«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРНАЙЫ ҚОЙЫЛЫМ

Петропавл қаласындағы №7 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына Наурыз мейрамына арналған таңертеңгілікті тамашалау үшін келді.

Қойылым шымылдығы ашылды. Ұзақ түндер қысқарды. Жер-жерде шырылдаған құстардың үні естіледі. Бәйшешектер гүлін ашып, бар табиғат ұйқысынан оянды. Самарқанның көк тасын жібіткен көктемнің нұрлы сәулесі енді. Қырмызы гүлдей би билеген қыздар “Наурыз аруын” қарсы алды.  

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын насихаттауды мақсат тұтқан мұқановтықтар балаларға арналған “Ұлыс күн хикаясы” атты таңертеңгілік қойылымды сахналады. Оның қоюшы-режиссері – Баатырбек Шамбетов.

– Әз Наурыздың қадір-қасиетін, таным-түсінігін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз қажет. Тіршілік атаулыға жан бітіре келген осынау мейрамды көпшілік болып атап өтудің өзіндік қолтаңбасын қалыптастыру бүгінгінің еншісінде. Сол себепті де биылғы жылдан бастап театрда Наурыз мейрамына орай балаларға арналған таңертеңгілік ұйымдастыруды ұйғардық. Қойылым арқылы халқымыздың төл мейрамының артықшылығын, өскелең ұрпаққа Наурыздың жыл басы екендігін насихаттау мақсатында ұйымдастырып отырмыз, – деді Баатырбек Шамбетов.

Мұндай жаңашылдық өңірімізде тұңғыш рет қолға алынып отыр. Балалардың таным-түсінігін байытуды көздейтін таңертеңгілік ақ пен қараның айырмасын сипаттайды. Жақсылық пен жамандықтың күресін суреттейді.

Қойылымда 11 кейіпкер бар. Боран, Түн және Зұлымдық – жағымсыз кейіпкерлер. Олар көктемнің келуін кешіктірмек болып, Наурыз аруын ұрлап әкетеді. Абырой болғанда Наурыз аруы дәнекті Балаға беріп үлгереді. Бала дәнекті егеді. Ал одан жайқалған бәйтерек өсіп шығуы тиіс. Себебі, бәйтерек – көктемнің белгісі.

Наурыз аруын зынданда ұстап отырған Боран, Түн мен Зұлымдықтан құтқарып қалу үшін Бала олардың үш жұмбағына жауап беруі тиіс. Залымдарды жеңу Баланың қолынан келіңкіремейді. Өйткені, ол жалғыз еді. “Бірлік бар да, тірлік бар”. Бала көрермендерден көмек сұрайды. Олар бірлесіп, Боранның да, Түннің де, Зұлымдықтың да жасырған жұмбақтарының шешімін заматта табады. Наурыз аруы тас құрсаудан босатылып, көптен күткен Жаңа жыл да келеді. Жаңа жыл сахнаға қой бейнесінде көтерілді.

Таңертеңгіліктің авторлары “Жаңбырмен жер, батамен ел көгереді” дегенді де естен шығармаған. Қойылымның соңында Қыдыр баба келіп, балаларға ақ батасын берді. Содан кейін көрермендер қазақтың көне дәстүрлерінің бірі – “Көрісу” салтын орындап, қарсысында отырған сыныптастарын құшақтап, бір-бірлеріне ақ тілектерін жаудырды.

№7 орта мектептің 3-сыныбында оқитын Алина Зелинская мен Максим Котолевич театр актерлері ұсынған ертегінің ең әсерлі тұстарымен бөлісті.

– Мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі Наурыз мейрамы күн мен түн теңеліп, жер мен көк жаңаратын мезгіл екенін айтып берді. Бүгінгі ертегіден Наурыз мерекесі – Жаңа жыл басы екенін түсіндім, – деген Алинаның сөзін жалғастырған Максим:

– Маған бүгінгі ертегіде ойламаған тұста бүршіктері өсіп шыққан бәйтерек ағашы ұнады, – деді.

Таңертеңгіліктің екінші бөлімі театрдың көгілдір залында өтті. Онда балалар хикаяның кейіпкерлерімен бірге қазақтың “Қамажайы” мен “Қара жорғасын” билеп, “Атжарыс” сынды ұлттық ойындарын ойнап, наурызкөже істеп үйренді.

Алайда, алғашқы қадам болғандықтан шығар, таңертеңгіліктің өту барысын одан әрі жетілдіре түссе, нұр үстіне нұр. Мейрамды балалар арасында атап өтудің өзіндік өрнегі қалыптасса деген тілегіміз жоқ емес. Қазақ театры бастаған игі істі облыс орталығындағы өзге де өнер ұжымдары іліп әкетіп, осылайша төл мерекеміздің көрінісінде халқымыздың көнеден қалыптасқан ұлттық ойындарымыз, дәстүріміз бен ғұрпымыз жаңаша сипатта насихатталып, Наурыз өскелең ұрпақтың санасында шуақты мейрам ретінде қалыптасса, құба-құп. Ал театрымыз бұл дәстүрді алдағы уақытта да жалғастырмақ ниетте.

Театрдағы таңертеңгіліктер келесі айдың басына дейін жалғасын таппақ. Осы уақыт аралығында қойылымды Қожаберген жырау атындағы №6, №14, №7, №9, №26 орта мектептер мен әл-Фараби атындағы мектеп-лицейінің оқушылары тамашалайтын болады.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp