қымыз өндіру ісінде біраз жетістіктерге қол жеткізген кәсіпкерлердің бірі. Бүгінде Мамлют ауданындағы “Арқалық” шаруа қожалығы іскер азаматтың басшылығымен жылқы малын өсіріп, қымыз өндірісін жолға қойған. Иелігінде 400-ден астам жылқысы бар болса, 190 сауын биеден жиналған саумал Андреевка ауылындағы шағын зауытқа жеткізіледі. Бұл жердегі шетелдік заманауи құрал-жабдықтардың арқасында тәулігіне бір мың литр қымыз өндіруге болады. Құтыларға құйылған дайын өнім облысымыздың және көрші Ақмола облысының, сонымен қатар Ресейдің Омбы, Түмен және Қорған қалаларының сауда орындарына жөнелтілуде.
– Қымыз қазақ үшін дастарқанның ырысын келтіретін берекенің, дәулет пен салтанаттың белгісі ғана емес, адам ағзасына өте пайдалы. Туберкулез, бронхит, энтероколит сияқты ауруларды емдеуде қолданылады. Осы орайда ел көлемінде емдік қасиеті мол сусынды өндірудің инновациялық жобасының негізін қалағанымызды мақтан тұтамын, – деді Нағашыбай Сабырұлы.
Кәсіпкер, ғалым және облыстық инновациялық жобалардың, халықаралық көрмесайыстардың жеңімпазы Нағашыбай Барлыбаев осыдан он жыл бұрын өзінің бұл арманымен тілшілер қауымымен бөліскен еді.
– Қымыз және балшықпен емдеу жобасына қолдау тапқым келеді. Шаруашылығымызға жақын жерде бірегей, өзінің емдік балшығымен танымал, күкіртті сутекке бай Меңкесер көлі бар. Оның балшығы емдік қасиеті жағынан әйгілі Өлі теңіздің балшығынан кем емес. Өкінішке қарай, оның қадірін біліп жүргендер кемде-кем. Ол аймақты қалыпқа келтіріп, абаттандырып, қажетіне жаратайын десе ресми медицина мен кәсіпкерлердің қолы қысқа. Егер де әріптес табылса, қымыз-балшықпен емдеу орнын ашуды қолға алар едім. Қымыз өнімі бар, қажетті процедураларды қабылдайтын кабинеттер табылар”, – деген болатын кәсіпкер.
2012 жылы киелі жануардың сүтін өндіруді жолға қойған қожалықтың басшысы “Даму” қорының қаржылай қолдауының арқасында Петропавл қаласының Бостандық көшесінде салынған халықтық емді қолданатын, саз-балшықпен және қымызбен емдейтін “Nomad” шипажайына тілшілер қауымын қонаққа шақырған болатын. Ғимараттың астыңғы қабатында қымыз бен шипалы саз балшықпен емдеу бөлімі орналасқан. Күніне 50-60 науқасты қабылдауды жоспарлап отырмыз.
– Жасы 45-тен асқан әрбір адам үшін остеохондроздан сақтанған артық болмайды. Біз бұл ауруды асқындырып алғандарды, басқа да кеселдерді емдейтін боламыз. Келушілер қалауынша жертөледегі сазбалшықпен немесе басқа да өсімдіктерден жасалған емді қабылдағаннан кейін екінші қабаттағы қымызханада демалады. Қазір де балшықпен емдеу орны үшін лицензия рәсімдеудеміз, – деген еді кәсіпкер.
Міне, содан бері төрт жыл өтті. Бірақ емдеу кешені іске қосылмады. Неге? Ғимарат салынды, қажетті мамандар мен қымыз да жеткілікті. Әлде Нағашыбай Сабырұлы арманынан айныды ма?!
…Мен Нағашыбай Барлыбаевты ширек ғасыр уақыт бойы білемін. 1990 жылы тәжірибелі агроном өңірімізде мол өнім алды. Маңдай терінің жемісін көрген маман “Тоқшын” кеңшарынан 10500 гектар егістігі бар “Андреев” кеңшарына ауысқан болатын. Бұл екі шаруашылық Бескөл ауданына қарасты болған еді. Екі жыл ішінде есіл еңбектің арқасында жаңа басшы шаруашылықтың басты мәселесіне айналған – мал шаруашылығы фермаларына жемазық өндірісін жолға қойды.
1991 жылы облыстық телерадиокомпанияның режиссері Галина Шведова Нағашыбай Барлыбаев туралы фильм түсіруді ұсынды. Мен бұл шешімді қолдап, қатарынан үш жыл күзгі науқан аяқталар уақытта Андреевка ауылының тыныс-тіршілігіне зер салдым. Осы уақыттың ішінде мен Нағашыбай Сабырұлының сол кезде ауылдық округтегі фельдшерлік-акушерлік пункттің аға дәрігері болып қызмет атқарған зайыбы Күлжиян Уәлиқызымен, балалары Асхат, Динарамен таныстым.
Бір сәт ерекше есімде қалыпты. Бейнеоператор Ильдар Сайытбековпен бірге “Андреев” кеңшарының үшінші бөлімшесі – Бостандық ауылындағы мектепте күрестен өткен сайысты түсірген болатынбыз. Кейін жолымыз болып Петропавлда тұратын туысының үйіне сапар шегіп бара жатқан Барлыбаевтардың көлігіне отырып, жолға шықтық. Туған күн мерекесіне бара жатқан ол жол-жөнекей бір шоқ гүл сатып алды. Бір уақытта әдемі гүлдерді қарап отырған Асхат оның бағасын сұрады. Ата-анасының жауабын естіген ұл: “Мұндай гүлдерді өзіміз өсіруді қолға алуымыз керек. Пайдалы екен”, – деді. Көлікте отырғандар баланың сөзіне езу тартып, күлді. Ұлының сөзіне сәл жымиған Нағашыбай Сабырұлы: “Болашақ кәсіпкер өсіп келеді”, – деді. Құдай аузына салғандай, айтқаны келді. Бүгінде Асхат Нағашыбайұлы Есіл ауданында ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүр.
Үздік агроном және білікті басшы Нағашыбай Барлыбаев бірнеше жыл қатарынан “Арқалық” шаруа қожалығы мен “Асхат-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің арқасында өзінің көпжылғы арманын жүзеге асыруға қажетті алғашқы капиталын жинады. Нәтижесінде еңбегі жемісін беріп, 2007 жылы шаруа қожалықтың негізінде шағын зауыт ашып, құтыға құйылған қымыз саудасын бастаған. Ал кейін өз қымызын нарыққа шығарған. Бүгінде ел бойынша “Арқалық” шаруа қожалығының тұрақты тұтынушылары қалыптасқан.
Қымыз өндіру екінің бірінің қолынан келетін оңай іс емес.
– “Арқалық” шаруа қожалығы құрылған уақытта алдымен астық өсірумен, кейін мал шаруашылығымен айналыстық. 2004 жылы серіктестікте қазақтың “Жабы” тұқымды жылқысын өсіру жұмысын бастадық. Бастапқыда бізде бар-жоғы 45 жылқы болды. Алдымызға жылқы санын 500-ге дейін жеткізу мақсатын қойдық. Әрине, алғашқы кезде жұмыс қиын болды. Алайда, қымызды дәл өнеркәсіптік көлемде шығару өмірлік мақсатым, артымда қалдырғым келген із болғандықтан, берілген жоқпын.
Ол кезде қымыз өндірісі Қазақстанда Семей қаласында ғана қолға алынған. Арманынан айнымаған шаруашылық басшысы біраз ізденген. Бұл салада тәжірибесін арттыру мақсатында Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Аяз Рамазановпен бірге бүкілресейлік жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының еңбектерімен танысқан. Башқұртстанның астанасы – Уфа қаласында, ал кейін Ресейдің Рязань қаласындағы жылқы шаруашылығы институтында болып, білім ордасының директоры Елена Гладковадан біраз мәліметке қанығып қайтқан.
Сөйтіп, білімі толыққан жерлесіміз 2007 жылы қымызды өнеркәсіптік деңгейде өндіруде алғашқы қадамын жасады. Ауылда бос тұрған ғимаратқа ТМД мен шетелде шығарылған заманауи құрал-жабдықтар сатып алып, орнатқан. Әрине, өз қаржысы жетпеді. “ТұранӘлемБанк” АҚ облыстық филиалына жүгініп, алған қаражаты бизнес-жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Жолы болып, ісі оңға басты. Көп кешікпей өнімі облыстың нарығына шықты.
– Мен бала кезімде ішкен қымыз дәмін әлі ұмытқан жоқпын. Анам бір сауын биені бізге, балаларына, әкеме, туыстарымызға сауса, ал екінші биені қонақтарға арнап сауатын. Сондықтан да мен әр уақытта технологияларды сақтай отыра жасалған өнімімізден анамның қымызының дәмін сезгім келеді. Нәтижеміз көңіл қуантарлық. “Халал” куәлігіне ие барлық өнімдеріміз республикалық және халықаралық көрмелерде жеңімпаз атануда. Сөйтіп, 2008 жылдың тамыз айында өңірлік “Алтын сапа” байқауында дипломант атансақ, сол жылдың қазан айында “Ең үздік инновациялық жоба” байқауында екінші орынға ие болдық. Осының барлығы шығарып отырған өніміміздің көпшілік көңілінен шыққандығының дәлелі, – дейді Нағашыбай Сабырұлы.
Бүгінде біздің тілдік қолданымымызда “Бренд” деген сөз қалыптасқан. Дәмі тіл үйіріп, көңіліңді шалқытатын, шөліңді басатын қымыз Қазақстанның ұлттық брендіне айналуы қажет. Оның өндірісін қолға алмай жүрген кейбір мал шаруашылығы өкілдерінің кесірінен ел тұрғындарының барлығына бірдей қолжетімді емес. Солтүстікқазақстандық кәсіпорын соңғы бес жылдан бері тәуліктік жұмысқа кіріскен. Дегенмен, бұл кәсіпорындағы бір мың литр қымыз барша қазақстандықтардың сусынын қандырмасы анық.
Өкінішке қарай, денсаулыққа пайдалы бұл сусынның қадірін бізден бұрын шетел кәсіпкерлері біліп отыр. Батыс елдерінің ішінен Германия бір өзінде бие сүтінен қымыз дайындап, оның ұнтағы дәрі, косметикалық бұйымдар, балалар тағамы, балмұздақ және спортшыларға арналған әлдендіруші қоспа түрінде Еуроодақ нарығына шығарады. Тәжірибе алмасып, білімін жетілдіруді көздеген жерлесіміз Германияның Франкфуртна-Майне қаласына екі рет сапар шегіп, 50 жылдан астам уақыт бойы пайдалы сусынды зерттеп, оны өндірумен айналысып жүрген Ганс Цольманмен танысқан. Бір қызығы, Еуропадағы әйгілі қымыз өндіруші қазақ еліне дүркін-дүркін ат ізін салады екен. Ол әлі күнге қымыз дайындауды қазақтан үйреніп жүр. Қазақстандық шаруашылықтармен тәжірибе алмасу мақсатында 2011 жылы еліміздің Алматы, Қарағанды облыстарында және біздің өңірімізде болған шетелдік фермер “Арқалық” шаруа қожалығына да ат басын бұрып, Нағашыбай Барлыбаевтың қолға алған ісін жоғары бағалаған. Жергілікті нысанға басқа да шетел кәсіпкерлері емдік қасиеті мол сусынның дайындалу үдерісін тамашалап, тәжірибе алмасу үшін ізін суытпай келіп тұрады екен.
– Биылғы жылы мен Саха республикасы Мәдениет министрлігінің арнайы шақыртуымен “Ысыах туймаады – 2016” ұлттық мейрамына қатыстым. Екікүндік мерекелік бағдарлама барысында бұл елдің қымызға деген құрметін сезіндім. Әрбір якут үшін қымыз – қасиетті, батырлардың сусыны. 2014 жылы бір уақытта 11 мың 136 адам қымыз ішіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын. Бұл бастама өткен жылы да жалғасын тауып, Якутияда “Айыы Аһа”, яғни “Құдайлар сусыны” атты бірінші халықаралық қымыз фестивалі өтті. Шара барысында жылына 700 тонна қымыз шығаратын жергілікті кәсіпорынды аралап, өндіріс барысымен таныстық. Бұл елде 2002 жылы қымыз өндірісі туралы заң қабылданып, осы сала бойынша мемлекеттік жоспар бекітілген. Аталмыш заң жылқы ұстау мәдениетімен танымал елдің бүтіндей бір кәсіп саласының дамуына серпін беріп отыр, – деген жерлесіміз біздің елде де осындай игі қадамдар жасалса екен деген тілегін жасырмады.
Иә, өндірісті кез келген түрде ұлғайтуды сапаға зиян келтірмей жасау керектігін серіктестік басшысы жақсы біледі. Бұл жерде дайындалатын қымыздың пайдалылығы құрамында консерванттар мен басқа да жасанды қоспалардың жоқтығында. Себебі, сусын тек алғашқы 7-10 күнде өзінің ең күшті емдік-ықпалды қасиеттерін сақтап тұрады.
Менің көпжылғы танысым Нағашыбай Сабырұлы өз ісінде жалғыз емес. Оған мысал келтіретін болсам, осыдан біраз жыл бұрын Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов: “Қымыз бен шұбат туралы арнайы заң керек”, – деп Үкіметке депутаттық сауал жолдаған да болатын. Халық қалаулысы ғасырлар бойы жылқы мен түйе малын асырауда, қымыз бен шұбат дайындауда елімізде бай тәжірибе қалыптасқанын, олар ұлтымыздың мақтанышы екенін ескеріп, сапасын жоғалтып алмай, ұлттық брендке айналдыру үшін қымыз бен шұбаттың классикалық дайындау үлгілері, қойылатын талаптары, стандарттары, мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін нормативтік құжат немесе Үкіметтің қаулысын қабылдау қажет екендігін алға тартқаны көпшіліктің көңілінен шыққан. Қымыз бен шұбат мәселесінің Парламент мінберінде көтерілуі бірінші рет емес.
– Барды бағалай білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Ата-бабамыздың аманатына адалдық танытып, ардақтаған асын, сүйсіне ішкен сусындарын ұлттық брендке айналдыру үшін әлі де біраз еңбектенуіміз керек. Сонымен бірге, ұлттық сусындар өндіргісі келетін фермерлерді ынталандыратын жеңілдіктер қарастырылуы қажет шығар, – деді сөзінің соңында ісі өрге домалаған кәсіпкер.
Александр ЯРЕМЧУК
журналист.