«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азамат асқан асулар

1985 жылдың күзі. Күн лайсаң. Ту­сырап жатқан тың даланың мол ризығы көңіл қуантады. Алай­да, аспанды торлап, қыр ке­месіндей әрлі-берлі жүзіп жүре­тін қорғасын бұлттар жы­лауық ба­ладай көз жасын төгіп-төгіп жі­бергенде топырақ қамырша иле­ніп, көлік түгіл адам­ның өзі мал­тығып, батпақтап қалатын сәттер аз кездеспейді. Облыс орта­лы­ғы­нан үш жүз шақырымдай меңіреу түкпірде орналасқан “Целинный” кеңшары тың игеру жылдары құ­рылған. Еңбек жолын бөлімше аг­рономдығынан бастап, қиын учас­келерде ысылып, тәжі­рибесі то­лысып, ұйымдастырушылық қа­рым-қабілетімен ерте таныл­ған орда бұзар жас­тағы Құдай­бер­ген Қалиевке 1975 жылы осы ша­руашылықты басқару сеніп тап­сырылды.

Бұған дейін алты жыл бойы Б. Хмельницкий атын­да­ғы кеңшар­да бас агроном қыз­ме­тін атқара жүріп, негізгі маман­дығына сәй­кес бар білімін, кәсіби шеберлігін ауыспалы егіс жүйе­сін айналым­ға енгізу, өнімділікті арттыру, егін­шіліктің озық әдіс-тә­сілдерін ғы­лым жаңалықтары­мен ұштасты­руға тырысып бақ­ты. Бидай ал­қа­бының әр гектарынан 17 цент­нерден өнім жинау қалыпты дәс­түрге ай­налып, есімі облыста мақ­таулы­лар қатарында атала бас­та­ды. Осы­нау ерен еңбегі мем­ле­кет та­ра­пынан атаусыз қалма­ды. 27 жасында “Құрмет белгісі” орденін кеудеге жарқырата тақ­ты. Осын­да оныншы жылын өт­ке­ріп келе­ді. Жиі кезігетін мех­нат­тардың бірі – теріскей өңірінің ауа райы­на тәуелділігі, күздің ша­мадан тыс жауын-шашынды бо­луы. Қыс айларында қарға адым аштыр­майтын ақ түтек бораны мен түкі­рік жерге түспейтін аязы екі аяқ­ты бір етікке тыққандай тіпті ап­шыны қуырады. Оған жас директордың еті үйреніп кет­кен. Өзіне үлкен жауапкерші­лік­пен ар­тылған се­нім үдесінен кө­рі­ну мақ­саты­мен көпсалалы ша­руашы­лықтың бар­лық мүмкіндік­те­рін пай­дала­нуға ұмтылды. Озық тех­нологияларды қолдану­дың арқа­сында 12500 гектар дән­ді алқап­тан жақсы өнім алынып жүрді. Қара малдың саны 3 мың бастан 5 мыңға, қой түлігі 8 мың­нан 18 мың­ға дейін кө­бейді. Адам­­дар за­ман талабына сай са­лынған сәу­летті үйлерге қоныс тепті. Бір жер­ден жағыла­тын жы­лу жүйесі іске қосылды. Мәде­ниет клубы, кешенді сауда орта­лығы, асхана, қонақүйі, 140 орын­ды балабақша бой көтерді. Ондаған ұлт өкілдері топтасқан елді мекен ол үшін әлі күнге дейін ыстық мекен, қимас ұя сана­лады.

…Егіс танаптарын аралап, кеңсеге келгені сол еді, алдынан жүгіре шыққан хатшы қыз аудан­дық партия комитетінен шұғыл түрде іздеп жатқанын асығыс-үсі­гіс хабарлады. Ұйымдастыру бө­ліміне телефон соғып еді, тез же­тіңіз деген өтініштен гөрі бұй­рық райдағы нұсқау алғаннан кейін шақырудың тегін емесін іші сезді. Шаруашылықтың жағда­йын ойша шолып шықты. Биыл да астық шығымдылғы жақсы. Бас­қа салалар бойынша да жыл табысты аяқталғалы отыр. Суыт же­туін талап етулері едәуір қо­бал­жытты. Жоқ, жайшылықта өк­пелеген жандай томсырайып жү­ретін аупарткомның бірінші хат­шы­сы Владимир Митронин ор­ны­нан қалбалақтай ұшып тұрып, құрақ ұша қарсы алып, қос қолын беріп амандасты. “Тез арада об­лыстық партия ұйымының бірін­ші хатшысына жетуіңіз керек. Ша­масы, жаңа қызметке ұсынатын тәрізді. Ондағылар мән-жайын ашып айтқан жоқ”, – деді Вла­ди­мир Александрович. Сөйтсе, облыс басшылығы оның іскерлі­гін, жауапкершілігін, басқа да қа­сиет­терін бағалап, Соколов ау­дан­дық атқару комитетінің төра­ғасы қыз­метіне жіберуді ұйға­рыпты. Қа­зақ­стан компартиясы ор­талық ко­ми­тетінің бірінші хат­шысы Дінмұ­хаммед Қонаевтың арнайы қа­был­дауында болып, ақ батасын алуы төбесін көкке жет­кіз­гендей болды. Жаңа қызметке тың күш­пен құлшына кірісіп, ма­ңайына өзі сияқты ел азаматта­рын топтас­тыра білді. Екі жыл­дың бедерінде көзге кө­рін­бейтін, елене бермей­тін, алай­­да тау қо­пар­ғандай ат­қар­­ған жұ­мыс­тары әділ бағала­нып, Ти­ми­рязев ау­дан­дық партия ко­ми­теті­нің бірін­ші хатшылығына ба­­ла­ма ре­тінде сайлауға түсу ұсы­­­ныл­ды. Қабыр­ға­сы­мен ақыл­да­са ке­ліп, келісі­мін берді. Ол кез­дері қа­раңғы түн­де жарқ ете қал­ған най­зағай құ­сап жұртшылықты өз иірі­міне тарта жө­нелген жа­риялы­лыққа ел-жұрт­тың шөлір­кей бас қойған ке­зі. Демократия талап­та­рын алау­­латып-жалаула­тып, ел ішін сең соқ­қан балықтай әрі-сәрі күй­ге ұшыратқан жайттар да кез­де­се­тін. Құдайберген Қа­лиұлы ау­дан бас­­шылығына бала­ма сай­лау ар­қы­лы жеңіске жетіп, зор бе­делге ие екенін тағы бір мәрте айғақ­тады.

Құдекең облыс әкімінің бірінші орынбасарлығына жоғарылаты­лып, бұл лауазымды тұп-тура он бір жыл атқарды. Бұл қызмет Ке­ңес одағы ыдырап, “жабайы” на­рықтық қатынастар басталған елең-алаң шақпен тұспа-тұс кел­ді. Бұрынғы бір орталықтан­ды­рылған экономикалық байланыс­тар үзілгендіктен, әркімнің қиын­дық­тармен бетпе-бет кездесіп, жеке батырдай күресулеріне ту­ра келді. Өйткені, өндіріс орын­дары тоқ­тап, жұмыссыздық көбейіп, азық-түлік қымбаттап, жа­лақы төлен­беу салдарынан адам­дардың ашу-ызалары кеме­рінен лықси төгіліп, қауға тиген өрт секілді лапылдағалы тұрған. Осындай алмағайып тұста Құде­кеңнің ұйымдастырушылық та­ланты, еңбекқорлық қыры одан әрі ашы­лып, жауапты тұлға, елі­нің, же­рі­нің патриоты ретіндегі ұлтжанды­лық қасиеті жарқырай көрінді. Өңір экономикасын қа­лыпқа кел­тірумен бірге саяси ахуалдың шие­ленісуі, сепа­ра­тистердің не­бір арандатушылық ой-пиғылдары еліміздің егемен­дігіне, тұтас­тығына өте-мөте қауіп-қатер төн­діретіні алдын ала болжанып, Ел­басының сын­дарлы саясаты тө­ңірегінде топ­тастыруға ұмтылыс­ты. Еңсені кө­теретін, рухты жани­тын, тұрғын­дарды ортақ мақсат-мүддеге бағыттайтын, өмір сапа­сын жақ­сартатын барлық мүмкін­діктер қарастырылып, достық, бірлік, өзара түсіністік қана елі­міз­дің шаңырағын шайқалт­пай, іргесін берік ете түсетіні басты бағдар ретінде өріліп отырды. Қоғам қайраткерінің ел тәуелсіз­дігі ке­зе­ңіндегі ерен еңбектері орынды бағаланып, Отанымыз­дың жоға­ры марапаттарын ие­лен­ді. “Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері”, “Ауыл шаруа­шы­лығы­ның үздік қызметкері”, “Сол­түс­тік Қазақстан облысының құр­метті азаматы” атақтары берілді.

Бір шаңырақ астында 56 жыл бақытты өмір кешіп келе жатқан жан жары, ұлағатты отбасының ал­тын діңгегі Сәуле Ахметжан­қы­зы екеуі – 4 ұл-қыз өсіріп, не­мере-шөберелердің қызығын кө­ріп отырған абыз ата, аяулы әже.

Жетпіс бес атты қасиетті жас­қа шаршамай, шалдықпай, жетіп, өскелең ұрпақ тәрбиесінен де, қоғамдық жұмыстардан да қол үзбеген нар тұлғалы асыл аза­мат­тың жан сүйсінтер игі істерін қанша санамаласаң да таусыл­майды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp