«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛТЫ ЖАСАР СУРЕТШІ

ЮНЕСКО-ның дәстүрлі “Балалар әлемді бейнелейді. Қазақстан” жобасының биылғы тақырыбы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналды. Бұл жолы да еліміздің көптеген жас таланттары анықталды. Балалар мен жас жеткіншектер байқауына біздің өңірімізден бірнеше ұжым және жекелеген дарын иелері қатысып, өз бақтарын сынға салды. Оған қатысқан авторлардың ең жасы 3-те болса, ересегі – 17 жаста. Солардың қатарында петропавлдық “Арт-палитра” бейнелеу өнері студиясының шәкірттері де бар.

Аталмыш байқау үш кезеңде ұйымдастырылып, қазан айында 2015 жылдың жеңімпаздары анықталып, жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Байқаудың қорытындысы бойынша жарық көрген түрлі түсті альбомға біздің өңірдің алты жастағы жас таланты Полина Плошкинаның еңбегі енгізілді.

Полина – облыс орталығындағы С. Мұқанов атындағы №32 мектептің оқушысы. Жас жеткіншек бейнелеу өнеріне бейім. Ол облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық орталығындағы бейнелеу өнері үйірмесінің мүшесі. Жас өнерпаз аз уақыт ішінде бейнелеу өнерінің қыры мен сырына терең бойлап, түрлі тақырыптарға қалам тартуға дағдыланып қалды. Полина биылғы соғыс тақырыбына қатысты ұйымдастырылған байқауға “Жолама” деген тақырып қойылған шығармасын ұсынды. Суретін ол гуашьпен салған. Оның бұл еңбегін жоғары бағалаған қазылар алқасы шығарманы альбомда жариялануға лайық деп таныды. Бұл – Полинаның басылым бетінде жарық көрген алғашқы еңбегі.

Жеңіс шәкірттің ғана емес, оған тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздардың да мерейін өсірді. Шығармашылық талабың өсе берсін, жас дарын!

Наталья КОЗЛОВСКАЯ,

“Арт-палитра” бейнелеу өнері

студиясының мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp