Ғылыми әлеуетті, оқытушылар мен студенттердің кәсіби деңгейін арттыру және тәжірибе алмасу аясында облыстың кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері Ресей Федерациясының өңірімізге жақын жатқан оқу орындарымен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Екі ел арасында тәжірибе алмасу және тарату бойынша әртүрлі шаралар өткізіледі.
Соның ішінде Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі Қорған облысының Шадринск қаласындағы политехникалық білім ошағымен, Ресей мемлекеттік кәсіптік-педагогикалық университетінің Омбы қаласындағы филиалымен, тағы басқалармен ынтымақтастық орнатқан. Біздің кәсіптік-педагогикалық колледж Ресейдің “Профессионал” білім беру мекемесінің коммерциялық емес серіктестігіне мүше болып табылады. Осы серіктестік шеңберінде колледж студенттері Түмен қаласында өткен қоршаған ортаны қорғау жылына арналған “Отанымды жырлаймын” атты студент жастардың фестиваліне қатысты. Онда осы санаттағы білім беру мекемелерінің 240-тан астам өкілдері бақ сынады. Біздің колледж студенттері әртүрлі төрт аталым бойынша марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, кәсіптік-педагогикалық колледждің “Менің Қазақстаным – менің елім!” шығармашылық бағдарламасы ІІ дәрежелі дипломды иеленді.
Түмен қаласында өткен “Достық көпірі” атты XIX ұлттық көркемөнерпаздар фестиваліне студенттер М.Гуляева мен А.Щукина қатысып, тәжірибелерін толықтырды. Өндірістік оқыту шебері Виктор Ложкиннің басшылығымен “Шабыт” сәндік-қолданбалы өнер шығармашылығы үйірмесінің мүшелері ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің түлегі А.Янина Германияның “КНАУФ” өкілдігі ұйымдастырған халықаралық байқауда өзінің шеберлігін тәжірибелік жұмыс барысында көрсете білді. Ол байқау қорытындысы бойынша Новосібір сәулет-құрылыс институтында оқуға грант жеңіп алды.
Колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары С.Абраменко Каменск-Уральск агротехникалық колледжінде тәжірибе алмасу мақсатымен болып, олардың ұйымдастыру, жүргізуші кадрлар мен тракторшы-машинистер даярлау және қайта даярлау мәселелерін зерттеді, сонымен қатар, ресурстық орталықтар ұйымдастыру мәселелерімен танысты.
Түмен су көлігі колледжінде өткен “Жастар ортасында патриотизм мен азаматтықты тәрбиелеу” тақырыбындағы өңіраралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Н. Гламаздина “Атамекен” экологиялық клубы студенттерді патриоттыққа баулу құралы”, О.Шевчук “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы” тақырыбын тарих сабағында оқыту арқылы студенттердің патриоттық сезімдерін ояту” жөніндегі ойларымен бөлісіп, тәжірибелерін ортаға салды.
Петропавл темір жол көлігі колледжі Ресей Федерациясы Жол қатынастары министрлігінің “Оңтүстік-Орал темір жолына қарасты “Петропавл бөлімшесі” еншілес кәсіпорнымен тығыз байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде колледж студенттері тәжірибенің барлық түрінен осы кәсіпорын базасында өтеді. Олар оқу-жаттығу кезінде Петропавл жол бөлімшесінің электрмен жабдықтау полигонын, локомотив, вагон деполарын, қашықтық байланыс кәсіпорнының базаларын пайдаланады. Екі ел арасындағы іс-тәжірибелік байланыс нәтижесінде білім ошақтары өз оқу үдерістерін түрлендіре түсуде.
Алма ҚҰСАЙЫНОВА,
облыстық Кәсіптік педагогикалық колледждің
бөлім басшысы.