«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙҚЫН БАСЫМДЫҚТАР

Барлық деңгейдегі әкімдердің іс-әрекеттері Елбасы Жолдауларындағы қойылған талаптар мен күнделікті жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады. Уақыт талаптарына сәйкес Президентіміз алға қойған міндеттер Новоникольск ауылдық округінде ойдағыдай жүзеге асырылуда. “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауында біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістерге баға беріліп, елдің жаһанды бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттігі алға тартылды. Президент айтып өткендей, болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді. Республика халқы қатарында Новоникольск ауылдық округінің тұрғындары да алда тұрған ұлан-ғайыр міндеттерді бір кісідей орындауға жұмыла кіріскен.

Округ 1962 жылы құрылған. Оған екі мыңға жуық тұрғыны бар үш елді мекен қарайды. Оның жалпы аумағы 31110 шаршы шақырымды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жерлері – 27412, егістік – 16947, жайылым – 5807, шабындық – 1991 гектар. Ауыл шаруашылығы өндірісі экономиканың негізгі күре-тамыры болып табылады. Округімізде “Зенченко және К” секілді ірі коммандиттік серіктестік, төрт шаруашылық, бір шаруа қожалығы жұмыс істейді. Былтырғы жыл агроқұрылымдар үшін табысты аяқталды. Олардың арасында “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі озық технологияларды кеңінен қолданудың арқасында биік жетістіктерге жетіп келеді. Мұнда машина-трактор паркі тұрақты жаңартылады. Топырақты өңдеудің жаңа әдістері қолданылады. Селекциялық шараларды ғылыми негізде жүргізудің арқасында табындар асылтұқымды малдармен толығып, өнім көлемі айтарлықтай артты. Әр сиырдан жылына 7 мың литр сүт сауу – бұрындары болмаған жетістік. Мал шаруашылығы кешенінен күніне 40 тонна сүт жөнелтіледі. Мұның бәрі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде мүмкін болып отыр.

Жолдауда жергілікті билік орындарына жүктелетін міндеттер атап көрсетілді. Солардың бір парасына бюджеттің кіріс бөлігін орындау, салық жинауды жатқызуға болады. Көлік, мүлік, жер салықтары жөніндегі тапсырмалар орындалып отырады. Округте 6 дүкен, жиһаз жасайтын 2 цех, 1 дәріхана, 1 газ құю стансасы, 1 жанар-жағармай бекеті жұмыс істейді. Жуырда шаштараз өз жұмысын бастап, қажетті жабдықтарды коммандиттік серіктестік сатып әперді. Тұрғындардан ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алумен жеке кәсіпкерлер айналысады. Солардың бірі В. Магец ет дайындаумен шұғылданады. Келешекте стратегиялық мақсат ретінде елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу талабы қойылып отыр. Бұл да орындалатын өршіл мақсат. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бағдарламалар мен жобаларға қатысушылар саны ұлғая түскені осы сөзіміздің бір дәлелі.

Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 37 адам жұмысқа тартылды. 53 адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етті. 16 зейнеткер мен мүгедек шаруашылықтар қамқорлығына алынған. 340 адамға 1428 мың теңгенің әлеуметтік көмегі берілді. Барлық елді мекендер телефондандырылған және жарықтандырылған. Сумен жабдықтау “Есіл су” РМК-нің топтық су құбыры аясында жүзеге асырылады. Биыл тағы бір су құбырын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Жолдауда төртінші басымдық ретінде адами капитал сапасын жақсарту аталды. Осыған орай әлеуметтік қамтамасыз ету саласын жандандыруға басымдық берілді. Базалық зейнетақы тағайындау жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Жаңа туған балаларға қамқорлық жасау үрдісі жалғасады. Ең төменгі күнкөріс шегі қайта қарастырылады. Мұның бәрі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға зор мүмкіндіктер берері сөзсіз.

Жұртшылықты көп толғандыратын мәселелердің бірі – жол жайы. Өкінішке қарай, Новоалександровка ауылының бұрылысынан Трудовое ауылына дейінгі жолды қалпына келтіру кейінге қалдырылды. Орташа жөндеу жұмыстарын атқаруға сметалық-жобалық құжаттар жасалғанымен, облыстық көлік және жолаушылар тасымалы басқармасы қаражаттың жетіспеушілігі қолбайлау болып отырғанымен түсіндіреді. Десек те, тұрғындар өтінішінің орындалуына бар күшті салатын боламыз. Аса қауіпті жұқпалы мал ауруларының алдын алу, дұрыс диагноз қою шаралары қатаң бақылауда тұр. Жеке сектор малын емдеу жұмыстары да назардан тыс қалмайды.

Ауылдық клубтар, Мәдениет үйі жандарынан “Зажигалка”, “Ложкарей” балалар би ұжымы, хор, вокалдық топтары құрылған. “Каблучок” би тобы облыстық конкурста жақсы қырынан танылып, үшінші орынды жеңіп алды.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында екі фельдшерлік пункт пайдалауға беріліп, заманауи медициналық құралдар орнатылды. Ал амбулатория 3500 адамға қызмет көрсетеді. Оған көрші Рассвет елді мекенінен де келеді. Мектептерде 219 оқушы білім алады. Оларға ыстық ас ұйымдастырылған. Трудовое ауылынан қатынайтын оқушылар үшін арнайы көлік бөлінген. Балалардың әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қатысуына барлық жағдай қарастырылған. “Ажар” балабақшасында 70 бүлдіршін тәрбиеленуде.

Көктемгі-жазғы кезеңдерде ауылдарды абаттандыру бойынша тындырымды істер жүргізілді. “Таза жиек” акциясы шеңберінде күл-қоқыс басқан аймақтар тазартылып, қарағай көшеттері егілді. “Үздік аула”, “Көрікті көше” аталымдары негізінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып отырады. “Даму” бағдарламасы бойынша көшелер жөнделіп, оған 9,2 миллион теңге жұмсалды.

Саламатты өмір салтын орнықтырудың бір жолы – спорттың бұқаралылығын арттыру. Мәдениет үйі жанында амбулаторияның бас дәрігерінің қолдауымен денсаулық тобы жұмыс істейді. Орта мектептің спорт залы жабдықталып, оқушылар үшін спорт формалары сатып алынды. Жақында Новоникольск ауылында заманауи үлгідегі дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға беріліп, қысқы спорт түрлері жандана түсті.

Жолдауда белгіленген нақты талаптарға орай алда атқарылатын жұмыстар сан-салалы екенін жақсы түсінеміз. Новоникольск ауылындағы үйлерге су құбырын тарту одан әрі жалғасады. Ірі қара санының көбеюіне байланысты қосымша қоралар салынады. Десек те, басты назар әлеуметтік салаларды жандандыруға аударылатын болады.

Елена ЗАХАРОВА,

Новоникольск ауылдық округінің әкімі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp