«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ

Университет қабырғасынан шығып, міне, маман атандық. Журналист болғандықтан түрлі адамдармен кездесіп, олардың өмірлерінде орын алған қызық оқиғаларды тыңдап, әсер алып қаламыз. Соны оқырманға жеткізбей, сырласпай қалу мүмкін емес. Жанар атты келіншек былай деп сыр шертеді.

“Біз шағын ауылда көрші тұр­дық. Бірге өстік, бірге ойнадық. Ол менен екі жас үлкен еді. Әке-шешесі елге сыйлы адамдар бо­ла­тын. Ата-анамыздың мінез­де­рінде ұқсастық көп, өзара тату көр­шілер ғой. Мерекелерде екі үйдің адамдары біріккенде: “Біз құда боламыз, қыз береміз, не қыз алысамыз”, – деп айтып оты­ра­тындарын бірнеше рет есті­дім.

Осылай біраз жылдар өтті. Ол мектеп бітіріп, оқуға түсу үшін қа­лаға кетті. Қысқы, жазғы дема­лысқа келгенде үлкен қара көз­дері маған мейірлене қадалып, сағынғанын жеткізгендей бола­тын. Қыз сезімтал дейді ғой, оның маған ғашық екенін о бас­тан тү­сінген едім. Екеуміздің ара­мызға еш нәрсе бөгет болған жоқ сияқ­ты. Бірақ неге екенін білмей­мін, ол маған сезімін ашып айт­пады.

Уақыт зырғып өтіп жатты. Енді мен де – студентпін. Басқа орта. Маған көңілдерін білдіріп, сөз ай­тушылар көп. Бірақ менің ойлай­тыным – әлі де сол бір жігіт. Алай­да, қанша күтсем де, ол асық­пады. “Сені сүйем!” деген сө­зін естуге зар болдым. Не керек, ақыры мен өмір заңына бағынып, тұрмысқа шығып кеттім. Бірақ ме­нің оған деген сезімім, керісінше, жылдар өткен сайын күшейе түс­ті, тек онымен бірге болуды ар­мандадым. Бірде ауылдағы ға­шығымның үйленіп кеткенін ес­тігенде, қатты қапаландым. Өзім­ді кінәлі сезіндім. Күтіп жүре бермей, бірінші қадамды өзім жасасам да болар еді ғой.

Кейін оның ажырасып кетке­нін естідім. Қазір жасым қырық алтыда, әлі оған деген сезімім суи қойған жоқ. Алғашқы ма­хаб­бат мәңгілік екен. Сіңлілеріме ай­тарым, махаббаттарыңды аялап, сүйгендеріңді бағалай біліңдер”, – деп сөзін аяқтаған Жанардың көзінен мөлдіреген жас көрінді.

Индира ЕРКЕБҰЛАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp