«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІМПАЗДАР

Бразилияда футболдан әлем біріншілігі өтіп жатыр. Бүгінде алғашқы жеңімпаздар белгілі болып отыр. 

Әлем біріншілігінің алғашқы ойынында Бразилия мен Хорватияның құрама командалары кездесті. Ойын барысында төрт голды да бразилиялықтар соқты.

Хорватия құрамасының шабуылшысы Ивица Оличтің сол қапталдан айып алаңына соққан добын қайтармақ болған бразилиялық Марсело Виейра абайсызда өз қақпасына дарытты. Хорватия алға шықты. Бұрын соңды әлем чемпионатының ашылу кездесулері автоголдан басталмаған болатын. Сондықтан бұл доптың футбол тарихында қалатыны сөзсіз.

71 минутта Ловрен өз айып алаңында Фредтің жейдесінен тартып жыққаны үшін жапон төрешісі пенальти белгіледі. Шабуылшы Нейма́р да Си́лва Са́нтос Жу́ниор (Нейма́р) мүлт кеткен жоқ. Есеп – 2:1.

Хорваттар есепті теңестіруге тырысқанымен еш нәтиже шықпады. Ал 89 минутта Оскар дос Сантос Эмбоаба Жуниордың (Оскар) оң қапталдан тепкен добы да торда тулады. Осы есеп матч соңына дейін сақталды.

Мексика мен Камерун құрамаларының кездесуінде бас төреші солтүстікамерикалықтардың екі голын есепке алмады. Атап айтқанда, Джованни дос Сантостың 11-ші және 30-шы минуттардағы қарсыластар қақпасына дәл соққан доптары есепке алынбады.

Аталмыш матчта Мексика ойыншылары жеңіске жетті. Орибе Перальтаның қақпаға соққан добы құрамаға жеңіс әкелді. Есеп қорытындысы Мексика – Камерун 1:0. 

“В” тобындағы алғашқы матчта Голландия Испанияны айқын басымдықпен ұтты. Ойынның қорытындысы 5:1.

Матчтың 27 минутында голландиялық Стефан де Врей тәртіп бұзды. Тағайындалған пенальтиді сәтті орындаған испаниялық Хави Алонсо есепті ашты. 1:0 есебімен Испания алға шықты.

Дегенмен шабуылға көшкен Голландия құрама командасының аяқдоп шеберлері – Ро́бин ван Пе́рси (43 минут), Арьен Роббен (53 минут), Стефан де Врейдің (64 минут), Ро́бин ван Пе́рси (72 минут), Арьен Роббен (80 минут) Испания қорғанысындағы қателіктерді пайдаланып, есепті еселей түсті.

Бразилиядағы футболдан әлем біріншілігінің топтық кезеңінде Чили құрамасы Аустралиядан басым түсті.

12-ші минутта Чили құрамасының шабуылшысы Алексис Санчес көзге түссе, 14-ші минутта Чили командасының ойыншысы Хорхе Вальдивия Аустралия құрамасының қақпасына тағы бір доп соқты. Ал аустралиялық футболшы Тим Кэхилл 35-ші минутта қарсылас қақпасына бір доп салып, есепті қысқартқан болатын. Алайда, 90-шы минутта Жан Босежур қарсыластың қақпасын нысанадан дәл көздеп, өз командасына жеңіс әкелді.

Осылайша, Чили – Аустралия кездесуі 3:1 есебімен аяқталды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp