Ауылда туып-өстік, еңбекке араластық. Ана тілімізден басқасына шорқақпыз. Заман сондай болды ма, әйтеуір, қазіргідей көп тіл меңгеру міндеті қойылған жоқ. Он баламның тоғызы қалада жоғары білім алып, отбасын құрып, үбірлі-шүбірлі болды. Қазір бәрі қалада тұрып жатыр. Ауылдың иісін, түтінін сағынып, үлкен шаңыраққа келгенде немесе өзім олардың амандығын білуге барғанда, немерелерімнің өзара қазақ тілінде сөйлесулерін қадағалап отырамын.
Көпшілікті дүрліктірген ауыр дерттен сақтану мақсатында ұзақ уақыт бойы ауылдан шықпап едім. Жуырда облыс орталығында тұратын бір ағайынымыздың отбасында қуанышты жағдай орын алып, бөлісуге шақырғаннан кейін жолға шықтық. Ауылдың автобусына отыра бергенім сол-ақ еді, артқы жақта отырған жастардың: “Аға, поехали”, – деген сөз естілді. Елді мекеннен шығып, әрі қарай жүре бергенде автобус жүргізушісінен бастап өзара шуылдасып сөйлескендерін естігенде, мұның тілімізді бұрмалаудың бергі жағы екенін түсіндім. Қазіргі жастардың кейбірінің ана тіліне шорқақ екеніне тағы бір мәрте көзім жетіп, амалсыздан басымды шайқадым. Өзіміздің ана тіліміз шексіз бай, шұрайлы, тегеуріні мықты тіл емес пе?! Шыр етіп жарық дүниеге келгеннен бастап ананың әлдиімен бойымызға сіңетін тіл әрқайсымыз үшін ең қастерлі, қымбат болуы тиіс. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген сөз де осыған байланысты айтылса керек. Аздап ақылымды айтып едім, қолдарында ұялы телефон, құлақтарына “сымдарын” тағып алған жастардың менің сөзімді елегендеріне күмәнім бар.
Үш сағаттық жолды артқа тастап қалаға келгенде, сапаржайдан немерем күтіп алып, манағы туысымыздың үйіне алып барды. Өздері айтқандай, көп адам жиналмапты. Карантинге байланысты ет жақындарын шақырумен шектелген. Бір-бірін көптен көрмеген туыстар амандасып, қал сұрасып жатты. Сол әулеттің балалары мен келіндері, немере-шөберелері де жүр екен. Бірақ өздерімен жеке сөйлесе келе, қуанышым су сепкендей басылды. Ересектеулері түгіл, балабақшаға барып жүрген өрімдей өрендердің өзі бір-бірін қуалап, түсініксіз тілде сөйлесіп жүр. Түсініксіз дейтінім, не қазақшаға, не орысшаға жатпайды. Тілдері жаңа шығып, қазақшаны дұрыс үйрене алмай жүрген балалардың тілдері шұбарланғанын көріп, қарным ашты. Сонда оларға орысшаны үйдегі ата-аналары үйрете ме, әлде “қазақ тілінде” тәрбие беретін балабақшадан үйренгендері осы ма?
Ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін жастардың бірінші парызы. Ол туған жерді, елді, Отанды сүйе білу деген сөз екенін ұмытпауға тиіспіз.
Майра ЖЕТПІСБАЙҚЫЗЫ,
зейнеткер.
Есіл ауданы.