Арқаға аяқ салып түскен барып,
Екі оттың – орыс, қытай арасына.
Күндерде сонау қара тапсырған ел
Тағдырын Абылайдай данасына.
Сол күнде ел қорғаған Абылайдың
Қылсаң да аз қанша тауап моласына!
Мағжан ЖҰМАБАЕВ
(“Батыр Баян”).
Қазақ халқының тарихында айтса айызың қанатындай мемлекет қайраткерлері мен қолбасылар аз болмаған. Осылардың санатында ұлтымыздың, жеріміздің тұтастығын сақтап, тәуелсіздігімізді қорғаған Абылай хан айрықша орын алады.
Абылай ханның кемел ойлы саяси қайраткер ретіндегі тұлғасы екінші жоңғар соғысы кезінде (1739-1742) және бұдан кейінгі жылдарда жақсы танылды. Оның билік биігіне көтерілуіне жасыл туының астында батырлардың білек біріктіріп, ұйысуы ұйытқы болды. Олар Абылайды Шыңғыс қағанның ұрпағы, батыл да айбынды әскербасы деп таныды.
Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі және бірегейі болған Абылайдың бұл биікке жетуінің жолы оңай болған жоқ. Жаужүрек батыр, дарынды қолбасы, болашақты болжай алатын ақылман да көреген саясаткер Абылай хан осы қасиеттерін қазақ халқының жоңғарлармен және маньчжур-қытай басқыншыларымен бітіспес майдандарында тамаша айғақтап, ұлт-азаттық күрестерді басқарды.
Тарихымыздан белгілі болып отырғанындай, ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы ахуал қазақ халқы үшін аса қатерлі еді. Күшейген жоңғар хандығы жерімізге көз алартты. Соған қоса Цин және Ресей империялары тәрізді алпауыттар қазақ жеріне иелік етіп, одан әрі Орта Азия мемлекеттеріне әмірін жүргізуді көкседі. Осы бір алмағайып, тағдырымыз қыл үстінде тұрған кезеңде аумақтық және ұлттық тұтастығымызды сақтап, оның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті нақ Абылай ханға жүктелді. Ол осы адам айтқысыз қиындықты еңсеріп шықты.
Абылайдың кемелдігі мен ұлылығының сыры неде?
Біріншіден, ол Жоңғарияның өз ішіндегі алауыздық пен басқарушыларының өзара өшпенділігін кемелдікпен пайдалана білді. Әуелі саяси жағдайды өзі ойлағандай шешіп, ал кейін әскери күш қолдана отырып, ежелгі дұшпанынан Жетісу мен Тарбағатайды тартып алды. Сол ғасырдың елуінші жылдарында, Қалдан Серен өлгеннен кейін Абылай жоңғарлардың ішкі істеріне астыртын араласып, басшыларының бір-біріне өшпенділігін өршіту арқылы оларды әлсіретіп, жау қолында қалған аумақтарды қайтарып алды. Бұл Абылайдың саяси көрегендігін айғақтайды. Ол маңайында қалыптасқан жағдайдан лайықты қорытынды жасап, оқиғалардың болашағын көре білді. Бұған ойлау ауқымының кеңдігімен, зор мемлекеттік тұрғыдағы пайымдау қабілетімен қол жеткізіп отырды.
Екіншіден, Абылай қазақ жерлерінің геосаяси және геостратегиялық орналасуынан лайықты қорытынды жасап, екі алып ел – Ресеймен және Қытаймен айлакерлік саясатты ұстанып отырды. ХVІІІ ғасырдың 40-60-шы жылдарындағы құжаттар осыны дәлелдейді. 1740 жылы Абылай патшайым Анна Иоанновнаға қазақ жерін қорғауға алуға өтініш білдірсе, 1757 жылы Цин императоры Цянь-Лунге дәл осындай мазмұнда тілек білдіреді. Абылай осы елдердің де қазақтардың қолдауына зәру екенін іштей сезіп отырған. Және де, анығында, екеуінің де басыбайлысы болмаған, амалына көнбеген.
Тарихшы А. Левшин Абылай осылайша екіжақты айла қолданып отырып, өзінің түпкі мақсаты – қазақ жерін аман сақтаудан айнымағанын жазады.
Бұл ретте Абылай өз елін қорғауды ғана ойлағанын, ал Қазақ жүздерін сыртқы империяларға әкімшілік-аумақтық жағынан тәуелді ету оның қаперінде де болмағанын тарихшылар айғақтайды.
1758 жылы Цин (Қытай) империясы Жоңғарияны тас-талқан қылып жойып жібергенде Абылай бейтарап саясат ұстанып, Ресей мен Қытайдың текетіресіне араласпаған.
Үшіншіден, жерге байланысты түйінді мәселелерді шешуде Абылайдың саясаткерлік, мәмлегерлік қабілеті айрықша пайдасын тигізгенін көптеген ғалымдар атап көрсетеді. Ол ең басты мақсат – қазақ халқының мүддесін ойлай отырып, осы екі ірі мемлекеттің ешқайсысын да бір мезетте қатар қолдамай, қалыс қалу саясатын қолданған. Сондықтан саяси, дипломатиялық, әскери қарым-қатынастарда бейтараптық ұстанымда болған.
Ханның қазақ жерлерін мемлекеттілік мақсатпен сақтай білуінің арқасында Қазақстанның геосаяси картасы сол кездің өзінде бүгінгі сипатына ұқсайды.
Төртіншіден, Абылайдың ой-пайымының гео-саяси маңыздағы ауқымдылығы оның халықаралық қарым-қатынастарда Ресей мен Қытай арасындағы өзгеріп отырған жағдайларға қарай қимыл-әрекет жасауынан байқалады. Абылай қалыптасып отырған жағдайға лайықтап ұлттық қауіпсіздіктің доктринасын қолданған. Демек, ішкі саяси және сыртқы халықаралық жағдайларды ескере отырып, өз мақсаттарына қол жеткізген. Атап айтқанда, әуелі Жоңғариямен, кейін Қытаймен күресте осы әдісті қолданған.
Тарихшылар Абылайдың қуатты әскери күшке сүйену қажеттігін үнемі ойластырып отырғанын айғақтайды. Ал Ресей империясы оның бұл әрекетін жүзеге асыртпаудың амал-айлаларын қолданса да, Абылай бұл талаптарға бағынбаған. Ол патшайымға ант беруге қарсы шыққан, оның жасаған тарту-таралғыларынан бас тартқан. Ресейге басыбайлы бағынбай, үш жүздің басын қосып, біртұтас мемлекеттілікті сақтап келген.
Бесіншіден, Абылай үш жүздің ханы болып таққа отырғаннан кейін Орыс империясының шекарасында Ресейге бағыныштылығы талап етілгенде ант беру рәсімін тәрк етіп, осы үшін жасалған салтанатқа бармай қойған. Ол бұл әрекеті арқылы патшайымға “Мен тәуелсіз халықтың ханымын!” деп жауап бергенін Шоқан Уәлиханов өзінің зерттеулерінде жазған.
Сөйте тұра, ол халықаралық жағдайдың өзгеруіне қарай 1778 жылы екінші Екатерина патшайымның жарлығымен Орта жүздің ханы болып бекітіледі.
Бұл оның амалдың жоқтығынан жасаған әрекеті еді. Өйткені, Цин империясы ыңғайына көнген елдердің жерін өзіне қаратып, қосып алу ниетін Абылайға да қолдануды ойластыра бастайды. Мұны күні бұрын болжаған көреген хан Ресей өкіметінен пана іздейді. Бұл оның дұрыс шешімі болғанына тарих көзімізді жеткізді. Қазақ мемлекетінің ежелгі дұшпаны Жоңғарияны Қытайдың жер бетінен жойып жібергенін көзі көріп отырған данышпан Абылай өзінің ел-жұртын айдаһардың аранына түсірмеудің амалы Ресей жағына шығу екенін жүз ойланып, мың толғанып барып таңдаған.
Абылайдың көрегендігі мен дана саясаткерлігінің түп-тамырлары неде?
Ол Қазақстанға қолайлы, қажетті дәйекті, берік сыртқы саясатты ұстанған. Абылай Ресей мен Қытай арасында туындап отырған қақтығыстарда бейтараптық қалпын сақтай отырып, қырғыз манаптарына, Қоқан датқаларына, Еділ қалмақтарына күйрете соққы берген.
Абылай соғыс қимылдарының өз жерінде өтуін қаламаған. Қазақ руларын жоңғарлардан босаған мекендерге қоныстандырып, бұл ретте Қытай мен Қазақстан арасындағы аралық жерлерді жақсы пайдаланған. Ол өз елінің амандығы үшін Ұйғырстандағы мұсылмандар азаттық қозғалысын күшейтуге тырысқан. Сөйткен жағдайда Қытай өкіметі Синцзяньдағы көтерілісті басып-жаншумен әуреленіп, Қазақстан мен Орта Азия тыныштықта болатынын күні бұрын болжаған.
Пекин Абылайды Қытайдың Ресейге қарсы әскери қақтығысында одақтас болуға шақырғанда ол бұдан амалын тауып, бас тартқан.
Ұлы хан өз ішінде рулардың қақтығыстарына жол бермеуге айрықша көңіл бөлген. Мұндай текетірестер елді іштен әлсірететінін, сыртқы жаулар мұндай алауыздықты пайдаланып қалуды күтіп отыратынын рубасыларының санасына сіңіре білген. Мұны тарихшы А. Левшин өзінің еңбектерінде жақсы дәйектеп көрсеткен.
Абылай жанына жалпыұлттық ауқымда ойлап-пайымдауға қабілетті адамдарды топтастырған. Бұлардың арасында төрелер, сұлтандар болған. Алайда, хан бұлардан ақылы, көрегендігі асып тұрса, басқа рулардың батырларына, билеріне бүйрегі бұрып, соларға сүйенген.
Абылай хан әскери күш-қуатқа айрықша көңіл бөлген. Бүгінгі күнмен айтқанда, жақсы даярланған, ысылған “Хан гвардиясын” ұстаған. Білікті батырлардың әскерлермен оқу-жаттығу ойындарын өткізіп тұруына жағдай жасаған, тұтқиылдан болатын шабуылдарға тойтарыс беруді алдын ала ойластыра білген. Үнемі тұрақты әскер ұстау көшпенділік жағдайында қолайсыз болғандықтан, ондай жасақтарды әр рудың өзі құрастырып, әскерлерінің өз бетінше дайындығын талап етіп, соған қол жеткізген. Ханның жеке иелігіндегі төлеңгіттер қауіпсіздік міндетін атқарған.
Еліміздің тәуелсіздігі жолында қасық қаны қалғанша жанын аямаған айбынды да ақылман хандарымыз жетерлік. Керей мен әз Жәнібек, олардың ұрпақтары Қасым, Есім, Салқам Жәңгір, Хақназар, Тәуекел, Тәуке …
Осылардың ішінде данышпан Абылайдың орны ерекше бөлек. Оны ұлтымыздың бағына туып, қиын-қыстау заманда қазақтың тағдыры мен болашағы үшін жанын шүберекке түйген арысымыз деуден асырып ештеңе айта алмаймыз.
Жұмабек АХМЕТОВ,
әскери ғылымдар докторы, профессор, Қазақстан және Ресей әскери ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы
Әскери институтының бастығы.
Петропавл қаласы.