«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТ ЕДІ, ӘМІРЖАН!

Республикада тың өлкесінің құрылуына байланысты бұрын шығып тұрған облыстық “Ленин туы” 1963 жылы жабылып қалды да, сол өлкенің таратылуына орай 1966 жылы қайта ашылды. Мен 1966 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, облыстық газетке келіп қызметке орналастым. Газеттің редакторы Құрмантай Меңдіғожин, жауапты хатшы Әміржан Мәутенбаев екен. Екеуі де Алматыдағы республикалық “Социалистік Қазақстан” газетінен жіберілген. Алғашқысы – онда жауапты хатшы, екіншісі – секретариатта істеген екен. Әміржан Мәутенбаев – Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тумасы. 

Ол тұста газеттің штаты толық болса да, мені осы облыстың азаматы ретінде өнеркәсіп, көлік және құрылыс бөліміне кіші әдеби қызметкер етіп алды. Бөлімде Абай Қазиев – меңгеруші, Халел Нәкешев әдеби қызметкер болып істейді екен. Маған жұмысы таныс ауыл шаруашылығы бөлімі “аузы-мұрнынан шығып” толып отыр. Ал мына бөлім жазатын тақырыптар ауылда өсіп, сонда ержетіп, азды-көпті қызмет атқарған маған бейтаныс дүниелер.

Шыны керек, алғашқы кезде қиын соқты. Бөлім жазатын үш саланың да басшылары басқа ұлттың өкілдері. Жасырып не керек, солардың кейбіреулері менсінбейді, материал сұрап барсаң, төменгі біреулерге сілтей салады. Ал олармен терезең тең отырып әңгімелесу үшін сол тілде жатық сөйлеу керек, екіншіден, сол саланы білуің қажет. Осылай қиналып, мақала жаза алмай, ақша таба алмай жүрген кезім еді. Ол кезде жалақы екі рет: айдың ортасында және келесі айдың басында берілетін. Бірде жалақы беретін күні бухгалтерияға барып, ведомосқа қол қойып, тиеселі ақшамды алып кетіп бара жатсам, кассир артымнан: 
Қаламақыңды ал, – деп айғайлады. Қайыра бұрылып барсам, қаламақының ведомосында менің фамилиямның тұсында 40 сом жазулы тұр. Мен: 
– Мақала жазған жоқпын, – десем, кассир: 
– Мен ештеңені білмеймін, ведомоста бар екен, қолыңды қой да, ақшаңды ал, – дейді.
Ақшаны алып, бөлмедегі жігіттерге келіп айттым. Олар: 
– Ондай мүмкін емес, 4 сом болса бір сәрі, табаны күректей 40 сом (менің сол тұстағы жалақым 80 сом болатын) қате жазылуы мүмкін, қайта барып тексерт, бухгалтерге айт, – деді. Сөйтіп 40 сомның қайдан келгенін таба алмай отырғанымызда бөлмеге Әміржан аға кіріп келді.
Ә, Мұрат, қаламақы қалай, жақсы ма? – деді күліп.
– Соның қайдан келгенін өзі де білмей отыр, – деді бөлім меңгерушісі Абай Қазиев күліп.
– Әйтеуір, бұл жігітке бір олжа дүние болды.
– Олжа екені рас, оны мен қойып жібердім, – деді Әбекең. – Елде кәрі әке-шешең, үйелмелі-сүйелмелі балаларың бар екен. Өзің 25 сомға пәтер жалдап тұрасың. Жалақың болса аз, келін әлі жұмысқа орналаспапты. Аванс қанша алдың? – деді бетіме тіктеп қарап.
– 25 сом.
– Міне, көрдің бе, бұл пәтерге төлеуден де қалмайды. Сондықтан ерінбеу керек, жазу керек. Ылғи осылай майлы қалаш бола береді екен деп ойлама, бұл жолы жағдайыңның қиындығын ескердім, – деп шығып кетті.
Бұл жағдайды шұбатып айтып отырған себебім, азаматтың қайырымдылығының бір сәтін болса да көрсете кету еді. Журналистердің қорытқан мақалалары жауапты хатшының қолына түседі. Қаламақы қоятын да сол кісі. Сондықтан ол біреудің аз, біреудің көп қаламақы алып қоймауын жіті қадағалап, реттеп отыратын.
Газет ол кезде аптасына бес рет шығады. Сонда айдың бірінші жартысында газеттің 10 нөмірі жарық көреді. Ол кісі алғашқы апта өтісімен-ақ бөлімдерді аралап, кімнің материалы шыққанын, кімнің қандай мақаласы шықпай запаста жатқанын сұрап, тексеріп, екінші аптада сол жатып қалғандарын шығаратын. Әбекең қызметіне адал еді, осылайша жұрттың деңгейлес ақша табуына қамқорлық жасап отыратын.
Ол кезде жұрттың жұмысқа келіп-кетуін бақылауда редактордың, болмаса оның орынбасарларының жұмысы болмайтын. Бәрін сол кісі тексеріп отыратын. Бір жерге мақала ұйымдастыруға баратын болсақ та, сол кісіден рұқсат сұрап, айтып кететінбіз. Редакцияның ішкі ұйымдастыру жұмыстары да түгелдей сол кісінің мойнында болатын. Тіпті, редакцияға бекітілген екі автомашинаның жүріс-тұрысы, олардың жөнделуі туралы мәселелерді өзі реттеп отырушы еді.
Қазір келіп ұрсып кетсе, қайта келіп жадырап, күліп, сөйлесіп кете беретін.
Осыған байланысты мына бір жай есіме түсіп отыр. 1967 жылдың наурыз айында сайлау өтетін болды. Соған байланысты бір машинамен үш кісі іссапарға шықтық. Ермек Құсайынов Явленкада түсіп қалды. Ерғали Досбаев Петровкада қалды, мен Сергеев ауданына, қайын жұртқа, Бірлік ауылына келдім. Таңертең 9-да шаруамызды тездетіп бітіріп, сағат 11-де Петровкаға келдім. Мұнда Ерғали Досбаев бір туысын тауып, сол үйге алып барды. Олар ас қыламыз деп жібермеді. Менің кетейін дегеніме қарамай, Ерғали Досбаев болмай тостырды. Асығатын себебім, түскі сағат 14-те жолшыбай жігіттерді жинап, уақытында редакцияға келу маған тапсырылған. Содан сағат 15-те Явленкаға келсек, Ермек Құсайынов біз айтулы уақытта келмеген соң, қалаға кетіп қалыпты.
Содан кешкі сағат 16-да редакцияға келдік. Ермек Құсайынов марқұм бізден бұрын келіп, мақаласын өткізіп қойыпты. Біз болсақ айтылған уақыттан кеш келдік. Келе сала жазып әкелген дайын материалымды машинкаға басуға бердім. Әлден уақытта Әбекең кіріп келді де, әлі басылмаған материалымды алдыма лақтырып тастады.
– Материалың бармайды, газетті кешіктіргенің үшін түсініктеме жаз, – деп ұрсып, шығып кетті. Мен қынжылып отырдым да, мақаланы төртке бөліп, кәрзеңкеге лақтырып тастадым.
Әлден уақытта Әбекең қайта келді.
– Материалың қайда? – деді маған. Мен ренжігеннен болар, қаперімде аузыма сөз түсе қоймады.
– Кәрзеңкеге тастады, – деді қасымдағы жігіттер. Мен Әбекеңе жазған түсініктеме қағазды ұсындым. Ол қағазды алды да, бетіне де қарамастан, ортасынан қақ айырып, кәрзеңкеге тастады. 
– Ана материалыңды ал да, тез машинкаға диктовать ет, – деп шығып кетті. Мен үнсіз не істерімді білмей отырып қалдым.
– Бар, бастыр материалыңды, ол кісіге ренжіме, өзің кінәлісің. Бірақ ол кісінің сөзінің зілі жоқ, мінезі солай, шапшаң, бірақ тез қайтады, – деп Абай Қазиев марқұм мені жұбатты.
Менің мақалам суретімен газеттің 1967 жылғы 14 наурыздағы нөмірінің бірінші бетіне шықты. Байқасам, тақырыбы өзгеріп “Ауыл таңы” деп қойылыпты. Таңертеңгілік планерка алдында газеттің жаңа шыққан нөмірін қарап отыр едік, бөлмеге Әбекең кіріп келді. Жігіттермен амандасқан соң: 
– Мұрат, материалыңның тақырыбын өзгерттік, ұнай ма? – деп сұрады. Содан жауап күтпестен: 
– Материалды жақсы жазыпсың, қадамның құптарлық, – деп шығып кетті. Планеркада да мақаламды мақтады. Баяғы ұрысқанның ізі де қалған жоқ.
Кейін жетпісінші жылдардың басында Алматыға көшіп кетті.
Бір жылы жазда Алматыдан елге (Өрнекке) бара жатып, біздің үйге түсті. Қасында өзінің ұлы мен бажасының қызы бар. Елге апарып тастауға редактордан (ол кезде редактор Уәп Рақымжанов) машина сұрап еді, ол кісі іссапар қағазын жазып, маған апарып тастауды тапсырды (менің жекеменшік машинам болатын). Біз редакциядан келсек, үйде ас пісуге жақын екен. Сәлден соң ас келді. Ол кезде әкей де бар еді. Әкей: “Астан алып отыр”, – деп жетелегенімен табаққа қол созған жоқ Бақсақ, жаман аурумен сырқаттанып жүр екен ғой. Оны бізге айтқан жоқ. Бұл оның туған жерге соңғы сапары екен. Содан бір-екі ай өткенде Алматыда ауыр операциядан кейін қайтыс болғанын естідік.

 

Мұрат НҰРМҰҚАНОВ,
ардагер журналист.
СУРЕТТЕ: Облыстық “Ленин туы”
(қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінің
бас редакторы Уәп Рақымжанов (ортада – төрде)
ұжым мүшелерімен жұмыс жайын талқылауда.
25 мамыр 1972 жыл. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp