«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙНАЛАСЫНА НҰРЫН ШАШҚАН

Қазақ “елім” деп еңіреген ерлер мен оның абыройын әлемге паш еткен жұлдызды тұлғалардан кенде емес. Ел басына күн туғанда атқа қонған, дуалы жиында сөз бастаған, шешілмейтін дауда билік айтқан тұлғаларымыз бар. Сондай жұлдызды тұлғалардың бірі – Манаш Қабашұлы Қозыбаев. Ресейдің Қорған облысымен шекарада жатқан кішкентай қазақ ауылында туып-өскен қазақтың қара домалақ баласы атағы әлемге әйгілі ғалым болды. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары қоғамдық ғылымдар методологиялық жағынан тығырыққа тіреліп, ғалымдар абдырап қалғанда Манаш ағамыз “Жауды шаптым ту байлап” деп атойлап, бүкіл қоғамдық ғылым өкілдерін тәуелсіздігімізді ғылыми жағынан баянды ету жолында күреске шақырды. Орысы бар, еврейі бар, қазағы бар ғалымдардың басын қосып, орыс сепаратизміне жол бермей, қазақ елінің шекарасын ғылыми, тарихи жағынан дәлелдеп шықты.

Бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнаған Манаш аға 800-ден артық ғылыми еңбек жазыпты. Соның 500-і тәуелсіздік жылдары жарияланған.10 жылдың ішінде мұнша шығарма жазу мүмкін емес, сонда оның көпшілігін ол кешегі кеңес заманында жазған, тек өзінің уақытын күтіп жатқан. Тәуелсіздіктің рупоры болған Манаш аға ғылымнан басқа да көптеген саяси шараларға мұрындық болды. Бірақ ол басқа бір мақалалардың тақырыбы. Менің айтайын дегенім басқа әңгіме.

Менің шешемді әкем осы Манаш ағаның қолынан алыпты. Майданнан жаралы оралған әкем Күзембай бір жолдасын ертіп көрші ауылға қыз іздеп шығады. Болашақ шешеміздің келісімін алған соң қыз іздеп келгендер алдынан өтетін адам іздейді. Сөйтсе қыздың әкесі еңбек әскерінде қызметте, ағалары жол жүріп кеткен, ауылда бас болып қалған 12 жастағы бала-жігіт Манаш қана екен. Інісінің рұқсатымен менің шешем жігіттерге еріп кете барыпты.

Бала кезімде нағашымның атын жиі естіп өстім. Бірде Алматыдан келген хаттың ішінен кішкене форматты кәртішке шықты. Онда шолақ жеңді ақ көйлек киген екі жігіттің бейнесі көрсетілген, екеуі де езу тартып күліп отыр. Оның біреуі шешемнің немере інісі Манаш та, екіншісі белгілі жазушы Спандияр Көбеевтің ұлы Шәміл екен. Бірі – Қазақ университетінің тіл-әдебиет, екіншісі – тарих факультетінің студенті. “Келесі жылы мектепке барасың, жақсы оқысаң осылар сияқты үлкен оқу оқисың”, деп еді шешем.

Манаш аға менің Қазақ университетінің тарих факультетіне түсуіме көмектесті. Оқуды қамшы салдырмай, нағашыма салмақ салмай, төрт пен беске бітірдім. Бірақ университетте оқып жүргенде оның көмегі көп тиді. Демалыс күндері келгендегі әңгімелерінің өзі бір университеттің берген білімімен тең еді. Ол кісі сөйлесіп отырған адамын тыңдай білетін. Мұғалім­дердің лекцияларында не айтқанын сұрайтын. Сөйтсем ол менің не түсін­ген­ім­ді білгісі келеді екен ғой. Кейін әңгімелеріміз күрделене берді. Университет бітіретін жылы өзіммен бір топта оқитын Тамара есімді қызбен көңіліміз жарасты. Бір күні оны үйге алып кел деді. Сөйтсем, Қостанайдан шешемнің үлкен ағасы келген екен. Ол кісі облыстық деңгейде қызмет істейтін, өктемдеу сөйлейтін адам еді. Байқаймын Манаш аға қысылыңқырайтын сияқты, менде де зәре жоқ. Тамараны ортаға орындыққа отырғызып қойып, сұрақтың астына алды. Барлық сұрақтарына тыңғылықты жауап алған нағашыларым баталарын беріп, ризашылық білдірді. Сөйтіп, Сара жеңгем екеуі тойымызды өткізіп, сол үйден отау болып шықтық.

Кандидаттық диссертациямның тақырыбын таңдауға көмектесті, оның алғашқы нұсқасын оқып шықты. Әлі есімде: “Маған жазған дүниеңді тастап кет”, – деді. Бір жетіден кейін қайта оралсам, жазған парақтарымның сау беті жоқ, қып қызыл. Өзі үйде жоқ екен, содан бір айға дейін ол кісіні көруге ұялып, хабарласпай кеттім. Жатақханама телефон соғып, шақырып алды. Мен мектепті де, университетті де қазақша бітіргенімді, орыс тілі­не мән бермегендігімді айтып ақталдым. “Неге мен диссертация мәтінін орыс тілінде жазамын?” – деп өзіне сұрақ қойдым. Сұрағымды жауапсыз қалдырып: “Адам боламын десең орысша үйрен. Барлығымыз да солай қиналғанбыз, жалғыз сен емессің. Шешінген судан тайынбайды, мынаны тезірек бітіріп, қорғап алуың керек. Сен түгіл, ана академиктер де жазғандарын редакциялауға береді”, – деп мені арқамнан қақты. Алақаны қандай еді, шіркіннің! Осы күнге дейін сезінемін. Мен де ұстазым сияқты шәкірттеріме ұрсып-ұрсып алып, жылы шырай білдіріп шығарып саламын.

Тақырып таңдауға сондай шебер еді. Ғылымға ішкі түйсігі мықты еді. Басқалардың айлап, жылдап іздеген тақырыптарын бір сағат арасында тауып беретін. Оған тақырып сұрап республикамыздың түкпір-түкпірінен келетін. Бірде пойыздан түсе сала сәлем берейін деп институтқа Манаш ағаны іздеп келдім. Хатшы маған ол кісінің бір жиенімен сөйлесіп отырғанын айтты. Біраз күтіп қалдым да, шыдай алмай ақырын есігін аштым. Мені көре сала кіргізіп алды, алдында отырған жас жі­гітпен қоштасты да, шығарып салды. Кім екенін сұрадым. Институтты орташа бітірген, тақырып сұрап Алматыдағы біраз ғалымдарды аралап шыққан, еш­қай­сысы жылы қабақ білдіре қоймаған жас көрінеді. “Өзіңізге қиындық туғыза­тын, орта­ша қабілеті бар ондай шәкіртті қайтесіз” деген уәжіме: “Мені соңғы инстан­ция деп келіп отыр ғой, көмектессе осы Қозыбаев көмектеседі деген сеніммен келді ғой, бетін қақпадым, тақырыбын бердім, бірдеңе қылып қорғатармыз”, – деді. Артынан ол жігіт қорғап шығып, Қызылордадағы жоғары оқу орындарының бірінде белді ғалымдардың қатарынан көрініп жүр. Жиенмін деп жүргені шешесі Қостанай жақтың қызы екен.

Манаш аға қаншама шәкірт тәрбиеледі! Көпшілігі өзімен ғылымда үзеңгілес болды, өзімен университет қабырғасында бірге оқыған Әзірқан Жұмасұлтановтың, Қаһарман Түманшиннің ғылым докторы болуына көмектесті. Еңбек жолын бастаған Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының біраз оқытушылары сол кісінің жетекшілігімен ғылым докторы атанды. Жалпы ғылым жолына түсіп, көмекке зәру болғандар Манаш ағаның жанынан табылатын. Бір жылдары Үсен Абдуллаев деген 7-8 баласы бар мосқалдау кісі аспирантурада оқыды. Сол кісінің диссертациясын екеулеп жүріп бітіріп, ана кісі әйтеуір қорғады ғой. Үсекең қазір бұл дүниеден озған, балала­ры азамат болып ержетті. Осы күні олардың қайсысы болсын Манаш аға дегенде ішкен асын жерге қояды.

Елде болып жатқан саяси жағдайларға қатты алаңдайтын. Әсіресе, 90-шы жылдары тарих пен саясат қатар келіп, ұлтын сүйгендер тарихшылардан көмек күткенде солардың кәдесіне жараған Манаш аға болды. Бірде үйіне барсам жазу үстелінің үстінде Ресейдің тарихына байланысты кітаптар жатыр екен. Сөйтсем, бірер айдан кейін “Қазақ әдебиеті” газеті бетінде оның Сібір елін жаулаушы қаныпезер Ермак туралы мақалалар топтамасы жарияланды. Жақсы адамдар бір-біріне жақын жүруі – өмірдің заңдылығы. Сол жылдары Ақсу қаласын басқарған қазақтың біртуар азаматы Қуат Есімханов және басқа да “Азат” қозғалысының белсенділері Ермакқа қойылған ескерткішті алып тастауды ойлапты. Соған ғылыми дәлелдеме берген – Манаш аға.

Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы.

Қостанай қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp