Осыдан бір жыл бұрын болған оқиға көз алдымнан кетпей қойды… Қараша айының басы. Күздің қоңыр салқын желі еттен өтіп, сүйекке жетеді. Осындайда жылы автобусқа тезірек жетуге асығасың. Аялдама базардың қасында болғандықтан, бұл маңайда қарбаласқан адам өте көп. Жаяу жүргіншілер жолының оң жақ бетінде – сауда-саттықпен әуреленген адамдар. Күздің алғашқы ызғарына олардың да бойы үйрене қоймаса керек, иықтарын көтеріп, бүрісіп отыр. Олардың қайсыбірі саудалайтын көкөністер мен жеміс-жидектердің қағын үйіп қойған, кейбірінің алдындағы үстелдің үсті шашылған киім-кешек. Қысқа әзірлеген тоспаларын сатуға шыққан қариялар да бар. Бұл маңдағылардың барлығы – тіршіліктің қамын жасап жүргендер.
Саудагерлерден әрі отырған кейуана кішкентай тостақ сияқты қаңылтыр ыдысты біресе алдына созады, сәлден кейін тізесіне қойып, ішіндегі тиындарды сұқ саусағының ұшымен қозғап, санағандай болады. Бет-әлпетінің кәріліктен солғын тартқаны болмаса, арақ-шарапқа әуестігі жоқ адамға ұқсайды. Көзіне көзім түсіп кеткен кезде кейуананың тұңғиыққа батқан жанары әне-міне сөнгелі тұрған шоқ сияқты көрінді. Белін тік ұстай алмай, бүкшиіп отырған қарияның кейпі сырт көзге аянышты еді. Мұндайда адамның мүсәпірлігіне кім кінәлі екенін білмейсің. Тағдыр деген әркімге әрқилы сынақ береді ғой. “Бұл кейуана өмірдің қандай түйткілдерін басынан өткерді екен?” – деп ойлайсың.
Адамның тіршілігі туралы түрлі ойларды санамда жүгіртіп, қалтамнан тиын-тебен іздей бастадым. Қолға іліккен тиынды қаңылтыр ыдысқа тастай салып, ілгері екі-үш адым аттағаным сол еді, артымнан: “Өркенің өссін, бұл өмірде жамандық көрме!” – деп қазақша тіл қатқан әйелдің дауысы естілді. “Қайыр сұрап отырған қазақ әйелі ме?” – деген таңғалыспен жалт қарадым. Бет-әлпеті қазаққа мүлдем ұқсамайтын кейуана менің қайта бұрылғанымды көріп, сәл жымиғандай болды.
– Қазақшаны жақсы біледі екенсіз? – деп ауызымды ашқаным сол еді, ол жұлып алғандай:
– Қазақтың қызы болсам, тілді неге білмеске? Көбі мені орыс, не татар деп ойлайды. Бірақ, мен таза қазақпын, – деді.
Қасына жақындай түстім.
– Е, бәсе, таза сөйлейді екенсіз, – дедім оның қазақ екенін мойындаған кейіппен.
– Мен, қарағым, біле білсең, жеті тіл меңгергенмін. Орыс тілі мен қазақшаға судаймын. Орыс тілінің маманы болғанмын. Тағы да сұрағың бар ма? – деді.
Бірақ, мен пендешілікпен оның отбасы, балалары туралы сұрай бастағаным сол еді, оның әжім басқан беті одан әрі қыртыстанып, қабағы түйіле түсті. Өзімнің неліктен оның тағдырына қызығушылық танытып тұрғанымды, газеттің тілшісі екендігімді айтқан кезде тіпті, ат-тонын ала қашты. Өктем дауыспен: “Менің өмірімді қазбалап, жарамды тырнама”, – деді. Жасы үлкен адамның ашына айтқан бұйрығын орындамау әдепсіздікке жатар еді. Оның өмірі жайлы тілдескісі келмей тұрғанын сезген соң сырт айналып, жөніме кеттім. Бірақ ойым да, көзім де сол жақта. Мені түрі де, сөзі де орнықты жанның неге көшеде қайыр сұрап тұрғаны мазалады.
Кейуананың қасынан өтіп жатқан адамдардың кейбірі оны аңғармағандай сыңай танытса, қайсыбірі “Бұл кім?” дегендей көзінің қиығын салып қояды. Жанарын төмен түсіріп отырған кейуана күздің аңызақ желіне тоңа бастады ма, бір уыс болып бүрісе қапты. Бірер минуттан кейін үлкен сөмке асынған сары бала тоқтай қалып, қалтасынан алып шыққан тиынды әжейдің қаңылтыр ыдысына тастай салып, жүгіре жөнелді. Балаға өзінің ризашылығын білдірмек болған қария: “Дай Бог тебе здоровья, золотой!” – деп соңынан айғайлап қала берді. Автобустың келе қоймағанына менің ренжіп тұрғаным шамалы. Есіл-дертім – қарияның қылығында. 3-4 жастағы ұл баланы қолынан жетектеген орыс кемпірінің аяң жүріспен әлгі әжей жаққа қарай беттеп келе жатқанын көз қиығыммен байқап тұрмын. Олар менің қасымнан өтіп барып, кейуананың дәл алдына аялдады. Бір-бірімен шүйіркелесе амандасқан екі қарияның бұрыннан таныс екендігін күлімдеген көздері мен сөздері аңғартады. Бөгде адамның тағдырына деген қызығушылықтан олардың әңгімесін ап-анық жеткізіп тұрған желге де разымын. Ұятты қойып, құлағымды түре түсемін.
– Құрбым-ау, несін сұрайсың? Үйсіз-күйсіз жүрмін. Денсаулығым нашарлап кетті. Шалды жерлеген соң бес балаға керексіз болып қалдым. Бала тәрбиесінде қай жерде қате жібергенімді?.. Пәтер жалдап тұрамын. Зейнетақы ондайға жетсін бе? Далада қалмас үшін басқа амалдың жоқтығынан бір мезгіл осы жерге келіп, қолымды жаюға мәжбүрмін. Әйтеуір, қайырымды жандардың берген тиын-тебенімен біраз ақша жиналып қалады. Ана бір әйелді көріп тұрсың ба? Үйі бар, күйі бар кемпір. Қайыр сұрауға неге құмартып жүргенін? Мен оның орнында болсам, жылы жерде отырып, артық ақша туралы ойламас та едім. Кеше дәрігерге көрінгенімде олар тағы бір ауруымды тапты. Мейлі, енді емделер дейсің бе? Жас болса 70-тен асты. Төрімнен көрім жақын. Әйтеуір, Құдай алғанша, жатып қалмасам болғаны, – деді де, басын құрбысының қасындағы балаға бұрып, сөзін жалғады: – Менің жырымды қайтесің? Одан да өзіңнің жағдайың қалай? Соны айт. Мына сүйкімді баланы шөберем дейсің бе? Жәудіреген көзіңнен айналайын! Осыларға ғұмыр, бақыт берсін! – деп екі қария әңгімелерін басқа арнаға бұрып әкетті.
Өз бетіммен ойға шомып, көлігімді тосып тұрмын. Автобус келер емес. Бірер уақыттан кейін алдыңғы әрекетім қайта есіме түсіп, әлгі кейуананы іздеп, артқа бұрылдым. Ол да мұңды көзін төмен салып, ойланып қалыпты. Қасында ешкім жоқ. Тек анадайда кейуанаға тесіле қарап тұрған ер адамды көзім шалып қалды. Үсті-басы кір-қожалақ, ішімдікке салынған адам екені байқалады. Күптей болып ісіп кеткен көздерін зорға ашып, қайыр сұрап отырған кемпір жаққа жаутаң-жаутаң қарай береді. “Мына адам сияқты қайыр сұрасам, біраз тиын табатын шығармын”, – деп ойлап тұрған шығар деген жорамал да жасап үлгердім.
Өз ойымен алысып отырған кейуана басын көтерген кезде әлі жігітті көрді де, орнынан атып тұрды. Ол онымен ұзақ әңгімелесті. Қалтасына түскен ақшаны шығарып, алақанына салып санады да, барлығын әлгі ер адамның қолына ұстатты. Ол ішімдіктің буынан ба, әлде тоңғандықтан ба, тұрған жерінде мелшиіп, қозғалар емес. Бірер уақыттан кейін қария орындығы мен оның үстіне төселген бөстегін қойнына қысып алды да, әлгі ер адамды қолтықтап, кетіп қалды. Осы көрініске куә болған саудагерлер бір-біріне әлгі жігіттің қайыр сұрап тұрған кейуананың ұлы екенін айтып жатты. Соны естіген соң: “Шіркін, ана жүрегі-ай! Баласы қандай күйде жүрсе де, оны далаға тастауға қимайтын тек аналар ғана!” – деп қос мүсәпірге деген аяушылықтан көзіме жас іркілді.
Сол аялдамаға соқпай кетпеймін. Бірақ биылдыққа кейуананы кезіктірмедім. “Бейбақтың күйі не болды екен?” – деген ой мазаламай қоймайды.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.