«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ана ренішін арқалау оңай емес

“Солтүстік Қазақстан” газетінің бетінде жарық көрген “Шіріген жұмыртқа” атты мақала мені үлкен ойға қалдырды. Ана мен бала арасында мұндай келеңсіз жайттың орын алуы қазақи тәрбиеге жат. Заман өзгерген шығар, бірақ адами құндылықтар ғасырлар бойы сақталып келеді емес пе?! Солардың бірі – ата-ана алдындағы борыш. Ол борыш Ата Заңымызда да көрсетілген. Міндет, борыш деген өсиетпен біз де өмір сүрдік. Адам деген ұлы ұғымға сіңірілген құндылықтар өз мән-мағынасын жоймауы керек.

Бала жатырда жатқанда анасымен кіндігі байланады. Кейін ол байланыс аналық үлкен сезімге айналады. Ананың дүниеге сәби әкелгендегі көңіл-күйін ақын Мұқағали Мақатаев жырында:

Иә, Алла, көрдім бе, көрмедім бе?!

Иә, Тәңірім, бердің бе, бермедің бе?!

Шырылдаған үніңнен айналайын,

Шыныменен өмірге келгенің бе?! – деп суреттейді.

Осы өлең жолдарынан ата-ананың балаға деген үлкен тебіренісі аңғарылады. Сөз болып отырған мақаладағы кейіпкер де өз балаларын өмірге әкелгенде осы қуанышты басынан өткергені сөзсіз. Баласын ақ сүтінің уызына тойдырған кезде ертеңгі күні одан қамқор-лық көре алмаймын деп ойламағаны да анық.

Кез келген ата-ананың тілегі үкілеп өсірген баласымен жалғасады. Олар ұрпағының амандығын, саулығын тілеп таңын атырады, баланың жағдайын жасау үшін жанын жеп, күнін батырады. Қартайғанда қызығын көріп, немере-жиеннің ортасында отырсам деп армандайды. Ата-ананың ең қастерлі тілегі – бала қайғысын көрмей, олардың алдында дүние салу. Бұл – көпке ортақ ой, жалпыға бір тұжырым. Сондықтан бес баланың анасы атанған Қалима апайдың қартайғанда тіршіліктің азабын көргені дұрыс па?!

Әйел де пенде, қателеседі. Өкінішке қарай, кейбір қателіктің артында үлкен қасірет жатады. Шығыстың ойшылы Әбу-Насыр әл-Фараби “Балаға бірінші тәрбие, сосын білім беру керек”, – деген екен. Тәрбие тал бесіктен басталады. Сүйіспеншілік, әдептілік, кішіпейілділік ата мен анадан тарап, бала да содан үлгі алады. Қалима апайдың мүгедек жұбайы отбасылық тіршіліктің тауқыметін әйелінің мойнына артып қоюмен қатар, тағдырына жазған ауруының ашуын да содан алған сияқты. 28 жыл ауру жанды бағу оңай емес. Қалима апайдың бақытсыздығы көңіліме кірбең ұялатады. Балаларының көрсетіп отырғаны қорлық. Ештен кеш жақсы. Ұлдары қателіктерін түсініп, аналарының аяғына жығылып, кешірім сұраса құба-құп. Кейуананың қанша ғұмыры қалды дейсің?! Ертеңгі күні ол кісінің көзі тайса, ананың зілдей ренішін арқалап, балалары қалай өмір сүрмек?! Ойланса деймін.

Мен де үш бала өсірдім. Ұстаз болдым. Жұмыспен қатар, отбасылық жауапкершілікті де ұмытқан жоқпын. Балаларымның бойына кішіпейілділік, сыйластық, имандылық қасиеттерін сіңіруге тырыстым. Еңбегім ақталып, балаларымның жамандығын көрмей өмір сүріп жатырмын, тәубе! Басқа аналарға да сондай бақыт тілеймін!

Зейнеп ТӘНІБАЕВА,

ардагер ұстаз.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp