«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАНЫҢ АҚ БАТАСЫ

«Таулы Карабах ардагерлері мен мүгедектері республикалық одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мүшелері 9 мамыр – Жеңіс күніне орай тыл ардагері Хайниқамал Ғарифулақызын құттықтады.

– Сіз майдан жылдары тылда бел жазбастан қажырлы еңбек етіп, бүкіл әлемде бейбітшілік орнауына өз үлесіңізді қостыңыз. Көпбалалы батыр ана ретінде еліміздің демографиясына атсалыстыңыз. Осынау мерейтой қарсаңында өзіңізге қажымас қайрат, мықты денсаулық тілейміз, – деді «Таулы Карабах ардагерлері мен мүгедектері республикалық одағы» облыстық филиалының төрағасы Құрманғазы Ережепов.

Қоғамдық бірлестік мүшелері Алғыс хат, гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыс етті. Хайниқамал Ғарифулақызы – 91 жаста. Соғыс басталғанда 7 жасқа енді толған қаршадай қыз тылдағы жұмысқа тартылған.

– Аналарымыз жүн түтіп, шұлық тоқып, фронтқа жіберетін. Біз, балалар барлық жұмысқа араластық, – дейді Хайниқамал Ғарифулақызы.

Еңбекпен есейіп, кейін елдің дамуына адал еңбегімен үлес қосқан аяулы ана 10 құрсақ көтерген. Тағдырдың жазуымен бүгінде тек 3 баласының көзі тірі. Құлағы нашар естігенімен, әлі де ширақ, тоқыма тоқудан қол үзбепті. Құттықтап келген қонақтарға арнап дастарқан жайып, әңгіме айтып, есте қалған әндерді шырқады. Кейін батасын беріп, игі тілегін білдірді.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp