«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АКТЕРЛЕР ШЕБЕРЛІГІН ШЫҢДАЙ ТҮСТІ

Өткен жыл С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры үшін жемісті аяқталды. Театрда жаңа қойылымдар сахналанды. Өнер ұжымының сахнагерлері республикалық додаларға қатысып, халықаралық театр фестивальдарына жолдама алды.

Бірде бір тілші канадалық белгілі режиссер Робер Лепаждан: “Адам үшін театр өнері қандай маңызға ие?” – деп сұраған екен. Ол мүдірместен: “Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады”, – деп жауап беріпті. Расында да, театр – көрерменнің көкейінде жүрген сан түрлі сауалдарға жауап беретін рухани орда. Яғни, сахнада қойылатын спектакль қоғамды толғандырған мәселелерді көтере білу керек. Біздің театрдың көздегені де осы. Сол себепті театр режиссері ретінде менің басты мақсатым – заман ағымына сай қойылымдарды сахналау.

Классикалық туындыларсыз театр театр емес. Бір қуантарлығы, үстіміздегі жылы театр ұжымы классикалық туындыларды сахналауды қолға алды. Ежелгі грек драматургі Софоклдың “Эдип патша” трагедиясын қызылжарлық өнерсүйер қауым да тамашалай алды. Оны тараздық режиссер Қуандық Қасымов сахналаған болатын. Бұл спектакль театр ұжымы үшін өте сәтті қойылған туынды болды. Себебі, Қызылордада өткен КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXII фестивалінен олжалы оралдық. Фестивальда қазылар алқасында болған еліміздің белгілі театр сыншылары актерлік ансамбль құрамының ерекшелігіне тоқталды. Актерлердің өнерін жоғары бағалады. “Үздік ер адам бейнесі” аталымы бойынша тігілген жүлдені иелендім. Өз басым бұл жүлдені тұтас актерлік ансамбльге берілген марапат деп есептеймін. Сондай-ақ, аталмыш спектакльмен халықаралық театр фестиваліне қатысуға жолдама алдық. Сәтін салса, оған да баруымыз әбден мүмкін.

Сондай-ақ, осы жылы қазіргі заман драматургиясы өкілдерінің пьесаларын қоюға мүмкіндік алдық. Театрымызда сахналанған Олжас Жанайдаровтың “Бір, екі, үш” спектаклі Екатеринбург қаласында өткен халықаралық “Коляда-plays” қазіргі заман драматургиясы фестивалінде үздік қойылымдардың ондығына енді. Сонымен қатар, бұл спектакльмен “Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады” атты актер өнеріне арналған бірінші халықаралық театр фестиваліне қатыстық.

Қой жылы өнер ұжымы үшін табысты боларына сенімдімін. Себебі, театрымыз келер жылы өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтпек.

Баатырбек ШАМБЕТОВ,

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының

бас режиссері.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp