«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙЫППҰЛ АРТҚАНЫМЕН, АЙЫЛДАРЫН ЖИЯ ҚОЯ МА?

Биылдан бастап Қазақстанда заңсыз аңшылық және балық аулау тәртіп бұ­зу қатарынан шығарылып, орта деңгейдегі қылмыс санатына жатқызыла­тын болды. Бұл – жануарлар дүниесін қорғау бағытындағы жұмыстардың ая­сында қолға алынған шара. Осыған орай қазіргі таңда қоғамда әртүрлі пікірлер ай­тылуда. Кейбіреулер мұндай шара тым қатаң екенін айтса, жануар­лар әлеміне жанашырлық танытқан азаматтар бұл өзгерістің орынды екенін алға тартады.

Есбол СЕЙІЛОВ,
заңгер:

– Осыған дейін ерекше қорғауға алынған аңдарды қынадай қырғандар көбіне айыппұл төлеумен ғана шектеліп келді. Сон­дықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде шұғыл шаралар қабылдау­ды тапсырған болатын.
Елімізде киіктерді қырып, қорықшы­ларға қоқан-лоқы көрсететін браконьерлер аз емес. Бұл жайлы бұқаралық ақпарат құ­ралдарынан естіп-біліп жүрміз. Сондық­тан жазаның кү­шей­тілгені мұндай келеңсіздіктердің алдын алуға ықпал етеді деп ойлай­мын. Заң бойынша орман шаруашылығы инс­пекторының өмі­рі­не қауіп төндіру құқық қор­ғау органдары қыз­меткеріне шабуыл жа­сау­мен бірдей болып са­налады. Сондықтан жаңа өзгерістерге сәйкес заңсыз аңшылық және балық аулағаны үшін 10 миллион тең­ге­ге дейінгі айыппұл және 4 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыру жаза­сы қарастырыл­ған. Ал қорықта заңсыз аңшы­лық пен балық аулаған адам алты жылға дейін бас бостан­дығынан айрылуы мүмкін. Бұл қылмыс ірі мөл­­шерде және ұйымдасқан қылмыстық топ­пен жасалса, бас бостанды­ғы­нан айыру, жа­засы он жылға дейін, киіктер­ді атқаны үшін 5 жылға дейін жаза қарасты­ры­лады. Сондай-ақ, күдіктінің қару-жарағы, көлік пен мүлкі тәркіленетінін де айта кеткен жөн.
Мұрат АСҚАРОВ,
ауыл тұрғыны:

– Ауылдық жерлерде заңсыз аң немесе ба­лық аулайтын азаматтар аз емес. Жа­нуар­лар дүниесін қорғау қажет. Өз басым елік атып, еліргендерді құптамаймын. Бірақ бұл үшін оларды 10 млн. теңгеге дейін айып­пұл төлеуге мәжбүрлеп, он жылға дейін түр­меге қамау тым ауыр жаза деп есептеймін. Өйткені, жануарлар дүниесін қорғау үшін адамдарды бас бостандығынан айыру ақыл­ға қонымсыз. Меніңше, айып­пұл­ды біршама азайтып, түрмеге қамау жа­засын да жеңілдеткен жөн. Оның үстіне аң аулаған адамның көлігі мен мүлкі де тәркіленеді екен.
Заңсыз аңшылық жасағандарды бірден қа­мауға алмай, оларға мұның мемлекетке қандай зиян тигізетінін, салдары қандай бо­латынын ескерту қажет. Мұндай қылмыс­тар­ды болдырмаудың жолдарын қарасты­ру­ға болады. Ауыл тұрғындарының ара­сында алдын алу және түсіндіру жұмыста­рын жүргізудің пайдасы мол болар еді. Өйт­кені, заңнамадағы өзгерістерден хабарсыз адам­дар да бар.


Дайындаған
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp