Атам қазақ “Есті қыз етегін қымтар” деп тегін айтпаған болар. Бірақ бүгінде осындай дана сөздерге құлақ түріп жатқан қыздар аз. Мәнсіз сән қуған бойжеткендер ашық-шашық киініп, ұятты жерлерін көрсетіп жүргенді өзінше бір жетістік деп санайды. Ондай бикештерді, әсіресе, жаздыгүні көп кездестіруге болады. Бір жапырақ көйлекті үстеріне іліп алған бойжеткендердің түр-тұлғасына қарағанда өзің ұялып, кіретін тесік таба алмайтын кездер де болады. Батыстың бейәдеп батпағына әбден батқан кейбір қаракөздер кіндіктерін көрсетіп қана қоймай, оған жылтыратып сырға тағып жүреді. Мұның барлығы шектен шығу, “әй” дейтін әженің, “қой” дейтін қожаның жоқтығынан.
Әрине, тұлымшақты қаракөздердің киім киісін қадағалап, оған ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беріп отыратын жақын адамдарының бірі – анасы. “Ыдысын көріп асын іш, шешесін көріп қызын ал” деген орынды сөз осындай жерде қолданылады. Аналар, апалар дейміз-ау, шындығы сол, олардың да бүгінгі киім киісі көңілден шыға бермейді. Жастармен жарысқысы келетін кейбір апалардың денелерін тыртиған тар киіммен қысып, көйлек орнына шалбар киіп жүргенін көргенде өзің қымсынасың. Үйде осылай жүргендері былай тұрсын, тіпті мешітке де шаштарын, білектерін көрсетіп, шалбарланып баратындар аз емес. Алпысты алқымдаған апалардың осындай жаңашылдықтарын көргенде жастарға не айтуға болады? Әрине, олар көргендерін істейді. Жетпістегі қарияның шалбарланып алып, немересін жетектеп келе жатқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші? Біздің ойымызша, бұл сырттан сүйсініп қарайтын және өнеге алатын көрініс емес сияқты. Әрбір адам өзінің жасына, ортасына, жұмыс істейін орнына лайықты киім кие білсе, құба-құп.
Жалпы талғаммен киіне білу жастар мен үлкен адамдарға ғана қатысты мәселе емес. Әсіресе, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің осындай олқылыққа жол бермегендері дұрыс. Айталық, мектепте тәрбие беретін ұстаздар “киінгеннің жөні осы екен” деп қолда барды үстіне іле берсе, не болмақ? Олар осылай ұлағатты ұстаз деген тағылымы мол сөздерге көлеңке түсіреді.
Әрине, “барлығы осындай” екен деп көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дегенді де ұмытпағанымыз дұрыс.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.