«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ана өтініші ескерілді

Редакциямызға “WHATSAPP” желісі арқылы Есіл ауданы Чириковка ауылының тұрғыны Парасат Оразбаева хабарласты. Ол үстіміздегі жылдың шілде айында “Оңтүстіктен – солтүстікке” бағдарламасы бойынша өңірімізге қоныс аударған. Жалғызбасты әрі көпбалалы ана бағдарламаның мүмкіндіктерін таныстары арқылы естіп, қолындағы бар мал-мүлкін сатып, көшіп келген. Екі айдан бері табыстан таршылық көріп, жұмыссыз отырған келіншектің бар жиған-терген қаражаты таусылып, енді оның күнделікті азық да алуға жағдайы жоқ көрінеді. Хат иесі жергілікті билік берген баспанаға да көңілі толмай отырғанын жазыпты. “Үй ескі, іші суық. Қабырғасында он тоғызыншы ғасырда салынған ғимарат деп жазылып тұр. Кәмелет жасқа толмаған екі баламның денсаулығы үшін алаңдаймын”, – депті ауыл тұрғыны. Ол, сондай-ақ, үкімет тарапынан қоныс аударғандар үшін қандай жеңілдіктер жасалатынын сұрап білуді өтінген.

Оқырманымыздың бұл сауалына Есіл аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бибігүл Ермекбай былайша жауап берді:

Парасат Төлепбайқызы Есіл ауданына төрт баласымен Қызылорда облысынан көшіп келді. Шілде айында аумағы 70 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ауыл тұрғынының жағдайымен біз жақсы таныспыз. Өйткені, ол бұған дейін аудандық жұмыспен қамту орталығына және ауылдық округ әкімдігіне келіп, өз жағдайын айтқан болатын. Парасат Оразбаеваның арнайы мамандығы болмағанымен, ол өз өңірінде аспаз болып қызмет еткен. Жуырда Чириковка ауылында асхана ашылуы тиіс. Біз оны сол жерге жұмысқа орналастыру жөнінде келіссөздер жүргіздік. Бұдан басқа, бұл отбасы көшіп келген кезде 97 230 теңге көлеміндегі демеуқаржы мен әр отбасы мүшесіне төленетін қаржыға, яғни 486150 теңге ақшалай көмекке ие болды. Сондай-ақ, көпбалалы ана 555600 теңге көлеміндегі мемлекеттік грант алуға құжаттарын тапсырды. Бұл қаржыны ол шағын наубайхана ашу мақсатында жұмсамақ”, – деді Бибігүл Ермекқызы.

Біз оқырманымыздың сауалын Есіл аудандық жұмыспен қамту орталығына жіберген едік. Арада бірнеше күн өткеннен кейін Парасат Төлепбайқызы редакциямызға хабарласып, өтінішін аяқсыз қалдырмаған газет ұжымына алғысын жаудырды. Ол таяуда квота бойынша қосымша қаржыға ие болып, өз ісін ашуға мүмкіндік алған.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp