«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРЫ ТАЗА АЗАМАТ ЕДІ…

Қазақстанның саяси-қоғамдық өмірінде жерлесіміз, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Жаңасу ауылы­ның тумасы Еркін Әуелбековтің есімі ерекше ілтипат­пен аталады. Ол көзі тірісінде белгілі де беделді, аузы дуалы аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі де бірегейі болды. Басқа қызметтерін айтпағанда, Еркін Нұр­жанұлының Көкшетау, Торғай және Қызылорда об­лыс­тарын басқарған кездегі ерен еңбегін сол өңірлер­­дің тұрғындары әлі күнге дейін ұмытқан емес. Олар­дың қай-қайсының да экономикасын, әлеуметтік жағ­дайын көтеруге айтарлықтай үлес қосып, іскер де бі­лікті басшы ретінде тұрғындардың құрметіне бөленді.

Өзге басшылардан жұмыс іс­теу стилімен, қарапайымды­лы­ғы­мен ерекшеленген азаматтың ту­ға­нына 90 жыл толуына орай жер­лестері аудан орталығында ғылы­ми-тәжірибелік конференция ұйым­дастырды. Еркін Әуелбеков­ті, оның тынымды істерін еске алу­ға облыс орталығынан, Ақмола об­лы­сынан, өңіріміздің басқа аудан­дарынан делегациялар арнайы ке­ліп, жергілікті еңбек ардагерлері бас қосып, Еркін Нұржанұлының құр­метіне қойылған мүсінге гүл шоқтарын қойды.

Конференцияны ашқан аудан әкі­мі Ағзам Тастеміров ақтаңгер азаматтың еліміздің игілігі үшін жа­саған адал еңбегі жайлы сөз са­бақ­тады. “Еркін Нұржанұлы бар ғұ­мы­рын елі мен жеріне кіршіксіз қыз­мет етуге, ұлттық құндылықта­ры­мыз бен салт-дәстүрлерімізді на­сихаттауға арнаған жан. Туған халқының алдындағы жауапкер­ші­лігін әрқашан есте сақтап, қыз­меттік міндетін бірінші орынға қо­йып, күн демей, түн демей еңбек­тенген ол қай салада болмасын туындаған мәселелердің түйінін тарқата білетін. Осылайша, туған же­рінің дамуына үлес қосып, за­ман­дас, әріптес, жолдастарының жадында мәңгі із қалдырды. Азаматтың игі істерін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында аудан орта­лы­ғындағы көшелердің біріне есі­мі беріліп, орталық алаңда бюст ор­натылған болатын”, – деген ау­дан әкімі биылғы мерейтойға орай да бірқатар іс-шаралар жоспар­лан­ғанын тілге тиек етті. Жеңіс сая­бағында Даңқ аллеясы орна­ты­лып, азаматтың есімі алтын әріп­­пен жазылды. Жаңасу ауы­лын­да Еркін Нұржанұлының бас­тама­сы­мен салынған мектепке жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, мұ­ражай жа­ңартылып, кеңейтілгені де – жа­ғымды жаңалықтардың бі­рі. Ауыл­дың ішінде абаттандыру жұмыс­тары қолға алынып, мем­лекет қайраткері тұрған үйге күр­де­лі жөндеу жұмыстары жүргізіл­ген.

Содан кейін облыстық ішкі сая­сат басқармасының басшысы Ке­мел Оспанов, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Алиев, еңбек ардагері, өңі­рі­міздің құрметті азаматы Құдай­берген Қалиев, Айыртау аудан­дық ардагерлер кеңесінің төраға­сы Армия Әбілқайыров және Ер­кін Әуелбековтің туған інісі Болат Әуелбеков бастаған азаматтар сөз алып, мерейтой иесіне қатыс­ты естеліктерімен бөлісті. Мінбеге көтерілгендердің қай-қайсысы да Еркін Нұржанұлының ешкімге бұра тартпайтын турашылдығын, жаны мен арының тазалығын, іс­тің көзін білетін көрегендігін, бас­та­ған шаруаны аяғына дейін тын­дыратын іскерлігін жоғары баға­ла­ды. Шара барысында қатысу­шы­лардың назарына Еркін Әуел­бе­ковке арналған бейнебаяндар ұсынылды.

Еліміздің игі жақсылары тура­лы шығарылған “Азамат” атты кі­тапта Ілия Нұр дейтін автордың “Ер­кін ағаны жоқтау” атты өле­ңінде:

“Құрметтеп, қалың жұрты сүйіп еді,

Сүйсініп, ақылына ұйып еді.

Жұлдыздай жарқ етті де ағып өтті,

Қай жақсы бұл дүниеге сыйып еді?” – деген өлең жолдары кез­де­седі. Иә, барлық ғұмырын қалың қазағының бақытты болашағы үшін сарп еткен тұлғаның есімі жұртшылық жадынан өшпесі анық.

Шолпан САЛЫҚОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp