«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕР ҰСТАЗДАР ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

№19 шағынаудандағы қазақ мектеп-гимназиясы өзінің ардагерлеріне ерекше ілтипат көрсетті. Бұл мектептің жанындағы бастауыш ұйымда 34 ардагер бар.

Ардагерлерін қамқорлыққа алған сынып оқушылары олардың әрқайсысының үйіне барып, гүл шоғын сыйлап, мерекелік жиынға шақырту билетін табыс етті. Жас жеткіншектер мен ұстаздар қонақтарын тік тұрып қарсы алды. Арнайы дайындалған бейнероликте ардагер ұстаздардың еңбек жолы сипатталып, жылжымалы фотостендтер арқылы мектеп өмірінің қызықты көріністері көрсетілді.

Ұлттық киім киген мектеп өнерпаздары оркестрдің сүйемелдеуімен ән әуелетіп, би биледі. Ұстаздар Амангелді Рамазанов пен Алтай Солтанның орындауындағы әндер қонақтардың жүрегін тебірентті. Сайран Жақыпов, Күлзия Сейітқасымова мен Нағима Құсайынова сынды ардагерлер өткен өмір белестерін еске алып, жылы әңгіме өрбітті, тіпті, ән де орындап берді. Кезінде оқу ісінің үздігі әрі тыл еңбеккері болған Молдахмет Сұрағанов пен Түменбай Сәрсенбаев ақсақалдардың жас жеткіншектерге айтар ақылы, көз жеткізер өнегесі қашанда бар. Қарт мұғалімдер мектеп ұжымы тарапынан шынайы жақындықты сезінді. Арнайы көліктермен алдырылған ардагерлер жиыннан кейін қамсыз көңілмен үйлеріне жеткізілді. Олар бұл күні соңынан ерген буынға үлкен ризашылықпен тарқасты.  

Бәйкен қажы КӘДІРБАЙҰЛЫ,

бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp