
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметованың қатысуымен қалалық филиал үміткерлері арасында пікірсайыс жеребесі өтті.
14-30 қыркүйек аралығында ұйымдастырылатын саяси шараға қатысушылар әрқайсысы алты адамнан тұратын 19 топқа бөлінді. Кандидаттар екі раундтық ашық диалог барысында өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып болғаннан кейін “сұрақ-жауап”сессиясына қатысады.
Әсем Қалашбайқызы өз сөзінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған праймериздің ерекшелігі мен маңыздылығына тоқталып, дебаттар барлық кандидаттар үшін міндетті шарт екенін ескертті. Одан бас тартқандар кандидаттар тізімінен шығарылады.
«Петропавл қаласы бойынша барлық санитарлық талаптар қатаң сақталған орындар анықталды. Техникалық мәселелер ретке келтірілді. Әлеуметтік желілерде, кандидаттар мен партия филиалдарының аккаунттарында хабар таратуды жоспарлап отырмыз. Жеребе ашық түрде өтеді», деді республикалық саяси ұйымның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев.
Аймақтық филиалдың баспасөз хатшысы Ілияс Сабдинов қатысушыларға әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында үгіт-насихат жұмыстарын қалай тиімді жүргізу керектігі туралы айтып берді. Оның мәлімдеуінше, үгіт-насихат жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы жүргізіледі. Дәстүрлі БАҚ-тарда ауқымды үгіт-насихат шаралырын ұйымдастыруға тыйым салынады. Ең бастысы – жарияланымдарда проблемалық мәселелерді көрсету, жұртшылықтың тұрмыс-тіршілігінен хабардар болу, орын алған проблемаларды шешудің оңтайлы жолдарын көрсету. Желіні пайдаланушылар күрделі идеологиялық хабарламаларды ұнатпайды. Керісінше, нақты жайттарды тезірек қабылдап, жедел үн қосуға бейім.
Өңір бойынша праймеризге барлығы 645 үміткер қатысады. Жеребе тарту партияның барлық аумақтық филиалдарында өтті.
Сурет: https://rus.azattyq-ruhy.kz/