«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРЫҚБАЛЫҚТЫҢ ТАҢДАУЛЫ ТАҒАМЫ

Ет пен балықты сүрлеу арқылы дәмі тіл үйірерлік тағамды дайындап, оны сатумен айналысатын кәсіпкер Александр Дербеденев үшін жаңа кезең басталды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жобасын жүзеге асырған Айыртау ауданындағы Арықбалық ауылының тұрғыны барлық ынта-жігерімен іске кірісуде.

– Бұрындары өзім үшін ғана ет пен балықты сүрлейтін едім. Алайда, менің бұл ісіме ауылдастарым ерекше назар аударды. Кейін олардан тапсырыс түсе бастады. Осы сәтте кәсіппен шұғылдануым қажет екенін түсіндім, – дей келе, жаңаша қарқынмен жұмыс істеп жатқан Александр бизнесті дамыту мәселесі бір мезгілде шешімін тапқан шаруа емес екенін айтады. Қолға алған жоспарды жүзеге асыру үшін оған арнайы құрал-жабдық пен ыстайтын әрі тағамды сақтайтын жер қажет болатын.  

Әуелі өнертапқыш қолында бар материалдардан электр ыстағыш құрастырған. Бұл құрылғының көмегімен ол алғашқы өнімді шығаруға мүмкіндік алды. Бірақ сұраныстың артуына байланысты қолдан құрастырылған құрал-жабдықтың ысталған өнімдерді молынан дайындауға мүмкіндігі болмады. Ал бұл мәселе қосымша қаржы бөлуді қажет етті. Александрдың айтуынша, қазіргі ел экономикасындағы қиын жағдайда жұмыс табу оңай емес. Сондықтан ауыл тұрғындары қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, қосалқы шаруашылықпен айналысуда. Осындай бір күндерде Ресейге көшуді жоспарлаған кәсіпкер аудандық газеттен шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетілетіні туралы жаңалыққа елең еткенін жасыра алмады. Кейін қоныс аудару туралы ойынан бас тартқан. Бірден Александр Дербеденев аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталығына хабарласып, мән-жайды біледі. Орталық кеңесшілерінің қолдауымен бизнес-жоспар жүзеге асырылды.

Қазір елімізде орын алған дағдарыстың қиын кезеңдерінде де оның бизнесі сұранысты қамтамасыз етіп, талапқа сай жұмыс істеуде. Кәсіпкердің алғырлығының, ізденімпаздығының арқасында ауылдың бірнеше тұрғыны үшін де жаңа жұмыс орны ашылды. Ол аудандық кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандарына дән риза. Кеңесшілердің табандылығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында арманын жүзеге асырған азамат ауылда да табысты еңбек етуге болатынын айтып, ерекше жігермен, тың ізденіспен, бастысы құлшыныспен іске кіріскенін қуанышпен жеткізді.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының

баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp