Газет редакциясына Есіл ауданындағы Алқа ауылының тұрғыны Бақыт Құсайынова телефон арқылы хабарласып, жергілікті билікке деген көңіліндегі қыжылын ақтарып салды.
Кезінде қырық шақты шаңырақ түтін түтетіп отырған елді мекенде қазір төрт үй ғана қалған. Тұрғындардың көбі су, жол секілді түйткілдер шешілмегеннен кейін облыс, аудан орталықтарына, жақын елді мекендерге көшіп кеткен.
– Төрт үй кіндік кескен атақонысымызды әлі сағалап отырмыз. Жарайды, буынып-түйініп басқа жаққа бардық делік. Кім құшақ жайып, қарсы алады? Аяқ-қолы балғадай жастар жұмыссыз жүргенде екі қолға бір күрек таппақ түгіл, осы тірлігімізге зар болып қаламыз ба деп жүрексінеміз. Негізгі күн көрісіміз мал өсіру болғанымен, оның да санын арттыра алмаймыз, себебі, жем-шөп қымбат. Бала-шаға нәпақасынан артылғанын жұмыртқадан жүн қырыққан, тиыннан теңге сауған делдалдарға амалсыздан арзанға сатуға мәжбүрміз, – деп әңгімесін бастаған ол бір шерін тарқатқаннан кейін телефон соққандағы негізгі айтқысы келген мәселесіне қарай ауысты.
Айтуынша, жуырда ауылға округтің екі мал дәрігері келіп кетіпті. Жылдап ат ізін салмайтын бұл сабаздардың сапарының мақсатын кейін барып бірақ білген. Сөйтсе, олар “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасы бойынша Заречныйға қоныс аударған екі отбасының екі жүзге жуық қойын осы аумақта бағу мәселесімен келіпті.
– Бәрін сыртымыздан шешіп қойғанға ұқсайды. Бірақ біз бірден қарсылығымызды білдірдік. Жайылымдық жерлер онсыз да аз, әбден тозған. Жағалай егін алқаптары. Ертең малдың тұяғы жемазық дайындалатын азын-аулақ шабындықты қара топыраққа айналдырып жіберсе ше? Жан баласы тұрмайтын Орталық ауылының маңында жер жетерлік. Ол жақты бұрын орманшы болған, қазір зейнеткер Балапан Тілеуғазин жекеменшігіндей иемденіп алған секілді. Қызғыштай қорып, ешкімді жолата қоймайды. Шөбін де шабады, егінін де салады, малын да бағады. Болмаса Қарағашта неге мал бақпасқа? Оңтайлы мүмкіндіктерін қарастырса, жолы көп. Мәселені осынша ушықтырып, онсыз да шытынап тұрған жүйкеге салмақ түсіргені қынжылтады. Мұнда тұрып жатқан ел-жұртпен ақылдасудың орнына тізеге салғылары келеді, – деп Бақыт Құсайынова әзер тоқтады.
Болашағы бұлыңғыр, бірақ әлі тұрғындары тегіс көше қоймаған елді мекен тұрғынының жанайқайына жауап іздеп Заречный ауылдық округінің әкімі Біржан Сердалинге хабарластық. Ол алқалықтарды орынсыз жерде байбалам салмауға шақырды.
– Кезінде қырық үйлі Алқаның қотан толы төрт түлік малы емін-еркін жайылғанда екі жүз қой өрісті тарылтып жібереді дегенге келісу қиын. Иә, күнгейден келген қандастарымыздың өтінішіне орай жайылым іздестіргеніміз рас. Өйткені, күрежолдың бойында орналасқан Заречныйда мал жаятын жер өте тапшы. Алқада сатылатын баспана барын естіп, мамандар барған. Жергілікті жағдаймен танысқан. Ал Орталықта ондай мүмкіндік жоқ. Жаңалықта шеттен келген екі қандасымыз мал өсіріп жатыр. Қарағашқа да екі отбасы көшіп келмек. Тіршілік белгісі тоқтап қалғандай сезілетін жапан түзге жан бітіп, адамдардың қуанышты күлкісі, қозы-лақтың үні естіліп жатса, тек қуану керек қой, – деген әкімнің де сөзінің жаны бар сияқты.
Округ әкімі жуырда мыңғыртып қой өсіруді ниет етіп оңтүстіктен келген ағайындармен тағы да жолыққанын айтты. Олар Алқаға бармайтындарын жеткізіпті. Басты себеп – ауызсудың жоқтығы және жол қатынасының қиындығы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Soltústik Qazaqstan”.
Сурет: https://pkzsk.info/