Алдағы жылы алғашқы санының жарық көргеніне тура бір ғасыр толатын өңір баспасөзінің қарашаңырағы – облыстық “Soltústik Qazaqstan” газетінде түрлі кезеңде бар ғұмырын ел дамуына, қазақ руханиятының өрістеуіне арнаған мүйізі қарағайдай небір дарынды тұлғалардың, ардақты азаматтардың еңбек еткені оқырманға аян. “Ақиқатты айқындап жариялар, бара жатыр азайып қариялар” деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жырына арқау еткендей, бүгінде біразы келместің кемесіне мініп кетсе де, жұртшылық олардың есімдерін, еткен еңбектерін жадынан өшіре қойған жоқ. Қаламының ұшымен, қара сөздің күшімен өсіп келе жатқан жас ұрпаққа бағыт көрсете білген, байырғы басылым беделінің артуына атсалысып келе жатқан аға ұрпақ – газет ардагерлерін құрметтеу игі дәстүрге айналған. Редакция ұжымы биыл да осынау ізгі дәстүрден жаңылмай, Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлерді дастарқан басына жинап, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрды. Әлі де қолдарынан қаламын тастамай, өскелең ұрпаққа үлгілі жол көрсетіп келе жатқан олар ғасырлық тарихы бар қарт басылым тойының өз деңгейінде өткізілуі, газет таралымын көбейту, оқырмандар санын молайту жолдары туралы ойларын ортаға салды.
Алдымен оларды “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарасбай Сүлейменов шуақты мерекемен құттықтап, газет абыройының артуына сіңірген еңбектерін, болашағын екінің бірі таңдай бермейтін “арқалағаны – алтын, жегені – жантақ” мамандықпен байланыстырған жастарға көрсетіп отырған қамқорлықтарын ерекше атап өтті.
– Біз үшін бұл мерекенің маңызы зор. Себебі, осындай жиындарда ұзақ жылдар бойы бір кабинетте отырып, бір мүддені көздеген, газет өмірінің ыстығына күйіп, суығына тоңған байырғы әріптестер бір-бірлерімен кездесіп, мәз-майрам болады. Оралмас өткен күндерді еске түсіріп, бір жасап қалады. Алда осы қасиетті шаңырақта қызмет еткен әрбір адам үшін айтулы той – газетіміздің жүз жылдығы келе жатыр, сол шараға баршамыз басымыз аман, бауырымыз бүтін жетейік, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Қызылжар жұртшылығының рухани өмірінің бағдаршамына айналған газет әр ардагер үшін ерекше ыстық. Өйткені, “Soltústik Qazaqstan” осы уақыт бедерінде тек халықтың сөзін сөйлеп, ұлт үнінің, тілінің бәсең шықпауы үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Сондықтан да жылышырайлы отырыста алдыңғы толқын өкілдері қаузаған әңгіме торқалы той, оның өткізілуі, газеттің таралымын еселеу тақырыптарында өрбіді. Сол салиқалы әңгімені назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Әскер Әбілқайыров:
– Газет – халықтың үні. Біз кезінде сол үнді батыл шығаруға атсалыстық. Сүйікті басылымымыз осы мақсатынан әлі де жаңылмай келеді. Ақпараттық технология көз ілеспес жылдамдықпен дамыған қазіргі заманда газеттің дәуірі өтті дейтін жандар да кездесетіні шындық. Алайда, ешбір ақпарат құралының газеттің орнын баса алмайтынын әр адам түсінуі керек. Өйткені, онда тасқа басылған таңбалардай құнды дүниелер бар. Міне, газеттің артықшылығы да осында жатыр. Қазір жасым жетпістің жетеуінен асып барады. Осы жасқа келгенше өңірдегі бас басылымның бір нөмірін қалыс қалдырдым десем, жалған айтқаным болар. Басылымның электронды ақпарат тарататын сайты да жаңару үстінде. Бәрін бақылап, көріп, оқып, ой елегінен өткізіп отырамын. Қағаздағы нұсқадан оқығанға ештеңе жетпейді ғой, шіркін! Сондықтан бірінші мақсат – оны шын сүйсініп оқитындардың санын еселеу болып отыр. Оған жүрегі “қазақ” деп соққан, кеудесінде тарыдай болсын намысы бар әр қызылжарлық жауапты.
Роза Қадыралина:
– Абыз жастағы басылымның тарихы тереңде жатыр. Сол тарихтың шет жағасын көргеніме өзімді бақытты санаймын. Қанша адамның тағдыры осы газет өмірімен байланысты болды. Қазір біразы марқұм болып кетті ғой. Сондай жандар маған газетке адал болуды үйретті. Маған сол күндер өте ыстық. Өңіріміздегі, өңіріміздегі ғана емес, республикамыздағы алғашқы газеттердің бірі, һәм бірегейі “Soltústіk Qazaqstan”-ның жүз жасқа келуі ауыз толтырып айтарлық үлкен оқиға. Газет ұжымы қай кезеңде болмасын қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтеріп келді. Бүгін де сол дәстүр берік сақталып отыр.
Шыны керек, Халықаралық қарттар мерекесі жақындаған сайын кезінде жастық шағымның куәсі болған редакциядан бір “дүбір” естіле ме деп елеңдеп отырамын. Аға буынға құрмет көрсетудің өзін жастар осы басылым арқылы үйренбей ме? Көзім нашар көрсе де газетті алдыртып, қарап отырамын. Кейде немерелерім дауыстап оқып береді. Талай жылдар бойы әр шаңырақтың төрінен табылған газетке деген ықылас пен жанашырлық бүгінгі оқырмандардың да бойынан табылса екен деген тілегім бар.
Амандық Жантеміров:
– Жоғарыда жасы үлкен кісілер газеттің баға жетпес құндылық екенін айтып кетті ғой. Қазақсың ба, қазақ руханиятынан, мәдениеті мен әдебиетінен, шұрайлы тілінен сусындағың келе ме, ұрпағым қара басын ойлайтын залым болмасын дейсің де онда газет оқы! Облысымыздың жылнамасын жүз жыл бойы жазып келе жатқан “Soltústik Qazaqstan”-ға жазыл! Біз қалай десек те өткен ғасырдың адамдарымыз ғой. Газет оқымау деген мәселеге онша алаңдамадық. Креслода отырған бастықтан бастап, қой бағып жүрген шопанның үйінің төрінде осы ардақты басылым тұратын. Қазіргі жағдай мүлде басқаша. Сайт, әлеуметтік желі деген дүниелер пайда болды. Олардың бір ғана артықшылығы бар: жедел ақпарат тарату. Ал газет беттеріндегі танымдық, тарихи, әлеуметтік мәселелерге екінің бірінің қолы жете бермейді. Жұрт осыны неге түсінбейді екен?!
Зейнолла Әкімжанов:
– Баспасөз қоғамның рухани шамшырағы емес пе? Қол жетпеген жерге сөз жетеді. “Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез” деп ұлы Абай тегін айтпаған. Осындай рухани талғам мен талап оқырман қауымның сана-сезіміне әсер етті. Қазақтың алашордашыл оқығандары баспасөзді жаппай сауатсыздықтың тамырына балта шабатын қуатты қару деп білді. Соның нәтижесінде Қазан төңкерісінен кейін-ақ жарыққа шыққан “Айқап”, “Қазақ”, “Ұшқын”, “Ақжол” газет-журналдары халықтың қалаулы қазынасына айналды.
Қазақтың қай зиялысын алмаңыз, бойларына білім мен ілімді қалам қуатымен, баспасөз құдіретімен дарытқан. Қазан төңкерісінен бұрын иісі сахараға тараған баспасөз үлкен тарихы қалыптасқан іргелі басылымдардың кіндігін кескен. Ұлт баспасөзінің шаңырағының шайқалмауына бар жан-тәнімен кіріскен қазақ оқығандары еліміздің дәулетті азаматтарын газет-журналдарды қолдауға, демеуге шақырған. Ұлтымыздың аяулы тұлғаларының бірі Жүсіпбек Аймауытов:
“Қазағым, қамықпа, қамалма,
Ел болар қамыңды амалда.
Кетті түн, атты таң, шықты күн,
Сал малды, сал жанды, аянба!” деген.
Қаламгердің Мұхтар Әуезовпен бірге 1918 жылы “Абай” журналын шығарып, данышпанның еңбектерін сол арқылы қазақ даласына дарытқаны белгілі. Міне, сөз құдіреті, жыр қуаты!
Келесі жылы ту көтергеніне бір ғасыр толатын біздің “Soltústik Qazaqstan” газеті де ұлт, қоғам, мемлекет алдындағы парызын адал атқарып келеді. Әттең, соңғы жылдары таралымы көңіл қалағандай болмай отыр. “Оқырмандарымыз ауылдан деуші едік біз! Иә, дәл солай! Алайда, ауыл қазағының біразы қазір қалаларда, ірі елді мекендерде тұрмыс кешуде. Ендеше, бір ғасырлық тарихы бар әрі республикадағы ең тарихы бай, екі газеттің бірі болып отырған басылым қауқарсыз қарттай күйге неліктен түсіп отыр? Ойланайық, ағайын! Қазақ қауымының жақсыға, рухани игілікке деген ықыласы өшіп, сөніп қалғаны ма?
Мен өзімнің өмірімнің 44 жылын осы сүйікті газетімде өткердім. Өкінбеймін, қуанамын. Кешегі Мағжан, Смағұл, Сәбит, Әбдірахман, Әлжаппар, Сафуандардың ізіне түстім, солардан бергі ақын-жазушылардың аманаттарын арқаладым. Ақылман ағалардың ақдария ақыл-кеңестерімен өрлеуге ұмтылдым. Қызмет ете жүріп ел-жұрттың арасынан табылдым.
Жарасбай Сүлейменов:
– Айтып отырған сөзіңіздің жаны бар. Қазақтың оқығандарының түгелі дерлік еңбек жолын газеттен бастап, халыққа етене жақын болғаны шындық. Сол арқылы олар өз бойларындағы елге деген махаббаттан туған ұшқынды жалынға айналдыра білді. Жұмылып жұдырық болды. Қалталыларды газетке тартты. Ал біздің бұл қиын жағдайымызға өңіріміздегі бірен-саран болмаса, кәсіпкердің бәрінің беті бұрылмай отыр.
Роза Қадыралина:
– Еңбегіміздің зейнетін көріп үйде отырсақ та “Soltústіk Qazaqstan”-ның оқырманымыз. Мемлекет басшысының, облыс әкімінің саясатын насихаттап, сонымен қатар халықтың көкейіндегі сөзді билікке жеткізіп, алтын көпірге айналған газеттің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Тіпті, кейбіреулер ана тіліміздің, діліміздің, ұлттық құндылықтардың жоқтаушысына айналған басылымның орнын әлеуметтік желілер алмастыра алатынын айтып қалуда. Бұл – жаңсақ пікір.
Қазір өңірімізде бес жүз мыңнан астам тұрғын бар. Заман түзелді ғой, солардың қырық пайыздайы қазақтар екені рас. Бұрын “қазақ” екеніңді айтуға жүрексінетін кезеңде де газетке деген жанашырлық мұндай мүсәпір күйге түскен жоқ. Жаңағы айтып отырған қырық пайызымыз екі жүз мың адам ғой! Сонда олардың бес мыңға жуығы ғана газет оқитын болып тұр ма? Масқара емес пе? Интернет жас ұрпағымызды сауатсыздыққа, әдепсіздікке тәрбиелеп жатыр. Әрбір үйде ақсақалды қария, ақжаулықты ана бар. Солар неге ұрпағына үлгілі сөз айтпайды. Айта алмаса газетке жазылсын! Ұрпақ тәрбиесіне жарар сөздің барлығы сонда тұр емес пе? Адасқанға жол сілтейтін, жас ұрпаққа тағылымды сөз айтатын, халықтың уәжіне құлақ асатын, тіпті, кердең кеткендерді сабасына түсіретін газетімізді қолдап, бірлігімізді көрсетейік.
Тоқтар Зікірин:
– Менің білетінім, газеттің қай кезде де оқырманының көбі ұстаздар қауымы болған. Ал ұстаздар ел арасындағы жас ұрпаққа түзу жол нұсқап, жақсы сөз айтып отырған зиялылар емес пе! Олар газетке күштеп жазғызуға болмайды деген сөзді естіп, бөріктерін аспанға атқандай қуанды-ай келіп. Біздің руханиятымыздың жеткен деңгейі осы ма? Газет оқымаған адамнан қандай ұстаз шығады. Ұстаздардың атасы Ыбырай Алтынсариннің өзі шәкірттерге: “Кел, балалар, оқылық!” деп ұран тастамады ма?
Болат Қожахметов:
– Әскер де, Зекең де, Тоқаң да жақсы сөз айтып отыр. Кезінде таралымы он мыңнан асып жығылған газеттің бүгінгі оқырманының бес мыңға жетеқабылдығы бізді алаңдатпай қоймайды, әрине. Жалындаған жастығымыз, желкілдеген жігіттігіміз, ақыл айтар ағалығымыз осы қарашаңырақта өтті.
Осы сәтте менің есіме:
“Іңкәр болып даладағы дүбірге,
Іссапардан оралушы ек – іңірде.
Қисайғанда бала-шаға, жастыққа,
қадалдық қой қағазға – шам түбінде”, – деп өрілген өлеңім түсіп отыр. Қадірлі, әріптестерім, алтын дәуірін жазып келе жатқан басылымның таралымының көбеюіне бәріміз атсалысайық!
Нұрсайын Шәріп:
– Интернеттің өскелең ұрпақтың сана-сезімін ақсатып, ой-өрісін тұсаулап, тіпті, денсаулығына нұқсан келтіріп отырғанын көріп отырмыз. Бірақ оны ойлап жатқандар кемде-кем. Бесіктен белі шықпай ұялы телефонды жастанып жататын, тіпті, күнұзаққа қолынан тастамайтын алакөңіл жастардың тәрбиесіне алдымен ата-ана, ұстаздар жауапты. Бұрын ата-бабаларымыз сөздің құнын түсінетін ұрпақ тәрбиелеу үшін батырлар жырларын, әдеби шығармаларды, газет-журналдарды бірінші сыныпқа енді барған немересін тізесіне отырғызып қойып, ежіктеп оқытушы еді. Олардың жолын жалғайтын азаматтардың азайғанын көріп, жүрегіміз ауырады. Сондықтан ауыл тұрғындарына осы мәселені айтып, дабыл қағып жатқанымыз бекер емес. Мен зейнетке шықсам да, газеттен қол үзбей келе жатқан адаммын.
Жарасбай Сүлейменов:
– Сөзіңіз аузыңызда, баланың ата-анаға, шәкірттің ұстазға, жастардың алдыңғы толқын өкілдеріне деген ілтипатының азайғаны ұнжырғаны түсірмей қоймайды. “Неліктен осындай сорақылықтар орын алуда” деген сауалға жауап іздеп көретін болсақ, ең алдымен, мұның бәрі кітап, газет-журнал оқымау кесірінен болып жатқанын аңғару қиын емес. Жазушы Шерхан Мұртазаның “Кітапты сүйген адам – Құдайды сүйеді” деген терең мағыналы сөзі бар. Шынымен де, асыл дүниенің бәрі кітап, газет бетінде емес пе?!
Тоқтар Зікірин:
– Газетке қазақтың әр баласы жазылу керек. Жуырда өзімнің жүрекжарды лебізімді газетке бердім. Әрине, тұрғындардың бәрі газетті оқымайды деп айтуға болмайды. Оқитындар аз емес. Ондайлар жастардың арасынан да табылады. Сол мақаланы оқығандары туралы Талдықорғаннан, елордадан хабарласқан ағайын-туыстар аз болмады. Бұрын біз қызмет еткен жылдары газет әр үйдің төрінде ілініп тұратын. Оған талай мәрте куә болдық. Қазір неге солай етпеске? Осылай оқымайды деп қол қусырып отыра бергеніміз жөн болмас.
Жалпы кітап оқымау, газетке жазылмау деген соңғы жылдары белең алып келеді ғой. Қаны, жаны қазақ азаматтардың осы мәселеге атүсті қарап келе жатқаны өкінішті. Қазір бәрі бар. Есесіне, моральдық құндылық әлсіреп барады. Жастардың үлкендерді сыйламауы, отбасындағы тәрбие, әке мен бала, шеше мен ана арасындағы шиеленіскен қарым-қатынастар. Осының бәрі газет-журнал оқымаудың салдарынан болып отыр.
Жарасбай Сүлейменов:
– Біз қолымыздан келетін барлық мүмкіндікті жасап отырмыз. Жуырда редакцияда кездесу өтті. Сол шараға Мағжан Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай ауылының пошташысы қатысты. Елді мекенде отыз бестей ғана үй бар. Елу дана газетке жаздырыпты. Бұған аң-таң болдық. Сырын сұрасақ, әрбір үйден бірнеше адам жазылған екен. Бір қызығы, солардың бәріне өзі үлгі көрсетіп, қайын атасының, жұбайының, өзінің атына жаздырып алыпты. Қарапайым ғана пошташының руханиятқа жасаған қамқорлығын өңірімізде көп адамдардың істей алмауы нағыз сорақылық. Бұл бір ғана мысал. Өзінің қаражатына ауылын, қарамағындағы қызметкерлерін, әріптестерін жазғызып берген адамдар да аз емес. Оларға алғысымыз шексіз.
Нұрсайын Шәріп:
– Біздің халқымыздың ұлттың сөзі сөйленіп жатқанда үнсіз қалып, даурықпа әңгімеге аттарын қоса кететіні алаңдатады. Өңір басшысы былтыр баспасөзге күштеп жазғызбау керектігін айтты. Алайда, әкім “оқымаңдар” демеді ғой. Газет оқымайтындардың көбі облыс орталығында тұрады. Қала басшылығы бұл мәселенің оңынан шешілуіне қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Құдайға шүкір, қаламыз қазақыланып келеді. Жаңа шағынаудандарда қазақтар саны басым. Газетте шығып жатқан материалдарға көңіліміз толады. Жастардың жазғандарына сырттай сүйсініп отырамын.
Зейнолла Әкімжанов:
– Үкіметтің басында тұрғандардың бәрі саясатты газеттен бастаған. Кешегі бейқам жатқан халықты маса болып шаққан Ахмет Байтұрсыновтар, Жүсіпбек Аймауытовтар газеттің сөзін ұран деп ұқты ғой. Қазіргі басшыларға қазақтың жайын, тілінің, дінінің, өнерінің жағдайын айтып барсаң, саусақ ұшын қимылдатпайды. Руханиятты ойлайтын басшылар аз.
Қошан Қали:
– Осы қарашаңырақта қызмет етіп жүргенде газет таратумен айналыстым. Зейнетке шықсам да сүйікті басылымымнан қол үзген емеспін. Біраз жақсы әңгімелер айтылып жатыр. Сол сөздер құр сөзге айналмаса игі. Осы орайда газеттің гүлденуі бәрімізге байланысты екенін айтқым келеді. Бәріміз ауылдан шықтық. Әрқайсысымыз өзіміздің туған жерімізде газеттің туын биік көтеріп, ағайындарымызды, құда-жекжаттарымызды, туыстарымызды жазғызсақ жөн болмай ма? Мысалы, мен Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылын алайын. Енді біріміз Балуанды, біріміз Бостандықты, біріміз Бірлікті алайық. Сонда тұратын тұрғындардың тең жартысын жаздырсақ, ол да олжа емес пе?
Амандық Жантеміров:
– Қошан әрбіріміз бір ауылды жаздырайық деп отыр ғой. Мен оған толығымен қосыламын. Кезінде үй-үйді аралап оқырмандарымызды көбейткен кезіміз де болды. Бірде Мамлют ауданындағы Краснознаменное ауылына бардық. Қазақтың әр үйін аралап жүрміз. Жасы егде тартқан қазақ кемпірі есікті ашты. Жағдайымызды түсіндірдік. Бізді үнсіз тыңдаған әлгі кейуана ойланып қалды да: “Ойбай-ау, қалқам, қазақ тілінде газет бар ма еді?” деп сұрады. Міне, сол сияқты нәтижесін берер жұмыстар жүргізу керек.
Зейнолла Әкімжанов:
– Газеттің болашағын кейінгі жас буынға жүктедік. Қаланың да, даланың да кеудесінде жалыны, намысы мен жігері бар қазағы сүйікті газетімізден іргелерін бөлмей бауырласқаны жөн болар еді. Сөзімнің тоқетерін жүрекжарды жыр шумақтарымен түйіндегім келеді.
Сөзімен елді ұйытты,
Қарсы алар ертең ғасырын.
Жаныма жақын, сүйікті,
Ардақтым әрі асылым.
Ақ шалған қарттай самайын,
Аялап, көңіл бөлумен,
Ақылшың, досың, ағайын,
Алсыншы орын төріңнен.
Ағысын үзбей арнаның,
Етемін оған жылда ізет.
Аяулы сырлас, ардағым,
Емес пе маған бұл газет?
Дайындаған
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.