Ауруханаға Есіл ауданындағы Явленка ауылында эбола вирусын жұқтырды деген жолаушы жайында ақпарат келіп түсті…
Мұндайда медициналық қызметкерлерге, төтенше жағдайлар және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттерінің мамандарына қандай шара қолданған жөн? Адам қауіпті вирусты жұқтырса, не істеу қажет? Осы сынды сұрақтарға Явленка елді мекенінде “Эбола ауруымен науқастанған адамды анықтау” тақырыбында өткен оқу-жаттығу шарасы барысында жауап берілді.
Қойылымдық іс-шараның сценарийі бойынша аудандық орталық аурухананың қабылдау бөлімшесіне Явленка автотұрағының диспетчері эбола вирусын жұқтырған адам жөнінде ақпарат берді. Медициналық қызметкер “науқастың” бойынан дене қызуының көтерілуін, әлсіздікті, бұлшық еттерінің ауруын, лоқсуын, ішінің өтуін, терісінің бөртуін, мұрнынан қан кету белгілерін байқады. Хабарды естіген аурухананың жедел медициналық көмек тобы, аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау мекемесінің эпидемиологиялық және төтенше жағдайлар департаментінің бригадалары арнайы киім киіп, автобекетке жетті. “Науқас” ауруханаға жатқызылды. Ал жұқпалы ауру тарауы ықтимал нысандарда зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің азаматтық қорғаныс басқармасы офицерінің міндетін атқарушы,
өртке қарсы қызмет подполковнигі.