«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАНЫҢ АСЫЛ АРМАНЫ

Баласының тәтті күлкісімен әр шаңырақты шаттыққа бөлеп, ұрпақ сабақтастығын жалғап отырған аяулы жандар мен сәбилер үшін облыстық перинаталды орталықта қандай жағдай жасалған? Осы жайында аталмыш орталықтың бас дәрігері Жанна Мауытовадан сұхбат алдық.

– Соңғы 11 айдың ішінде перинаталды орталықта 4500 сәби өмірге келді. Облыс бойынша көрсеткіш бұдан да көп, әрине. Жалпы алғанда, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өңірімізде демографиялық дамудың аздап болса да өсуі байқалады. Бұл көңіл көншітерлік жайт. Қазір ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін медицина саласында барлық жағдай жасалып отыр. Тек мүмкіндікті, ең бастысы, алтын уақытты өткізіп алмау керек.

– Әрине, бала туу көрсеткішіндегі сеңнің қозғалуы көңілге қуаныш ұялатады. Бірақ қазір жас отбасылардың көбі түрлі тұрмыстық жағдайларға байланысты балалы болуды “жоспардың” соңғы жағына ығыстырып қойған сияқты. Осы жайында не айтасыз?

– Жастардың жұмыс істегісі, баспана, көлік сияқты қажетті нәрселерге қол жеткізгісі келеді. Мұның барлығы болашақ бала үшін де қажет. Сондықтан бір жағынан алғанда оларды да түсінуге болады. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты барын ұмытпау керек. Қазір орталыққа келетін аналардың ішінде 17-19 жас аралығындағы бойжеткендер кездеседі. Сондай-ақ, 40 жастан асқанда бірінші рет босануға келетіндер саны да артып барады. Әрине, ана боламын дегендерді біз қашанда қолдаймыз. Бірақ болашақ аналар алдымен тек қана өз қалауларына ғана емес, сонымен қатар, денсаулықтарына да дұрыс қараулары керек. Уақытымен дәрігердің қабылдауында болып, қажет болғанда тиісті емдом алудың маңызы зор. Дені сау бала саламатты өмір салтын ұстанатын ата-анадан ғана туады.

– Нәрестенің барлығына ерекше күтім керек. Осы жағынан алғанда орталық қажетінше заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр ма?

– Ана мен бала игілігі үшін біраз жоспарлы жұмыс жүзеге асты. Мәселен, биыл орталықта жеке босану бөлмелеріне осызаманғы трансформер кереуеттер қойылды. Көпфункционалды кереуеттер пультпен басқарылып, бірнеше қалыпқа түседі. Бүгінгі күнге дейін жаңа медицина қондырғысында 300-ден астам нәресте дүниеге келді.

Сондай-ақ, жаңа қондырғылардың ішінде вакуум-экстрактор аппараты да бар. Ол жүкті аналардың толғағын жеңілдетуге септеседі. Заманауи аппараттар арасынан ашық жансақтау жүйесін де атап өтуге болады. Олардың саны – он алты. Термореттегіш микроклиматты қалыпты жағдайда ұстап тұрады және компьютермен басқарылады. Жаңа туған сәбилердің есту қабілетін тексеруге арналған жаңа аппарат та биылдан бастап іске қосылды.

– Тіл-көзден сақтасын, соңғы кезде орталықта егіздер, үшемдер туғаны жайында естіп, қуанып жатырмыз…

– Біз үшін әр баланың аман-есен туып, анасымен бірге отбасына қосылуы үлкен мерекемен тең. Ал енді егіздер мен үшемдердің өмірге келуі орны бөлек бақыт. Соңғы 11 айдың ішінде аналар 58 егіз туса, 3 шаңыраққа үшем қосылды.

Тәуелсіз еліміздің болашағы болар ұл-қыздарымыздың қатары күн сайын арта түссе, мұның түсіне білген адам үшін бір бақыт.

Әңгімелескен

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ, “Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp