
Аталған қоғамдық бірлестік партияның облыстық филиалымен бірлесе отырып, бірнеше әлеуметтік жобаларды жүзеге асырған екен. Ал көп жылдан бері қант диабеті дертімен күресіп жүрген Күлбаршын Қоспанқызы бір кездері партияға көмек сұрай келгеніне дән риза. Себебі, нұротандықтар мүгедек ретінде оған қандай жеңілдіктер бар екенін түсіндіріп, қант диабетіне шалдыққандардың қоғамдық бірлестігі жұмыс істейтінін айтқан. Ол қоғамдық бірлестік өкілдерінің көмегі арқасында тиісті мемлекеттік қолдауларға қол жеткізген екен. Осы орайда өңір басшысы Ерік Сұлтанов мұның барлығы Елбасының сындарлы саясатының арқасында атқарылып жатқан жұмыстар екенін тілге тиек етіп, қант диабетіне шалдыққандардың қоғамдық бірлестігінің жұмысына сәттілік тіледі.
Жергілікті тұрғындар Локомотив депосы маңайында орналасқан моншаның бір жылдан астам уақыт жұмыс істемей тұрғанына ренішті. Белгілі болғандай, Оңтүстік-Орал темір жолы бөлімшесінің иелігіндегі монша қазір апаттық жағдайда тұр. Яғни, оған күрделі жөндеу жұмысын жүргізу тиімсіз. Жергілікті құзырлы органдар Ресейдің Жол қатынастары министрлігіне бұл нысанды Петропавл қаласының коммуналдық меншігіне беру туралы тиісті құжаттар әзірлеп жатқан көрінеді.
Ал Қызылжар ауданындағы Асаново ауылының тұрғыны Татьяна Ратушная күнде таңертең “Петропавл – Есілкөл” бағытындағы электр пойызымен облыс орталығындағы жұмысына келеді екен. Енді бұл бағыттағы электр пойызы тоқтатылатын болса, Асаново, Қарақоға ауылдарының, Булаево қаласының тұрғындары діттеген жерлеріне қалай жетерлерін білмей дал болып отырған көрінеді. Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов тұрғындардың өтініші жерде қалмайтындығын, электр пойызы тоқтатылған күннің өзінде автобус қатынасы жанданатынын жеткізді.
Зейнеткер Зейнеш Қыдыбекова Семашко көшесі бойында жаңа тұрғын үйлер салынғалы сол жердегі жер үйлер судың астында қалғандығын айтты. Бүгінде бір баласынан қалған немерелерін тәрбиелеп отырған қарт ананың жағдайын түсінген Ерік Хамзаұлы қала әкімі Марат Тасмағанбетовке зейнеткердің үйіне келер ағын суды тоқтататындай қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.
Петропавл қаласының тұрғыны Мүстариза Оспанов бірінші топтағы мүгедек баласының аяғын оңалтуға қажетті велотренажер алуға көмек сұрай келіпті. Әрі төртінші қабатта тұратын отбасы тұрғын үйде пандустың жоқтығынан ұлдарын далаға шығару үшін әр баспалдақтың азабын көруге мәжбүр. Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов қала әкімі Марат Тасмағанбетовке баспалдақтардан қоларбамен түсуге ыңғайлы және жинауға, көтеруге жеңіл алюминийден жасалған пандусты табуды тапсырды. Ал велотренажерді алуға ардагерлер кеңесі көмек қолын созып отыр екен.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.